» » » ШЕБЕРЛІК ПЕН ШАБЫТ ТОҒЫСҚАН КЕШ

ШЕБЕРЛІК ПЕН ШАБЫТ ТОҒЫСҚАН КЕШ

Өнер – адам жанының айнасы, рухани әлемін байытатын мәңгілік құндылық. Ал өнер мектебі – сол құндылыққа бастайтын қасиетті ұя, таланттың алғашқы қадамы жасалатын алтын орда.
Мұнда баланың бойындағы қабілет шыңдалып, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді асыл қасиеттер қалыптасады. Өнер мектебі тек музыка мен сахна мәдениетін ғана үйретіп қоймай, өмірге деген көзқарасты, сұлулықты сезіне білуді, ұлттық құндылықты қадірлеуге тәрбиелейді.
Сәрсенбі күні Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы Өнер мектебінде «Шабыт пен шеберлік» атты әсерлі концерттік кеш өтті. Өнер мен естелікті, шәкірт пен ұстазды тоғыстырған бұл кештің басты ерекшелігі – аталған білім ордасын әр жылдары тәмамдаған түлектердің қара шаңыраққа қайта оралып, өз өнерлерін ұсынуы болды.
Кешке ауданның білім саласының қызметкерлері, мектеп ұжымы, ата-аналар мен өнерсүйер көрермендер қатысты. Салтанатты жиынның ашылуында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы сөз сөйлеп, түлектердің жетістіктері ұстаздар еңбегінің айқын жемісі екенін атап өтті.
– Ауданда өнер мектебінің өзіндік орны бар. Қазірде бұл мектепте 6 бағыт бойынша 400-ден аса шәкірт білім алуда. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде филиалдар жұмыс істеп жатыр. Бүгін «Шабыт пен шеберлік» атты мәні зор концерттік кеш өткелі отыр. Бұл – өнерге деген адалдықтың, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Өнер мектебі – әр баланың бойындағы қабілетті ашып, оны үлкен өмірге дайындайтын қасиетті орда. Осындай білім ұясынан түлеп ұшқан түлектердің бүгін туған сахнасына қайта келіп, кәсіби деңгейдегі өнерлерін көрсетуі – зор мақтаныш. Бұл жетістік, ең алдымен, табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің және білікті ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің нәтижесі, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Концерттік кеш барысында күй құдіретін терең сезіндірген Шыңғыс Алтайұлы Құрманғазының өр мінезді «Терісқақпай» күйін орындап, көрерменді ұлттық рухпен сусындатты. Ал фортепианоның нәзік те күрделі әлемін Оспан Альтаев Фредрик Шопеннің «Фантазия» шығармасы арқылы паш етіп, тыңдарманды сырлы әуенге жетеледі. Қобыздың қоңыр үнімен Нұрсая Маханбетова Фридрих Зейцтің «Концерт соль мажор» шығармасының бірінші бөлімін орындап, классикалық музыканың тереңдігін көрсетті. Айша Мейрамбекқызы Әлқуат Қазақбаевтың «Аңыз қыз» туындысын шеберлікпен жеткізіп, образды ой мен нәзік сезімді ұштастыра білді. Фортепианода Нұрғиса Маханбетов Қали Раушанның «Әлия» шығармасын орындап, патриоттық рух пен лирикалық әуенді үйлестірсе, Жасмина Мейірханова Феликс Мендельсонның «Песня без слов» туындысы арқылы ішкі сезім мен әуезді үннің көркем үндестігін көрсетті. Ұлттық музыкаға терең бойлатқан Нұрсая Қанибекова Қорқыттың мәңгілік күйі «Қоңырды» орындап, көрерменге ойлы тыныштық сыйлады. Бақдәулет Сәбитұлы Кенжебек Күмісбековтің «Вальсін» әсерлі жеткізіп, шығарманың сырлы сазын ашты.
Кештің көркін Саламат Қайруллаев орындаған Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйі аша түссе, Медет Қалдыбеков Виктор Косенконың «Скерцино» шығармасымен орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Ал Ләйлә Есханова Тұманбай Молдағалиевтің «Қаздар қайтқанда» әнін орындап, кешке лирикалық, сағынышқа толы әсем реңк қосты.
Бүгінде өнер мектебінен түлеп ұшқан түлектер білімін одан әрі шыңдап Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында грант негізінде білім алуда.
Кеш соңында түлектердің өнерге баулыған ұстаздарына өздерінің жүрекжарды тілектері мен ризашылығы білдірілді. Өз кезегінде мектеп директоры Дәулет Байғараев түлектерге ақ жол тілеп, өнер мектебінің есігі олар үшін әрдайым ашық екенін атап өтті. Сондай-ақ шығармашылық кешке қатысқан барша түлектерге Алғыс хат табысталып, ұстаздармен естелік суретке түсіп тарқасты.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ


19 қаңтар 2026 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 260
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 141

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031