» » Бата ма, тілек пе?

Бата ма, тілек пе?

qarmaqshy-tany.kz Қазір тойға барған сайын, ойланып қайтатын болыппын. Неге дерсіз? Әрбір жақсылықта ас бастарда, сосын ас ішіліп, аяқ босатқанда кезек бата беру рәсіміне келеді. Дәстүрге сай төрден орын алған үлкендер жағы бата береді. Осындайда қол жайып күтіп тұрған көпшілікке бата орнына тілек айтып жатқандарды жиі ұшыратамыз. Көрген сайын көңіл құлазып, еңсе езіледі. Расын айтсақ, ағайынның арқасүйері болып отырған үлкендеріміздің бата мен тілектің ара-жігін ажырата алмайтыны өкінішті.
Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Аузынан «айналайыны» түспейтін ақжаулықтылар мен дуалы ауыз батагөй қарттарымыз да бар. Алайда ағалық жасқа жетсе де, бес қатар бата білмейтін үлкен буынды көзіміз шалып жүргені жасырын емес.
Жалпы бата беру халқымыздың ертеден жалғасып келе жатқан салт-дәстүрінің бірі. Ұлтымыз батаны ерекше қастерлеген. Қазақ халқы өз тұрмыс салтында барлық игілікті ісін тек батамен бастаған. Ардақты пайғамбарымыз да ықылас батаға қатысты өз хадистерінде айтып өткен. Батаға байланысты бабалардан да қаншама ұлағатты сөздер қалды? «Баталы құл арымас», «Көп тілеуі көл», «Батамен ел көгерер» дейді халқымыз. Осы сөздерден-ақ қазақтың ақ батаға деген көзқарасының қандай болғанын байқауға болады.
Негізінде бата беруде айрықша мән-маңыз бен өзіндік жөн-жоралғы бар. Батаның сөздері әуелі бисмилладан басталып, Ұлы Жаратушының мейір шапағаты мен ізгілігі туралы айтылуы тиіс. Сосын жақсы тілек тілеумен өрілу керек. Бата сөздері шешендікпен айтылған, ұтымды, түсінікті, аса мағыналы болуы шарт. Бата беруші ақсақалдар айтатын батасының сөздеріне айырықша мән берген. Бата кімге айтылып тұр, қандай жағдайда беріліп тұр, соған байланысты да мәтіні өзгеріп тұрған.
Қазақта бата алудың мағынасы көп. Бата берудің өзіндік түрлері бар. Атап айтсақ, дастархан батасы, сапар батасы, ұзатылған қызға беретін бата, жас жұбайларға, жас келінге, сонымен қатар бір Тәңірден елге, жұртқа, қауымға жақсылық, тыныштық тілеу батасы, тағы басқасы. Осы орайда дінтанушы, ғалымдар «Қазақтың «бата» ұғымы Құранның беташары «Фатиха» сүресінің рухани құндылығымен тығыз байланысты, өйткені қасиетті кітапта айтылғандай, фатихасыз құлшылық болмайтыны сияқты, қазақта батасыз істің пәтуасы да болмайды» дейді. Яғни, батаның қазақ қоғамындағы рөлі Құран аяттарынан алынып, ұйқасты жыр форматында қазақыланған дұға-тілек түрі екен. Демек бата берудің әдебі – дұға жасау дегенге саяды. Ендеше мұндай құнды дүниемізді жаттан сіңген «тост» немесе «тілек» дейтін дәстүрге жығып бергеніміз жарамас.
Осы ретте көпшілік шатастырып жүрген бата мен тілектің ара-жігін ажыратып берсек. Біріншіден, батаны айтары бар, көргені мол ақсақалдан, ақ жаулықты анадан аламыз. Ал тілекті қуанышыңызға ортақтасып отырған жас та, үлкен де айта береді. Екіншіден, бата тілегенде алақанымызды жайып, Алладан бар жақсыны тілейміз. Ал тілек айтқанда мұндай қол қимылы қажет етілмейді. Үшіншіден, батаның сөзі салмақты, санаға сіңімді, құлаққа құйып аларлықтай болады. Бата көңілге сенім ұялатады, адамды тәубешілдікке, үміттенуге жетелейді. Алланы тануға, пайғамбарды ұлық тұтуға, иман келтіруге бастайды. Ал тілек бата секілді терең ойға жетелейтін ұзақ болмайды. Екі-үш сөйлеммен ғана қысқа қайырылады. Байқағаныңыздай, бата мен тілектің айырмашылығы көп.
Бүгінде халқымыздың батагөйлік дәстүрін жаңғырту мақсатында Наурыз мерекесі кезінде бата беру сайысын өткізіп жатады. Бұл керемет бастама. Себебі атадан балаға жалғасқан осынау ұлы дәстүр өз сабақтастығымен дамуы тиіс. Сондықтан бабалар салтын осылай жаңғырту қазіргідей заманда аса керек рухан серпіліс. Заманға сай батагөй қарттар азайып бара жатқан мына заманда жыл сайын батагөйлер сайысын өткізіп тұрудың маңызы зор. Алайда батаны байқау үшін ғана емес, баталы ата болуы үшін де білгені жөн.  
Жалпы бұл тақырып бізге бұрыннан таныс. Бала күнімізде атамыз көңіліне ұнаған батаны түртіп алып, өзі де ойдан бата құраушы еді. Кейіннен шығарған баталарын жинақтап, шағын кітапша етіп бергенбіз. Сондағы қуанғаны әлі есімізде. Қазір атамыз өмірде болмаса да, оның жазған баталары бар. Әрбірі нақыл мен ақылға тұнып тұрған сөлді сөздер. Атам сол баталарды жинақтап, өзі де шығарып, оны бізге тергізуінің өзінде де үлкен тәрбие бар екен-ау. Санасына сіңіріп, көңілге ұғынсын деген екен. Оны енді түсініп келемін...
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
11 желтоқсан 2023 ж. 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031