» » «Сандық аутизм» сан соқтырмасын

«Сандық аутизм» сан соқтырмасын

АУТИЗМ" ДЕГЕНДЕ ҮРЕЙЛЕНЕ ҚАРАЙТЫНЫМЫЗ АНЫҚ. АЛАЙДА КҮН САЙЫН ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРУДІ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ САНАП, СМАРТФОНСЫЗ БІР САҒАТ ҚАЛУДАН ҚОРҚАМЫЗ. ӘСІРЕСЕ БАЛАЛАР АРАСЫНДА ҚАЛТАФОНҒА ТӘУЕЛДІЛІК КҮН САНАП АРТУДА. СОНЫҢ САЛДАРЫНАН ШЫН ӨМІРМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫС АЗАЙЫП, ҚИЯЛ ӘЛЕМІНІҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛҒАНДАР АСҚЫНЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ.

Фото ашықдереккөзден
Бірде кенже ұлымның тілі шығып келе жатқандағы «тым жақсы» сөйлегенін қызық көріп, бейне көрінісін әлеуметтік желіге жүктеп қойған едім. Шалғайда тұратын нағашы тәтем жасын сұрап, былдырлап сөйлегеніне таңданысын жеткізді. Сол қатарлы ұлының барын, бірақ мүлдем сөйлемейтінін айтты. Бір қызығы, қолынан телефон түспейді екен. Байқадыңыз ба? Сөйлемеуінің негізгі кілті – телефонға телміруінде.
Соңғы уақытта «сандық аутизм» деген сырқат пайда болған. Әлемде бұл дерт жайлы айтылып жүргеніне 10 жылдай уақыт өтті. Бұл дертке шалдыққан балалар сөйлей алмайды, ойын анық жеткізе алмайды. Сондықтан балаңызға телефонды шектен тыс көп беретін болсаңыз, әрі тілінің шығуында кешеуілдік байқасаңыз, бейқамдық танытпаңыз. Неғұрлым ерте қамдансаңыз, соғұрлым пайдалы болмақ.
Дүниежүзі бойынша аутизм белгісіне шалдыққан сәбилердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Аутизм ауытқуы бар балалар елімізде де аз емес. Бірақ бұл бала дамуындағы ерекшеліктер Қазақстанда толық зерттелмегендіктен, көп ата-ана баласынан аутизм белгісі бар екенін білмеуі де мүмкін. Олай дейтініміз, қазір қоғамда 3-4 жасқа келсе де тілі шықпаған балалар көп. Мамандар бұл белгіні «кішкентайынан бүлдіршіндердің смартфонға ұзақ телміруі аутизмге әкелуі мүмкін» деп санайды.
Осыдан 5 жыл бұрын АҚШ Үкіметі бір қызық эксперимент бастаған. Бұл сынаққа елдің әр түкпірінен 9-10 жас шамасындағы 11 мың бала қатысады. Ұлттық денсаулық институтының ғалымдары сынақ арқылы гаджеттің жас ағзаға зиянын анықтағысы келеді. Құны 300 миллион доллар болатын сынақ 10 жылға жоспарланған. Әзірге белгілісі мынау. 4500 баланы тексеру нәтижесінде, 7 сағаттан артық телефонға телмірген жасөспірімнің ми қыртысы жұқарған. Әдетте бұл егде жастағы адамдарда болатын құбылыс. Демек, біз балаға ерте бастан телефон беру арқылы оның миын ерте қартайтып, жұмыс істемейтін деңгейге апарамыз деген сөз. Виртуалды әлемге өтіп кеткен балалардың физиологиялық тұрғыда көруі нашарлайды, дене бітімі дұрыс қалыптаспайды. Бала дайын нәрсені көріп отырады, ойланбайды. Мұндай әрекет болмаған соң оларда логикалық, аналитикалық ойлау секілді дүниенің бәрі дамымайды. Осылайша адамдарды біртебірте «түкбілместікке» алып келеді.
ДӘРІГЕРЛЕР ДАБЫЛ ҚАҒАДЫ
Соңғы жылдары елімізде бүлдіршіндердің «аутизм» дертіне шалдыққанын жиі еститін болдық. Олардың тең жартысы туабітті осы дертке шалдықса, бірінде бұл дерт жүре келе пайда болуда. Оның себебін мамандар балалардың смартфон, гаджетке әуестенуімен түсіндіреді.
Статистика бойынша елімізде аутизм дертіне 150 мыңнан астам бала тіркелген. Ал әлем бойынша сандық аутизмге балалар арасында Жапонияда 55-тен бір, Америка Құрама Штатында 54-тен бір, Оңтүстік Кореяда 38-ден бір, Гонконгта 27-ден бір жағдайға көбейген. Бұл дертке тек балалар ғана емес, ақыл-есі кірген, саналы адамдардың да сандық аутизмге шалдығуы алаңдатарлық мәселеге айналып отыр.
Себебі, қазір жұмыс пен түрлі отырыста, көшеде жүрсеңіз де, айналаңыздан бірінші телефонға «шұқшиған» адамға назарыңыз түседі. Мектеп оқушылары да кішкентай құрылғының жіпсіз тұтқынына айналған. Оның ішінде бесіктен әлі белі шығып үлгермеген сәбилер де бар.
Виртуалды аутизм терминін алғаш рет 2018 жылы румын психологы Мариус Замфир қолданды. Шетелдік маман ата-аналар өз балаларын виртуалды ортада 5 сағаттан артық қалдырса, мұндай жағдайдың басым бөлігінде балаларда психомоторлық дамудың кешігуі, тілінің кеш шығуы, мінез-құлықтың бұзылуы және аутизмге ұқсас белгілердің пайда болатынын мәлімдеді.
Қазір номофобия деген ұғым бар. Бұл – смартфонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Номофоб адам гаджетінің қуаты біте бастағанда немесе бір жерде ұмыт қалдырған кезде мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қатері жақындаған сайын жүрегі қатты соғып, тағатсыз күй кешіп, ашуға бой алдырады. Ғалымдар бұл ахуал туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған.
Сарапшылар кішкентай балалардың смартфондар мен гаджеттерді күн сайын төрт немесе одан да көп сағат пайдаланудың қауіпті екенін ескертеді. Олар цифрлық аутизмді жаңа ғасырдың пандемиясы деп отыр. Балада цифрлық аутизм пайда болып жатса, оның ар жағында отбасылық мәселе де жатыр деген сөз. Сол үшін отбасылық терапия деген дүние бар. Үйдегі атмосфера қандай, бала неге виртуалды әлемге қашады – мұны психологтармен жұмыс істеу арқылы анықтау қажет. Балаға кінә артпас бұрын ата-ана ретінде «балаға не беріп жатырмын, мұның тиімді тұсы қайсы, болашағы не болады?» деп бір ойлап қойған артық болмайды.
Ата-ана көбіне баласы үш жасқа жеткенде барып дабыл қағады. «Тілі кеш шықты, атын атасаң қарамайды» деп шағымданып жатады. Егер бала үш жасқа дейін телефонмен өссе, ол адамның үніне емес, гаджеттердің дыбысына ғана машықтанады екен.
Жақында француз дәрігерлері бір ай бойы гаджеттерден бас тартқан кейбір балалар аутизм белгілерінен айыққанын анықтады. АҚШ-тың Педиатрия академиясы екі жасқа толмаған балаларды гаджеттерге тіпті жолатпауға, ал үлкендерге екі сағатпен шектеуге нұсқау берді. Ресейлік психотерапевтер де виртуалды кеңістікте өмір сүретін балаларда «цифрлы аутизм» пайда болатынын анықтаған. Мұндай адамдар кәдімгі қарым-қатынастан біртіндеп қаша бастайды. Дертті асқындырмау үшін ата-аналардың өздері телефондарын тастап, балаларымен әңгімелесіп, ойнауы керек екен. Бір сөзбен айтқанда, балаға бір сәт көңіл бөлгеніңіз абзал.
БАҒЫНБАЙТЫН БАЛАҚАЙ
Бүгінгінің баласы үңіліп отырған гаджетін алып қойсаңыз, қолыңда өле жаздайды. Тіпті жылап жатқан сәбиге смартфонды ұстатсаң, сол сәтте бақырғанын сап тыйып, виртуалды әлемге енуге әрекет жасайтынына таңғалмайтын болдық. Бұл қалыпты жағдайға айналғандай.
Әдетте сәбилер тыныш отырмаса, ата-аналар мазасын алмау үшін қолына планшет ұстатып, тамақ береді. Цифрлы аутизмнің алғашқы кезеңі де осы кезде басталады. Бұл өте қауіпті. Өйткені тамақ ішіп отырған баланың жұтқыншағы ішкі ағзалармен байланысты. Телефон қарап отырып тамақ ішкен баланың жеген тамақтарын ми қабылдамайды. Әдетте адамның миы не жеп отырғанын, қалай жеу керегін бақылап, ағзаларға сигнал беріп отырады. Ал бұл жағдайда мидың ақпаратты қабылдау функциясы бұзылады. Ми тек планшетке қарап отыруды қабылдайды. Кейін бала планшетсіз тамақ жей алмай қалады. Цифрлы аутизммен ауыратын балалар смартфонға қарамаса тамақ жей алмайтын деңгейге жетеді. Бала тамақ ішетін кезде планшетті іздесе, теледидар көріп отырып тамақ ішкісі келсе, ұйықтар алдында телефонды жиі пайдаланса, сырттағы адамдардың эмоцияларын түсінбесе, бұл – сандық аутизмнің белгілері. Бала планшет арқылы ғана әлемді қабылдайды.
Расында да көбіміз «сызды жерді» басып жүр екенбіз. Шамадан тыс ақпараттық жүйемен жұмыс істейміз. Екі қолымыз пернетақтада, ойымыз сансақта, бір көзіміз смартфонда болса, бір көзіміз компьютер экранында. Бір ақпараттан екіншісіне жылдам ойысып, арасында әлеуметтік желіні бір шарлап, қаптаған қоңырау мен хабарламаға жауап бересіз. Ол аздай миға салмақ салып теледидардан сериал көресіз. Содан ми шаршамағанда не істейді? Әбден сілкілеп жастыққа бас қойғанда күндіз не істеп, кімге не айтқанымызды, тіпті чаттарға не жібергенімізді ұмытып отырамыз. Жасы ұлғайған қариялардың ұмытшақ болып, ақыл-есінің кінәраты болса «шаршапты, алжыды» деп жатамыз. Тіпті ең қымбат, сапасы мықты деген компьютердің өзі бірнеше бағдарламаны бір мезетте қатар қосқанда, жүрісінен жаңылып, тұралап қалады ғой. Миымыз да күн сайын ақпарат ағынының астында қалып, оны қорытуға үлгермей жатады. Ал телефонға телмірген бала ше? Естімейді, сөйлемейді деп шағым айтамыз. Бірақ өзіміздің істеп жүрген ісіміз анау. «Алма ағашынан алысқа түспейдінің» кері. Солай бола тұра кімге өкпелейміз?
СМАРТФОННАН ДЕМАЛУ ДА - ӨНЕР
Ми адамның дене салмағының бар-жоғы 2 пайызын ғана құрайды. Бірақ барлық энергияның 20 пайызын жұмсайды. Балаларда бұл көрсеткіш 40 пайызға тең. Ал ас қорытуға небәрі 8-15 пайыз ғана энергия керек. Сонда күн сайын біздің миымыз кемі 500 калория жұмсайды. Біз көбіне жұмыс барысында назарымызды көбірек телефонға бөлеміз. Кейде жұмыстан демалу үшін бір сәт телефон қараймыз. Бірақ ғалымдардың айтуынша, смартфонға қарағаннан адам демалмайды. Керісінше, ми смартфонға қараған сайын энергияны көбірек алады. Біздің тез шаршап қалатынымыздың себебі де осы. Салдарына мидың 80 пайыз жұмысы телефондағы пайдасыз ақпаратқа жұмсалады. Соңғы жылдары «сандық детоксикация» деген ұғым пайда болды. Яғни, адамдар цифрлық технологиядан саналы түрде белгілі бір уақытқа бас тартады. Ағзадағы зиянды, улы қалдықтан құтылу үшін «детоксикация» жасалынатын болса, ми, ақыл-есті қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де осы әдіске жүгінеді. Смартфоннан тәулік бойы бас алмайтын, телефоннан бір сәтке көз жазса мазасызданатын адамдар осы тәсіл арқылы шынайы өмірге орала алады. Қазір тіпті адамдардың «цифрлы тәуелділігіне» қарсы күресетін арнайы курстар да пайда болған. Бір қызығы, олардың құны 250 мың теңгеден басталады.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Ауданда аутизммен ауыратын балалар баршылық. Бірақ сандық аутизммен ауыратындар жайлы нақты мәлімет жоқ. Аутист балаларды кейде қоғам қабылдай ал май жатады. Олардың түсініксіз әрекетін еркелікке балап «бетімен кеткен» тәрбиенің нәтижесі деп ойлайды. Десе де барлығы атаананың ерік-жігеріне байланысты екенін де ұмытпаған жөн. Бір таныс қызды білемін. Тұңғышына осы диагноз қойылды. Бірақ баласын апармаған жері жоқ. Өзі оқыды, ізденді, баламен жұмыс істеді. Жақында Астана қаласына барып келгенде дәрігерлер «балаңда өзгеріс бар» деген жақсы жаңалығымен бөлісті. Сырт қарағанда сапсау көрінгенмен сананы сәби қалпынан өзгертпей дамуын тежейтін аутист балаларды түзетуде атаанаға жүктелетін жауапкершілік зор. Сол себепті әуелі баланың анасы жігерлі болғаны жөн. Сонда ғана сырқатқа қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасады.
– Қазіргі заманның балаларын альфа ұрпақ деп жатырмыз. Жас аналар баласын айлық кезінен бастап телефонға, мультфильмге үйретіп жатады. Бір жағынан, қол байлау болмасын дейтін шығар. Дей тұра мәселе телефонды балаға неше жастан бастап бергенімізде емес. Оның салдарында, тәуелділікке алып келуінде. Бұл тек балада ғана емес, ересектерде де байқалады. Бір дүниені сұрай қалсаңыз, «әкелші гуглдан қарап көрейін» деп қалтасын қармай бастайды. Өзімен бірге «емізік» іздеген балаға ұқсап, бір жерден екінші жерге барса қолынан тастамай, тіпті тамақтанатын кезде де телефонға үңіліп отырады. Ұмытып қалдырып кетсеңіз, қолыңызға жеткенше дегбіріңіз қашып мазасызданатын күйге жеткенбіз. Ұзақ уақыт телефонда отырып керексіз ақпаратты миға жинап оны «қоқысқа» айналдырып жібереміз. Бүгінде психикалық саулығымызды ойлап, оны нығайтудың орнына шаршатып жіберген жайымыз бар. Цифрлы аутизмнің тағы бір зиянды тұсы бала күнінен телефонға үйір болған адамның келешекте ойынқұмарлыққа (лудоманияға) алып келуі. Мұның астарында бақылаусыз қалған бала мен жауапкершіліктен жалтарған ата-ана тұр. Әр нәрсенің шегі болады. Артығымен қолдансаң, кері әсерін береді. Сол себепті бұл сырқаттың зиянды тұсын кеңірек ақпараттандырып, алдын алу жайын жиі көтеріп отыру керек секілді. Әр адам саналы түрде салауатты өмір салтын ұстанып, дамудың даңғыл жолына түссе дейсіз. Өзінің ерік-жігерін қолға ала алмай жүрген жастар да бар. Жалпы цифрландыру адамның психикалық денсаулығына әсер етеді. Оны бойдағы ашушаңдық, шаршаңқылық, көңілшектік, артық салмақ, бойкүйездік, жалқаулық, салғырттықтан байқауға болады, – дейді психолог Әмина Кетебаева.

Мамандардың пікірін естідік. Ал енді ата-аналар не айтады екен? Соны көрелік.
Үш баланың анасымын. Үлкенім мектеп оқыса, ортаншым балабақшаға барады. Ал кенже қызым үйде. Балаларға көбіне-көп телефон ұстатпаймын. Демалыс күндері аз уақыт көруге рұқсат беремін. Телефоннан мүлдем шектеп тастауға да болмайды деп ойлаймын. Себебі шектен тыс шектеу де балаға кері әсерін береді. Мысалы, балаға «болмайды» деп айтқан сайын, сол әрекетті жасап көргісі келеді. Сіз үйде телефон бермегеніңізбен, ол сыртқа шығып басқа баланың телефонын алып көреді, қарайды. 2 жастағы қызымның сөйлеуі жақсы. Бәлкім алдында екі бауыры болғандығының әсері шығар. Бірақ қызығушылық танытып, ол жастағы балалардың сөздік қорының қанша болатынын зерттеп қарап едік. Кемі 70 сөз білуі қажет депті. Содан қызымның күнделікті айтатын сөзі мен жалпы білетін сөздерінің тізімін жасай бастадым. 60-тан аса сөз біледі екен. Телефонға тәуелділік жоқ. Оның үстінде үйде балаға тұрақты түрде көңіл бөліп, жиі сөйлесіп отырамыз, – дейді кент тұрғыны Айнұр Бегайдарова.
Ал Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейдің дефектолог маманы Жансая Өтегенова цифрлы технологиялардың ақпаратқа қолжетімділіктің болғаны жақсы көрінгенмен, цифрлық заманның кереғар тұстары көптігін айтады.
Цифрлық аутизм мектеп жасындағы балалар арасында көбейіп бара жатыр. Тик-ток, Инстаграм желісі арқылы қысқа бейнелер мен суреттерді көру арқылы шын өмірден алыстап, виртуалды өмірге аңсары ауып тұрады. Сол себепті ата-аналар баланың телефон көру уақытын азайту керек. Кем дегенде күніне 1 сағат қана телефон ұстату жеткілікті. Баланың дұрыс тамақтануына көңіл бөлген дұрыс. Иммунитетін көтеріп, спортқа, биге немесе өзінің таңдауымен қызығушылықтарына баулу керек деп есептеймін. Аутизмнен балаңызды қорғағыңыз келсе, оған теледидар, смартфондарды беруді азайтыңыз. Және саламатты өмір салтын ұстауды үйреткен абзал, – дейді ол.
СЫРҚАТТЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Қазір қоғамда балаларда сандық аутизм басым. Көзін ашқан шақалақтан, есін жиған ересекке дейін таңның атысы, күннің батысы телефонға телмірген заман. Сондай-ақ балалар қазір кеш ұйықтайды, түскі ұйқысы жоқ. Бұл балаларда гормондардың бұзылуы мен жүйке жүйесінің жаңа жасушаларының пайда болуына мүмкіндік бермейді. Тамақтану режимі де дұрыс емес, ал ішек адамның екінші миы екеніне көп ата-ана мән бермейді. Соның салдарынан да балалар жылауық, ашушаң, мазасыз болуы мүмкін.
Ауытқудың басы – компьютер, гаджеттерде 4 сағаттан артық тапжылмай отырудан басталады. Мәселен, румыниялық психолог Мариус Замфир әбден зерттей келе осындай қорытындыға келген. Ғалымның француз әріптестері бір ай бойы гаджеттерден бас тартқан кейбір балалар аутизм белгілерінен айыққанын анықтаған.
Қазіргі таңда отандық психиатрлар «Баланың жанын ауыртпай, телефоннан қалай ажыратуға болады?» деген әдістемелік құрал әзірлеп отыр. Бұған Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы мен Қазақстан-Ресей медициналық университетінің білікті психиатрлары, психологтері жаңа әдістемелік құрал әзірлеуге кіріскен. Өйткені цифрлық технология дамыған сайын компьютерлік ойындарға үйір балалар көбейіп қана қоймай, олардың көпшілігінің қоршаған ортамен қарым-қатынасы азайып, қимылқозғалысы шектеліп, ойлау қабілетінің дамуы тежеле бастағаны байқалып отыр.
Не десек те, алдымен ата-ана бала үшін виртуалды әлемнің шеңгелінен суырып алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасау қажет. Баламен көп сөйлесіп, сүйікті ісімен айналысып, бірге серуен құруға ықпал етуі тиіс. Мұның бәрі де – баланың қолындағы телефоннан құтылудың ең қарапайым қарекеті.
Ата-аналардың басым көпшілігі уақыттың тығыздығынан телефон беруге мәжбүрміз деп ақталады. Бірақ бұл қоғамда қалыптасқан таптаурын түсінік. Мүмкін бұл мәселенің бір шешімі – темірдей тәртіп шығар?! Мысалы, Қытай мектептері 1 сыныптан мектеп бітіргенге дейін балаға телефон ұстатпайды. Ұстаздары жинап алады. Ата-ана да мейлінше баланың бос уақыты қалмауын қадағалауға тырысады.
Баланың энергиясын дұрыс бағытқа жұмсауды үйрену керек дейді психологтар. Мамандардың пікірінше, момын баланы футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық үйірмелерге берген дұрыс десе, гипербелсенді бүлдіршіндерді миды тынықтыратын шахмат, суда жүзуге қатыстыруға болады. Сонымен қатар ата-ананың баламен өткізген уақытының көлемінен бұрын, сапасы маңызды. Әрі кез келген жастағы адамға ең керегі тек махаббат пен мейірім екенін бәрі біледі. Бірақ білмегендей кейіп танытады. Бір кем дүние...
Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 қараша 2023 ж. 268 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 952

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930