» » Бет-бейнесіз ұлтқа айналмасақ игі

Бет-бейнесіз ұлтқа айналмасақ игі

qarmaqshy-tany.kz ХАЛЫҚТЫ ХАЛЫҚТАН, ЖҰРТТЫ ЖҰРТТАН НЕ АЙШЫҚТАЙДЫ? ӘРИНЕ ТІЛІ, ДІЛІ, МӘДЕНИЕТІ. ТІЛ МЕН ДІЛДІҢ ЖАЙЫН АЙТПАСАҚ ТА ТҮСІНІКТІ. СӨЙЛЕУ МӘНЕРІНЕН ҚАЙ ҰЛТҚА ЖАТАРЫН БІЛЕМІЗ. АЛ МӘДЕНИЕТІНЕН ҚАЛАЙ АЙШЫҚТАЛМАҚ?

Мәселен, өзбектің ала шапаны бар. Қарақалпақтың жүнді бас киімінен аңғарамыз. Қырғызды айырқалпағынан, жапондарды ки- моносынан танимыз. Ал біздің ше? Кеуде соғып, ұлттық киімімізді саралай жөнелгенмен, атауы «ұлттық киім» төңірегінде ғана қалып барады. Күнделікті тұрмыста қолданбаймыз.
Бізді құр мақтануға жіберсе болды. «Біз қазақ өйткенбіз, бүйткенбіз» деп асыра кеуде соғып сөйлейміз. Бірақ қайсымыздың төрімізде баба киген шапан ілулі? Кім басына бөрік, тақия, тымақ киіп жүр? Ер жігіттің сенімді серігіне айналған қамшы бар ма? Жоқ. Бұл көріністі тұрмыстан енді көре алмаймыз. Есесіне қазір шапанымыз мерейтойдың кәдесыйын, сәукеле қыз ұзатудың ғана сәнін келтіріп жүр. Қалған уақытта сандықтың ішінде. Тіпті сандықтың өзі екінің-бірінің қолданысында емес. Себебі, сандық, бесік қазіргілердің ой санасымен айтқанда ескішілік қатарында кетті.
Жалпы біз қазақпыз. Қанша жаһанданып кетсек те, кешегі бабалардың ұрпағымыз. Ұлан-ғайыр далада атой салған өркениетті ұлттың жалғасымыз. Біздің мақсат – бізге дейін жеткенді келер дәуірге үйлестіру. Адам дегенің бар-жоғы өткізгіш. Азамат болып толысқанша қабылдайды, ұрпағы дүниеге келген соң қабылдағанын соларға өткізеді. Бұл тәмсіл әуелі Құдайдан, одан кейінгісі табиғат заңдылығынан. Ұрпағымызды бет-бейнесіз ұлт өкілі қылмауымыз аса қажет.
БАС ҚАДІРІ БАСКИІМНЕН БАСТАЛАДЫ
2016 жылы қоңсы қонған Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ақ қалпағын ұлықтайтын заң бекітті. 2019 жылдың 5 нау- рызынан бастап «Ақ қалпақ» күнін атап өтеді. 2011 жылдан бейресми тойланып келген мереке заңдық тұғырына орнықты. Енді «Ұлттық баскиім – Ақ қалпақ мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заңға сәйкес бас киімді қорлағандар заңбұзушылық туралы кодексінің 65-бабына сәйкес І дәрежелі айыппұл салынады. Баскиімге құрмет дегеніміз осы. Ал бізде ше? «Бағым кетеді» деп бас киімді өзгеге бермейтін қазекемнің төл киімі саудада да, саунада да жүр. Бөрік пен тымақ базарда қаптап тұр. Тақия кәдесый ретінде берілуде және ол қытайдың ең арзан тауары десек те болады. Бірер жыл бұрын ру аты бар баскиімдер моншаға баратындардың айын оңынан тудырып еді. Оны да көз көрді. Кейін сәукеле киіп, жалаңаш денесін көрсеткен Шырын Нарчаева деген желі қолданушы бір күңіренткен. Ұлттық киімді қорлады деп шуылдадық та қойдық сонда.
Қырғыздардың сырт елге шыққан спортшылары, әнші-күйшілері, өнер майталмандары ақ қалпағын киіп жүреді. Бұл да заңға сәйкес. Елін-жерін таныстыру мақсатында. Махамбеттің басын алғанда күңіренген қазақ, саудада, саунада жүрген баскиімге алаңдау жоқ. Халықаралық деңгейде бәсі жоғары олимпиадалардың талайына кепка киіп шықтық. Қазақ-қырғыз бір туғанды жиі айтатын жұртпыз, ұлттық киімді ұлықтауды бір туғаннан үйренетін күн әлдеқашан жетті ғой.
«Аяз би» ертегісін білетін боларсыз. Әлгі құстың, адамның, шөптің жаманын іздейтін хикая. Сол ертегіде адамның жаманы хан болып, таққа отырғаннан кейін төріне ескі шапанын ілдіріп қойыпты. Мұндағы мақсаты – өткенін ұмытпау, кешегісін жадына түсіріп отыру. Ал бізде ол да жоқ. Ілулі шапан түгіл, баба жұрт қолданған бір бұйым жоқ. Төрімізде картина тұрғанды құп көреміз. Өркениеттің озық үлгісі ғой. Оның көкесін Еуропа мен Азияға көрсеткен баба жұрттың дәстүрін ұлықтау біздің міндет екенін естен шығармау да абзал.
ОЮЛАР ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ АЙШЫҚТАЛСА
Бірде Абылай ханға бір байшыкеш алтынмен көмкерілген шапан тарту етіпті. Үш жүздің басын қосқан хан шапанға қарап отырып, уәзірлеріне тарту еткен кісіге қайтарып беруді тапсырыпты. Хан тапсырмасы бұлжытпай орындалған соң уәзірлер таңданысын жасырмай, мәнін сұрапты. Абылай зерлі шапандағы оюлар иесіне өлім тілеп тұрғанын айтса керек. Қазіргі қоғамда оюды оқымақ түгілі, оның мәніне үңілер адам жоқ. Ал шапан дегеніңіз зейнетке шыққан кісіге жабылатын тарту ғана болып барады.
Есесіне қазіргі шапандар әбден оюмен көмкерілген. Ондағы оюдың сырын аңғарып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, шапанға салынатын өрнек шалбарға не етікке бедерленбейді. Ал белден төменгі киімдерге орналастырылатын оюларды кеуде және бас киімге салмайды. Жалпы, ою дегеніңіз бабадан балаға мұра болып келе жатқан таңба ғой. Қазақ өзі рулық-тайпалық құрылымнан тұрады. Әр рудың өз таңбасы бар. Әр таңба өзінше үн қатып тұр. Демек, кез келген оюды қалаған жерге жапсыра беру ұлттық мәдениетімізді асқақтатады деу қате түйсік. Есесіне, оның мәнін түсініп, мағынасына қарап орналастыру қажет-ақ.
Бабаларымыз өз кеңістігін ХХІ ғасырға жеткізді. Яғни, бізге. Ендігі енші бізде. Қайтпек керек? Мақұл, мына дәуір жаһанданудың, жаңаша лептің кезеңі дейік. Шапан мен қамзолды ескіліктің белгісіне балайық. Бірақ, уақыт талабына сай киімдерге қазақтың белгісін, қазақтың оюын бедерлесек, ұлттық мәдениетіміздің уақыт талабымен орайласқанын байқатпай ма? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның әкесі» деген еді. Біз де бала заманның еншісіне баба заманның дәстүрін осылай жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ұрпағымыз ұлттық кеңістігіміздің бір бөлігін мұражайдан ғана тамашаламас еді.
Ерсін ӘЛІБАЙ
19 қараша 2023 ж. 257 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 298

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 396

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930