Аты дардай, қадірі қандай марапат
Мен тарихшы да, мәдени қызметкер де емеспін. Жасым 80-нен асқан еңбек ардагерімін. Мені көптен бері ойландырып жүрген бір жайды ортаға салғым келіп, қолға қалам алдым. Қазір көпшілікке, оның ішінде көбіне үлкен кісілердің туған күндерінде, тойларда, құдалықтарда, отау құрған жастарға бата бергенде иығына шапан жауып жатады. Ол дұрыс дәстүр де шығар, дегенмен сол шапанды қадірлеп, осы уақытқа дейін киіп жүрген бірде-бір адамды көрген емеспін.
Ертеректе ұзын шапандарды киіп жүру дұрыс болған шығар. Өйткені біздің ата-бабаларымыз қысы-жазы ат үстінде көп жүрген. Суықта тоңбас үшін түлкінің, қасқырдың терісінен астарланған ішек тон, ұзын шапан, бастарына түлкі тымақ, аяқтарына былғары ұйық етік (ішкі жағынан тізеге дейін жауып тұратын киізден тігілген астары болатын) киген. Осы киімдерді менің әкем де киюші еді. Адамның жасында көргендері өмір бойы жадынан ұмытылмайды екен. Сондықтан ол киімдер сол кездердің уақытына қарай лайықты болған шығар.
Ал қазір ше? Мен де біраз тойларда, туған күндерде болып, бата бергенде көп шапан жинадым. Арқамызға құрметтеп жапқан соң ішіміз қаламаса да қабылдап жатамыз. Әсіресе ұлттық киімдер алғаш наурыз мерекесін тойлаған сексенінші жылдардың аяғында жаппай дәстүрге енді. Әр мекеме, мектептерде ұлттық киім киіліп, басқа да салт-дәстүрлерден көрініс қойылсын деген тапсырмалар берілетін. Ол дәстүр және тек сол күндері ғана жасалып, киілетін еді. Халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтау, насихаттау керек. Ол жағын құптаймын әрине, тек шапанның қадірі кеткені ойландырады.
Мен көп жерде болып, біраз нәрсені көрдім. Оңтүстік облыстың бір ауылында үлкен кісінің жаназасында туысқаны марқұмның шапандарын жиналған жұртқа таратып жатты. Біраз адамның сол шапанды алғысы келмей жатқанын байқадым. Тағы бір үйде марқұм болған кісінің қырқына Құран оқыған молдаға үй иесі пакетке салып шапан берген еді. Әлгі молда кетерінде сырттағыларға «шапанның орнына 2 мың теңгесі дұрыс еді ғой» деп ренішін білдіріпті. Осыдан-ақ шапанның біздің теңгеміз сияқты құнсызданып бара жатқаны ма дейсің? Ал сол шапанмен бірге бас киім (қалпағы) жайлы ғаламторда көргенім бар. 1812 жылы француздар Мәскеуге шабуыл жасағаннан жеңіліп бара жатқан орыстың Александр І патшасы қазақтарға көмектесіңдер деп өтініш білдірген екен. Қазақтың бірнеше мың қалың қолы француздарды Парижге дейін қуыпты. Біздің әскерлер сондағы Наполеон әскерлерінің басындағы айыр қалпақты көріп таңқалса керек. Сөйтіп сол қалпақтарды тіктіріп алған көрінеді. Бұл әрине, тұспал сөз. Бәлкім ертеректе қазақтың қалпағы сондай болған шығар. Француздар бізден көріп киген болар, кім біліпті. Ол жағын тарихшылар қаузай жатар.
Енді менің негізгі ойым былай болса деймін. Осы кездері әншілердің көбісі сахнаға қазақы нақышта оюланған, әдемі, көз тартатын костюмдермен шығып жүр. Қандай жарасымды. Сол ұзын шапандарды осы қазақы нақыштағы тігілген костюмдермен ауыстырса, көпшілік жерде, тіпті көшеде де киіп жүрсек деген ойым бар. Тек сауда орындарында өзімізден шыққан қазақы оюланған костюмдер, қамзолдар қолжетімді бағамен сатылса екен. Өзбек халқы қай ел, жерде жүрсе де бастарынан ала тақиясын тастамай киіп жүреді. Менің құрдасым бір өзбекке «егер сендер осы ала тақияларыңды кимесеңдер адасып кетесіңдер ме» деп әзілдеп еді. Сонда ол «бұл тақия біздің өзбек екенімізді білдіреді» деп жауап берді.
Содан кейін неге біз де сол сияқты қазақы оюланған киімдерді киіп, қазақ екенімізді білдірмеске деген ой келеді. Қазір кейбір қыз-келіншектер мен әйел-аналар киіп жүрген қамзолдар қандай жарасымды көрінеді. Соны тек мерекеде емес, күнделікті киюді әдетке айналдырсақ, ұлттың болмысы осымен ерекшелене түсер еді.
Менің бұл ойымды оқырман қалай қабылдар екен?
Роман САХИҰЛЫ,
қарт ұстаз, еңбек ардагері
қарт ұстаз, еңбек ардагері