» » Келбеті көркем кейіпкер

Келбеті көркем кейіпкер

Кей адамның жүзі өзі туралы біраз сырды аңғартып тұрады. Анам ылғи да «адамды сөзбен алдарсың-ау, бірақ көз жанарың барлығын айтып қояды» деп отырады. Әр жиынға барған сайын әр түрлі адаммен жолығасың, танысасың. Әлгіндей жиынның бірінде Гүлнар апайды көзім шалып қалды. Сондай жылы жүзді, жарқын мінезді адам екенін бір көрген адам жақсы түсінеді. Жақсы адам магнит секілді, айналасындағыны өзіне тартып тұратын сиқыры бар емес пе? Осындай жанмен сөйлескен аз ғана уақыттың өзі ішіңді жылытып, ерекше күйге бөлейтіні бар.
Ол бізді жылы шыраймен қарсы алды. Риясыз шын бейнесі де сондай. Жұмысқа келген қайсыбір адамды болсын солай күліп қарсы алады. Іс бабында бірқалыпты, салмақты, тиянақтылығымен де ерекшеленеді. Жүрекжарды туған мақаламызға арқау болған жан – Гүлнар Бисенқұлова.
Бала күнінен ерке болған бойжеткенді ағайын-туыстары мен нағашылары «Гүл» деп еркелетіп өсіреді. Әке тәрбиесін көріп, оның еркелігіне қанып өскен Гүлнар апайымыз №27 мектепті бітіріп, есепші мамандығы бойынша білім алады. Ол алғашқы еңбек жолын жол бойы РСП-42 мекемесінде қойма меңгеруші қызметінен бастайды. Кейіннен материалды есепші, кадр болып еңбек етеді. 2004 жылдан бері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалында есепші қызметін атқарады.
– Алғашқы жұмыс істеген тұста бас­тауыш комсомол, партия ұйымдарының белсенді мүшесі болғанмын. Баста­уыш комсомол ұйымда жастар мәселесі жиі көтеріліп, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына ықпал жасап отыратынбыз. Ол кездері уақытпен жұмыс істейміз. Одан кейін Жосалы станциясының тасымал құжаттарын өңдеу жөніндегі оператор қызметін атқардым. Станцияға вагонмен келген көмір, жем, құрылыс заттардың құжаттарын алып, компьютерге салып тепловозға қайта жіберетінбіз. Менің алғашқы еңбек жолымнан бері сол бір есеппен жұмыс істеп келе жатырмын (күлді). Сол сәттен бастап уақытпен жүруге қалыптастық, – дейді ол.
Қоғамдық ұйымның жұмысы бір қарағанда жеңіл көрінуі мүмкін. Әйтсе де түрлі іс-шара, келелі кездесулер мен байқаулар ұйымдастырады. Ұйымның жұмысы туралы жақында «Тіл сақшысы» газетінде «Қазалы, Қармақшы аудандарындағы іс тәжірибені басқа аудандарға үлгі етіп тарату керек» деп жазыпты. Бұл ұйым жұмысының жүйелі жұмысын аңғартады емес пе?!
– Өзімді бақытты адам санаймын. Қай мекемеде болмасын көпшілікпен жұмыс істедім. Жаңаберген Сәденов, Әбдірахман Құлдүйсенов ағайлар «жұмыс бітуі керек» деп жауапкершілікке міндеттейтін. Соның әсерінен болар жұмысқа деген жауапкершілікті әу бастан сезініп еңбек етіп келемін, – дейді Г.Мұрсалқызы.­
Оның еңбекке деген адалдығын, шынайы болмысын басшысы Күлжауһар Раева жақсы біледі. «Жақсының жақсылығын айт» дейді дана халқымыз. Кейіпкеріміз туралы сөз еткенде аудан құрметтісі ол туралы бірер сөз айтқанды жөн көріп еді.
– Гүлнарды мақалаға арқау етеміз дегенде шын қуандым. Себебі қай мекемеде болмасын жұмыс барысы қызметкерлердің жүйелі еңбек етуінің арқасында көрінеді. Иә, біздің Гүлнар – қай жұмыста да тәртіпті, бірсөзділікті, уәдеде тұруды ұстанады. Осы қоғамдық ұйымда оның еңбегі көп. Қағаз жазуда «апай мынау дайын» деп айтқызбай істейтіні де бар. Ол тек жұмыста ғана емес, үй ішінде, ағайын-туыс арасында, көрші-көлеммен де аралас-құраластығы өте жақсы. Барлы­ғын ұйымдастырып, кішкентай қуанышын бөлісуге асығады, – дейді ол.
Осыдан-ақ басшы мен қызметкер арасындағы терең байланыстың көрінісін аңғарғандай болдық. Бұл көп үлгі аларлық іс.
Гүлнар апайдың өмірлік серігі Мұратбек ПЧ-60 мекемесінде жол жөндеуші болып еңбек етеді. Бүгінде екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының барлығы жоғары білімді мамандар. Үлкен қызы Әлия Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Ара-тұра өлең шығаратын қасиеті де жоқ емес. Бүгінде жолдасы екеуі 3 бала тәрбиелеп және шағын кәсіпті тізгіндеген жайы бар. Ал кіші қызы Айгерім мұнай газ саласының инженер-технолог маманы. Кенже ұлы Марат спорт саласында білім алған. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында «Мұз айдыны» кешенінде шорт-тректен аға жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Шәкірттерінің алды Нұр-Сұлтан қаласында бой көтеріп жүр. Келіні Жарқынай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет етеді.
Жұмыстағы Гүлнар апайдың қасиетін жоғарыда айта кеттік. Ал оның шаңырақтағы болмысы тіпті бөлек. Бала тәрбиесінде бірде қатал, бірде жұмсақ. Әрине, бәрі өз орнымен. Ол қай ортада болмасын көпшіл, артық сөзге араласпайтын, болмысы ерекше жан. Үйде малы жайғаулы, дастарқаны жаюлы жанның ер мінезділігіне таңданбасқа болмас. Балалары сыртта жүрсе де «анамыздың әзірлеген тағамының дәмі ауыздан кетпейді» деп ылғи айтып жүреді. Ал немерелеріне асыл әже болған Гүлнар Бисенқұлованың ақ жаулықты келбеті қашанда керемет қой шіркін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
20 ақпан 2021 ж. 571 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031