» » Бабалар өсиеті – батаның тілі

Бабалар өсиеті – батаның тілі

Халқымызда берік орнаған әдет-ғұрыптардың ішінде бата беру дәстүрі ерекше орын алады. Оның тарихы тым әріден басталады. Қазақ ауыз әдебиетінде бата өз алдына бөлек бір жанр ретінде қарастырылады. Мағыналық тұрғыдан екіге бөлінеді: ақ бата (оң бата, алғыс) және теріс бата (қарғыс).
Бата сөзін естігенде, әрине, есімізге өлең жолдарымен өріліп, ұйқасқа құрылған тілек айту, жақсылыққа үндеу мағынасында сөз оралымдары түседі. Батаның түрлері өте көп. Атап айтар болсақ, дастарқан батасы, балаға берілетін бата, жас шаңыраққа берілетін бата, сапар батасы, арнайы сойылатын малға берілетін бата, келінге берілетін бата, жаңа қонысқа берілетін бата, арнайы бата болып кете береді.
Қазақ халқы дастарқан басында міндетті түрде бата жасайды. Еліміздің кей өңірлерінде асқа қол салмай тұрып бата берілетін болса, енді бір жерлерде ас-ауқат жеп болған соң бата беріледі. Мұндайды ас қайыру деп те атайды. Қалай болғанда да бата беру үлкеннің кішіге, бір рулы елдің игі жақсысының дүйім елге, аузы дуалы, іске мығым, көпке танымал адамның кейінгіге қарата айтқан тілегі, жақсы сөзі, арнауын бата дейміз. Батаның тілі, яғни сөзі де ерекше. Онда тыңдаушының құлағын елең еткізер, көңіліне ой салар есті сөз, келелі ой айтылады. Сондықтан болар, бата беру де екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Бата беру мәртебесі жай ғана жасы үлкен кісіге емес, сонымен бірге елге сыйлы, көп алдында өзіндік орны бар, аузы дуалы, дұға-шарапаты тез қабыл болатын ақсақал, ел жақсыларына бұйырады. Батаны ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде қарастырамыз. Дегенмен авторы белгілі баталар да бар. Оларды ел аузында «Төле бидің батасы», «Тұрымбет жыраудың батасы», тағы басқа деп белгілі бір адамға теліп айту осыдан қалған.
Сонау жаугершілік замандарда бата беру, бата алу дәстүрі айрықша сипатқа ие болған. Қолына жаңадан қару алған жас баладан бастап, қайратымен қол бастаған атақты батырлардың өзі жырау, дана кісілерден, би-шешендерден бата алып барып жорыққа аттанатын болған. Яғни батаның сөзі халықтың батырға айтқан өсиеті, артқан аманаты іспетті. Бата жолдарынан бойына рухани күш-жігер, қажыр-қайрат жинау арқылы елдің өзіне артқан сенімінің салмағын да сезіне түсетін.
Мәселен, Бұхар жыраудың:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске...» деп он тілекке дейін жалғасып кете беретін бата-тілек жолдарын естімеген, оқымаған адам кемде-кем. Осындағы әрбір сөзге мән берер болсақ, батаның басы Алланы танудан, оған мінәжат етуден басталады. Одан кейінгі жолдар адам баласының теріс жолға, азғындыққа түсіп кетпеуін, ел басына қиын күндер орнамауын тілеп, жақсылыққа шақыру, жақсыдан үмітті үзбеу мағынасындағы сөздермен жалғасады.
Атақты, белгілі адамдардың өмір жолдарына зер салсақ, олардың жас кезінде, яғни ел көзіне алғаш іліне бастаған тұста танымал адамнан бата алғандығына көз жеткіземіз. Мысалы, Тұрымбет жыраудың өмірбаянында: «Ол кісі он үш жасында Ырғыз өңірінде атақты Алмат бидің ұрпағы, Самырат пен Төремұраттың алдында жыр жырлап, олардан бата алған» деген жолдар кездеседі. Бұдан батаның адамның ілгерілеуіне, тұлғалық өрлеуіне, жеке-даралық болмысын таныту барысында өзін қамшылауына оң ықпал еткендігін байқаймыз. Бата берудегі негізгі мақсат та осы болса керек.
«Төле би бабамыздың Қойгелді батырға берген батасы былайша өріледі:
«Жүрген жерің жаз болсын,
Айдыныңа қаз қонсын.
Ұйқың-күлкің аз болсын,
Мерейің мақтанып,
Елің-жұртың мәз болсын.
Жая берген жапырақ,
Атсын таңың жарқырап,
Әумин!»
Көріп отырғанымыздай, бата жеке адамға берілгенімен, онда ел-жұртты тілге тиек ете отырып, көпшілікке жақсылық тілеу, ниеттес болу көңілі жатыр. Тыңдап, қол жайып отырған адамның бойына үлкен жүк артылғандай сезіледі. Бұл – бата тіліндегі бабалар өсиетінің өрнектеле берілуінің бір ерекшелігі. Бата тек жақсы сөздер легін ұйқастырып айту емес. Ол сонымен бірге, адамға жауапкершілік жүктеу, сенімнен шығу, сыннан өту сынды талап-тілекті де білдіреді.
Сөзіміз айғақты, салмақты болуы үшін жас келінге берілетін төмендегі батаны келтіріп отырмыз:
«Отша лаула, сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Қосағыңмен қоса ағар,
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұста, ардақта,
Үлкен ата-бабаңның.
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Әумин!»
Енді осы жолдарды қарапайым сөздермен беріп көрелік. Онда ол сөздер тым қарабайыр болып көрінер еді. Үлкен адам келгенде асың дайын тұрсын, үйіңе адам көп келе берсін, салт-дәстүрді сақта, жамандық көрме, осы үйдің отын сөндірме, – десек, шаңыраққа жаңа түскен келінге үйіп-төгіп тапсырма берілгендей естіледі. Ал жоғарыдағы бата жолдары өз ретімен өріліп, жас келіннің басынан сипап отырып, мейірімге толы сөздер арнап отырғандай әсер береді. Айырмашылығы жер мен көктей.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда бата алу, бата беру үрдісі тым сиреп барады. Мектеп табалдырығын аттаған, алғаш атқа жалын тартып мінген баланың қадамына сәттілік сұрап, үлкеннің алдына апарып, бата алуды ұмыта бастағандаймыз. Қазір бата тек көпшілік бас қосқан жиын тойларда, үлкен астан кейін немесе жастар бас қосқанда ғана беріліп, өзінің қолданылу аясын, өрісін тарылтып алғандай көрінеді.
Студент кезімде демалысқа ауылға барып, аунап-қунап, оқуға қайтар сәтімде әжем бата беретін. Көршілердің ішіндегі үлкені, аузы дуалы Раушан әже мен Фарида апама арнайы соғып, баталарын алатынмын. Қазір ойлап отырсам, ата-анам халық даналығымен жүруге бағыттаған екен ғой. Ал, соңғы рет қашан бата бердіңіз немесе бата алдыңыз, құрметті оқырман?

Лаура БАҚТЫБАЙ
18 мамыр 2022 ж. 922 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 295

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 392

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930