Еңбек еткеннің есебі түгел
qarmaqshy-tany.kz Кей адамды бір көргенде жаттап аласыз. Келесі кездескенде ұзақ уақыт таныс адамдай етене жақын әңгіме айта бересіз. Жылы жүзі мен таңдай қағар тілі бір көргенді өзіне тартып әкетеді. Бірде үйге жиһаз алуға дүкендерді араладық. Көп таңдап та жүрмедік. "Эльдорадо" сауда үйінен ойымыздағыны кездестірдік.
Осындайда "кездестірген адамына" да байланысты деп жатамыз ғой. Мұндағы қызметкерлердің бәрі жайлы, шырайлы. Сондай жанның бірі – Мереке Хабидолда. Оның жылы жүзді, жарқын мінезді адам екенін бір көрген адам жақсы түсінеді. Жақсы адам магнит секілді, айналасындағыны өзіне тартып тұратын сиқыры бар емес пе? Осындай жанмен сөйлескен аз ғана уақыттың өзі ішіңді жылытып, ерекше күйге бөлейтіні бар. Осында келген әрбір жан бұл сатушыны жақсы таныса керек. Әлгіде біз сөз еткен қасиет осы жанның бойында тұнып тұр.
Мереке – Өскеменнің тумасы. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол үйінің кенже қызы. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде білім алады.
– Бала күнімнен әдебиетке, өлеңге құштар болдым. Ақын-жазушылардың шығармасын сүйіп оқыдым. Сол арманмен Алматыға оқуға түстім. Ара-тұра өлең шығаратын қасиетім барды. Қазір көп шығара бермеймін. 2004 жылы осы жаққа келін болып түстім. Өзім егіздің сыңарымын. Оның аты – Береке. Тұрмысқа шыққан алғашқы жылдары сыңарымды қатты сағынып, жылап қалатынмын. "Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ екен" дегендей, уақыт өте келе үйреністік. Өте жақсы жерге келін болып түстім. Енем де, жолдасым да керемет жандар. Келіндік өмірдің алғашқы жылдарында түрлі қызықты жайттар өтті ғой. Әдепкіде күннің ыстығына үйрене алмай жүретінмін. Кейін тез сіңісіп кеттім. Тіпті кейбір бейтаныс жандарға No26 мектепте оқығанмын ғой" деп қалжыңдайтыным бар, – дейді кейіпкеріміз.
Ол 2013 жылы No250 мектеп жанынан ашылған балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Кейіннен бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, үй шаруасында отырады. 2018 жылдан бастап "Эльдорадо" сауда үйінде сатушы-кеңесші болып жұмыс істейді.
Мереке Хабидолда – жұмыста сыйлы болса, шаңырақта өнегелі келін, балаларға ардақты ана. Бала тәрбиесінде бірде қатал, бірде жұмсақ. Әрине, бәрі өз орнымен. Ол – көпшіл қасиеті мен қағытпа қалжыңы қай ортаны болмасын қуанышқа бөлеп жүретін болмысы ерекше жан.
Өмірлік серігі Рахымжан аудандық ішкі істер саласында жұмыс істейді. Бүгінде тұңғыштары Ерасыл мектепті бітірсе, Инабаты 8 сыныпта, Нұрасылы 5 сыныпта, Перизаты 2 сыныпта оқиды. Ал кенже қызы Тұмар екі жарым жаста.
– "Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле" деген сөз бар ғой. Бала біздің айтқанымызды емес, көргенін жасайды. Сол себепті барлық жағынан балаларға өзіміз үлгі болуымыз керек. Ата-ана тәрбиелі болса, бала да адамдық қасиет биік болады, – дейді ол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ