Мысыр билеушісі
qarmaqshy-tany.kz БЕЙБАРЫС ЖАМАҚҰЛЫ – ТҮРКІ ӘУЛЕТІ БАХРИДЕН ШЫҚҚАН МӘМЛҮКТЕРДІҢ ЕГИПЕТТІ БИЛЕГЕН ТӨРТІНШІ СҰЛТАНЫ. ОНЫ ТАРИХИ ШЫҒАРМАЛАРДА БЕЙБАРЫС, БИБАРЫС ДЕП ТЕ АТАЙДЫ. ОНЫҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ – ҚЫПШАҚ. БІРАҚ ҚАЙ ЖЕРДІҢ ҚЫПШАҒЫ ДЕГЕНГЕ КЕЛГЕНДЕ ӘРТҮРЛІ ДЕРЕКТЕР АЙТЫЛЫП, БІРІ – ХОРЕЗМ, ДЕРБЕНТ ҚЫПШАҚТАРЫНАН ДЕСЕ, ЕКІНШІЛЕРІ – МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ЕДІ ДЕГЕНДІ АЙТАДЫ. СОҢҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР БҰЛ ДҮДӘМАЛДЫҚТЫҢ ТҮЙІНІН ШЕШІП, БЕЙБАРЫСТЫҢ ҚЫПШАҚ ТАЙПАСЫНЫҢ БЕРІШ РУЫНАН ШЫҚҚАН АТАҚТЫ ӘУЛЕТТІҢ ТҰҚЫМЫ ЕКЕНІН АНЫҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ.
Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген. Алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмаш арқылы түсініскен. Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.
Өкінішке орай, осы күндерге дейін қазақ тілінде Бейбарыс сұлтан немесе мәмлүктер тақырыбына арналған бірде-бір шығарма жоқ болып келді.
Жалпы алғанда, мәмлүк дәуіріне қатысты архивтік мәліметтер бар екенін айта кету керек. Сирек қолжазбалар Таяу Шығыс елдерінің Каир, Стамбул, Дамаск, Бағдат, Алеппо және тағы басқа қалаларында ғана емес, Еуропа елдерінің кітапханаларында да сақтаулы тұр. Каирде орналасқан Мысыр кітап үйінің өзінің ғана 70 мыңдай қолжазба, сирек темір шақалар бар. Оның басым көпшілігі мәмлүк дәуіріне қатысты материалдар болып табылады. Қолжазба орталығы ескі манускриптер микрофильмдерге түсіріп, ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады.
Тарихшылар Бейбарыс сот арқылы шешілген екі іс бойынша Ибн Шаададтың куәлігіне сүйенді деп көрсетеді. Соған қарағанда шыншылдығымен аты шыққан адам болса керек. Тарихшы әл-Юнини ол туралы: «Сұлтандар алдында орны ерекше еді. Абыройлы, көп істерге ықпал жасай алатын. Қол астындағы адамы көп, алдына қойған мақсаттарын тез жүзеге асыратын. Бейбарыс қайтыс болған соң оның баласы Беркеханның да сеніміне кіре алды. Ол оны өзінің кеңесшісі және уәкілі етіп тағайындайды. Беркехан онымен әкесі Бейбарысты жерлейтін жерді таңдауда ақылдасып, сол істі атқаруды оған жүктейді» деп көрсетеді. Артына алты еңбек қалдырған, оның ішіндегі біз үшін құнды шығармасы «Тарих ал-малик аз-заһир» (Нағыз патша тарихы). Бізге қолжазбаның 270 беттік екінші бөлімі ғана жеткен, оның өзі Бейбарыс қайтыс болғаннан кейін «садже» тәсілімен, яғни рифмалы қара сөзбен жазылған. Сондықтан, жете мән берілмей көп уақыт тарихшылар назарынан тыс қалып келген. Шығарманың бастапқы атауы белгісіз. Қолжазбаның Түркияның Эдерне каласындағы Салимия мешітінің кітапханасында сақтаулы тұрған нұсқасы «Бейбарыс тарихы» деп аталады, сондықтан осы атау ғылыми айналысқа енген. Қолжазбаның бізге жеткен бөлігі Бейбарыстың өмірінің соңғы жылдары 1272-1278 жылдар арасындағы оқиғаларды суреттейді. Сұлтан Бейбарыстың саяси, әскери, әлеуметтік өмірінің маңызды жақтарын өз көзімен көрген тарихшының қолжазбасы одан кейінгі тарихшылар осы кезеңге қатысты арқа сүйейтін бірден-бір құжатқа айналған.
Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.
Арабтың «мамлюк» деген сөзінің көп мағынасының бірі – ақ құлдар. Ал осы мәмлүктердің бір тобы қазіргі қазақ сахарасы мен Еділ, Жайық, Қара теңіз бойында монғол шапқыншыларымен болған қырғын соғыс кезінде тұтқынға алынған қыпшақтар болған. Олар мұндай өтімді «тауарды» Жерорта теңізінің арғы жағалауындағы Мысыр еліне апарып, артық бағамен қайта сататын болған. Тұтқындар ішінен қыпшақтардың батырлығына, ер жүректілігіне, төзімділігіне, шыдамдылығына қызыққан Мысыр сұлтандары оларды әскери қызметке тартқан, сарай жасақтары еткен. Біртіндеп жоғары әскери қолбасшы мәртебесіне қолы жеткен қыпшақтар жұрты қолдамаған сұлтандарды тақтан оп-оңайақ тайдырып отырған.
Мемлекет билігі қолдарына тигеннен кейін қыпшақтар күрдтер әулетін аластаған. Сөйтіп олар Египетті ұзақ уақыт билеген. Олардың басын біріктіріп, жеңістерге жетелеген. Күні бүгінге дейін аты халық аузында аңыз боп қалған қыпшақ текті сұлтан аз-Захир Рукн ад-Дин Бейбарыс болған.
Жазба деректерге қарасақ, Бейбарыс 1223 жылы монғолдар ойрандаған Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Жетім қалған жас бала өзге де тұтқындармен бірге мысырлық сол кездегі курд текті сұлтаны Салих Наджм ад-Динге сатылған.
Крест тағушыларды талқандағаннан кейін Бейбарыс өзінің негізгі қарсыласы Туран шаһ пен бақталасы Кутузды да тақтан тайдырған. Бейбарыс үкімет басына келген тұста монғолдардың 1258 жылы Бағдадты қиратып, Аббастан тараған халифалар әулетінің бірқатарын дарға асып үлгірген кезі болатын. Солардың тірі қалған біреуі соңынан Шамға қашып кеткен. Оны сол жерден Бейбарыс Мысырға алдырып, 1261 жылы әл-Мустансир деген атпен халифа етіп жариялаған. Сол жаңа халифаның қолынан өзі де сұлтан лауазымын алған.
Бейбарыс енді Машриқ елдерін жаулап алып, Мысырға ұмтылған монғолдардың тас-талқанын шығарған. Әскер ішінде темірдей тәртіп орнатқан.
Осы қыпшақ батыры тұсында Мысырдың егін шаруашылығы мықтап дамыған. Суландыру жүйелері жөнделіп, қалпына келтірілген. Қыпшақ текті көптеген әскербасыларға Сирия мен Египеттен жер бөліп берілген. Бейбарыс басқарған жылдары Мысыр сөйтіп тез дами бастады. Египеттің әл-Искандария (Александрия), Дамиетта, әлҚаһира (Каир) секілді қалалары ірі-ірі сауда орталығына айнала бастаған. Сауданың өсіп-өркендеуіне Бейбарыс та барынша жағдай жасауға тырысқан. Мұнда Венеция Сицилия, Генуя, Индия, Орта Азияның сауда керуендері мен кемелері соқпай кетпейтін. Сол үшін де қыпшақтар олардан көп зат алған.
Сұлтан Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қолбасшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы – крест тағушыларды талқандады. Монғолдарды Мысырға қарай қия бастырмаған.
Ол Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Өйткені бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде Египет елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата-бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман тілегі жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін «Қыпшақ Египеті» атандырған мәмлүк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де, қашан мәмлүк қыпшақ әулетінен күш кеткенше «Алтын Орда» атанған қыпшақ елінен, өздерінің атамекенінен қол үзбеуге ұмтылады. Берке ханмен байланыс және туыстық қатынас орнатты. Қатал тағдыр желі тағы да олардың жолын кесті. Египетте мәмлүк-қыпшақтар билік басынан қуылды, Қыпшақ даласында Алтын Орда ыдырап кетті.
Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мәмлүк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде – Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес айғағындай болып асқақ тұр.
С.РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері