«Бөліп төлеу» – өліп төлеу немесе банк алдындағы борыш
Бүгінде халықтың басым көпшілігі тұрмыстық техника мен жиһаздарды, смартфондарды сатып алуда бөліп төлеу түрін таңдайды. Әсіресе «Kaspi Жұма» атты екі жылға бөліп төлеу акциясы жиі ұйымдастырылады. «0-0-12» науқаны кезінде де сауда орталықтарында кісі қарасы көп болады. Осыдан-ақ тұрғындардың бұл науқанның пайдасын көріп қалғысы келетіні байқалады. Біздің ауданда тіпті Kaspi банктың филиалы да жоқ, алайда тұтынушысы көп. Бөліп төлеу жөнінде көпшіліктің пікірі де сан тарапта. Бірі қолма-қол ақшасы жоқтарға пайдалы десе, екіншісі – «бұл не деген батпан құйрық» деп күмәнмен қарайды. Енді бір топ – банкты байыту десе, келесісі – кәсіпкердің саудасын жүргізудің амалы дейді. Көптің таласын тудырған мәселені біз де сарапқа салып көруге бекіндік. Жалпы бөліп төлеу қаншалықты тиімді? Несиеден артықшылығы бар ма? Зерделейік.
Бөліп төлеу тиімді ме?
Бөліп төлеу бір қарағанда ыңғайлы құрал сияқты болып көрінеді. Яғни сатып алушы тауарға немесе көрсетілетін қызмет үшін артық төлемсіз бөліктермен төлей отырып, қалаған затын бірден алады. Бөліп төлеу талаптары сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта ұсынылады, онда төлемдердің мерзімі, мөлшері және кестесі көрсетіледі. Сатып алушы тауардың барлық құнын төлеп болғаннан кейін ғана оны меншігіне алады. Ол мерзімін өткізіп алғаны үшін пайыздар мен айыппұлдар төлемейді. Сатып алушы мен сатушының арасында делдал банк болатын бөліп төлеу түрі бар.
Бөліп төлеудің кредиттен басты айырмашылығы – бөліп төлеуді қолма-қол ақшамен алмайды, оны нақты бір зат (тұрмыстық техника, киім-кешек, телефон және т.б.) сатып алу үшін береді. Ал егер де сіз мысалға, банктен кредитті қолма-қол ақшамен алған болсаңыз, онда алған қаражатты бірден жұмсауға міндетті емессіз.
Бөліп төлеу мен тұтынушылық кредиттердің арқасында адамдар әлдеқайда көп сауда жасайды, нәтижесінде сатушылардың пайдасы арта түседі, яғни осылайша тауар көп сатылады. Әсіресе бөліп төлеу арқылы тұтынушылық тауарлар: тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, киім, аяқ киім, кейде үлкен сомаға азық-түлік те жақсы сатылады. Мұнда «қазір тауар, ақша кейін» психологиясы сәтті жұмыс істеуде.
Десе де, бөліп төлеуді таңдаған болсаңыз, мынаны ескергеніңіз жөн. Кейбір дүкендер тауарлардың бағасын алдын-ала 10-20%-ке көтеріп, содан кейін банкке сол мөлшерде пайызсыз бөліп төлеу жеңілдігін береді. Сондықтан өзіңізді қызықтырған тауардың нарықтағы құнын әртүрлі дүкендерден тексеріп алғаныңыз жөн. Мұндай сатып алу тауар үшін артық төлемсіз, бөліп төлеу сияқты көрінгенімен, негізінде сатып алушы банк алдында өзіне кредиттік міндеттеме алады. Яғни, бөліп төлеу бұл жерде кәдімгі маркетингтік амал.
Бұл үлкен жауапкершілік
Сіз бөліп төлеу ресімдедіңіз бе әлде несие ресімдедіңіз бе, бұл маңызды емес. Алайда оларды төлемесеңіз, қиындықтарға тап болуыңыз әбден мүмкін. Мысалы, сізді бөліп төлеу туралы шарт бойынша төлемегеніңіз үшін сотқа беруі мүмкін. Кредиттік шарт бойынша төлемеген жағдайда, кредитор міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жолдауға міндетті және бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі. Кредитор сондай-ақ төлем талабын қоюы мүмкін және борышкердің қосымша келісімінсіз банк шотынан белгілі бір сома есептен шығарылады. Кредитор берешекті коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге беруі мүмкін. Сондықтан да, борыштарыңызды уақтылы өтеуді кейінге қалдырмаңыз. Егер сіздің қаржылық жағдайыңыз қиындап, несиеңіздің мерзімін өткізіп алсаңыз, онда сіз өз қарызыңызды қайта құрылымдау жөніндегі мәселелерді тікелей кредиторлармен шеше аласыз.
Осы ретте еске сала кетейік, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілді. Тәртіп кредитордың тарапынан қарыз алушының ағымдағы төлем қабілеттілігіне сәйкес қарызды қайта құрылымдауға өтінішін қарау жөніндегі жұмыстың жүргізілуін көздейді.
Сондай-ақ қазір 21 жасқа толмаған азаматтарға табыс көзі құжатпен расталмаса несие бермеу жөніндегі Заң талқыға түсуде. Бұл құптарлық дүние. Оң-солын танып білмеген жеткіншектің өзгеден қалмайын деп смартфон, құлаққап, қолсағатты несиеге рәсімдеп, төлей алмай қиналғанын құлақ естіп, көз көріп жүр.
«Нанды да несиеге алатын болдық»
Экономист мамандардың айтуынша, несие – ақша табудың жақсы тәсілі. Дегенмен, оны қайтаруды да ұмыт қалдырмаған жөн.
Бір күні әлеуметтік желіде «Ана келіннің сөзін тыңдасаң, төбе шашың тік тұрады. Несие алмай-ақ күн көріп едік десем, онсыз болмайды апа, «несие деген бүгінгілердің әке-шешесі ғой» дейді. Өй қарағым, оның да қайтарымы бар емес пе десем, соның арқасында барлық керек-жарағымызды шешіп отырмыз ғой деп бой берер емес» деп налыған апаны байқадым. Үлкендер қауымы несие алуды қоштамаса да, жастар оны мүмкіндік көзі деп қарастырады. Қарап отырсақ, әркімдікі өзінше дұрыс.
Соңғы уақытта банк жүйесінде жаңа өнімдер көбейді. Ендігі таңда сіз банктен тек ақшалай емес, карточка аштырып та ойлаған дүниеңізге қол жеткізе аласыз. Дерек көзіне жүгінсек, ел ішінде ең жақсы банк деп бағаланған «Kaspi Bank» АҚ Қазақстан Республикасы екінші деңгейлі банктерінің арасында кредит портфелінің көлемі бойынша бірінші орынды иеленіпті. Ал, 2017 жылдың шілде айындағы мәлімет бойынша Kaspi экожүйесіне еліміздегі азық-түлік емес тауар айналымының шамамен 20%-і тиесілі екен. Бүгінде халықтың басым бөлігі бұл банктен ақшалай несие ғана емес, оның өнімін пайдаланып келеді. Атап айтсақ, Kaspi Gold – дебеттік карта. Алғашында жалақы жобасы аясында ғана шығарылса, 2017 жылдың 1 наурызынан банк аталған картаны барлық жеке тұлғаларға береді. Ал Kaspi Red – серіктес -дүкендердің тауары мен қызметін шектеулі лимит аясында бөліп төлеуге мүмкіндік беретін карта. Өнім 2016 жылдың 18 тамызында іске қосылған. Ал қазір өзге банктер де мұндай карталар мен бөліп төлеу үшін түрлі мүмкіндіктер ұсынуда. Бір-бірінен қалысар емес. Тұрмыстық техника мен киімді былай қойғанда, қазір азық-түлік дүкендерінің өзі «Kaspi Red»-пен төлем қабылдай береді. Осы орайда дүкенде кездескен көршімнің мына сөзі ойыма оралып отыр. Үй жанындағы дүкеннен азық-түлігін түгендеген ол «Редпен төлеймін» деді. Сатушы төлемді лезде қабылдады. Кезегімді күтіп тұрған маған қарап «Енді нанды да несиеге алатын болдық» деп жымиды. Бірақ бұл жымиюдың артында мұқтаждық бар еді.
Рас, қазір екінің бірі несиеге тәуелді. Неге? Бұл туралы Арман есімді қаржыгер ойын былай түйіндейді.
– Тарихи тұрғыдан алсақ, несие – тарихи экономикалық категория. Жалпы, тауар өндірісі бар жерде несиенің бар болуы заңды. Әлбетте, бірден ақшалай болды деп айту қиын. Жалпы, біздің бір қателігіміз, осы тауарлы ақша қатынасын дұрыс түсінбегеніміз болып отыр. Қаржылық сауаттылыққа баланы балабақша жасынан үйрету қажет. Әр бала үстіне киетін киімнің қандай ақшаға келгенін, қандай еңбекпен табылғанын, оны қалай күтіп кию керектігіне дейін сіңіріп өсуі заңды дер едім. Қаржылық сауаты жоғары бала өскенде ақшаға құнды дүние деп қарап, несие жайлы да өзіндік көзқарасы қалыптасары анық. Өзіңізге белгілі қазіргі қоғамда тұтынушылық несие мен ипотекалық несие кеңінен өріс алып тұр, ал адамдардың басым бөлігі тұтыну несиесіне көбірек жүгінеді. Мұның себебін ашып айтпасақ та, түсінікті. Бірақ, маман ретінде несие, оның ішінде тұтынушылық несиені алудың тіпті де қажеті жоқ екенін баса айтқым келеді. Неге? Мәселен, 1 млн теңге несие 50 пайызбен рәсімделген болса, онда жыл соңында 1,5 млн теңге қайтару керек болады. Ал егер 3 жылға алсаңыз үстінен қайтаратын соманың өзі 1,5 млн теңге болып шыға келеді. Ол қаражатты қаржы мекемесіне үстемелеп қайтарғаннан гөрі, отбасыңыздың қажеттілігіне, бала-шағаңызға жұмсағаныңыз әлдеқайда тиімді емес пе? – дейді ол.
Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Ендеше, несие рәсімдеудің алдында қаржылық мүмкіндіктерді саралап, салмақтап алу аса қажет.
Мен үшін мүмкіндік
Америкалық жазушы Фаррах Грейд қарыз бен несие жайлы біржақты жаман пікірде болмау керек депті. Ол қарызды екіге бөліп қарастырады. Біріншісі – жаман қарыз, екіншісі – жақсы қарыз. Айтуынша, «жаман қарыз» деген мақсатсыз алынған, артын ойламай, ешқандай табыс әкелмей жұмсалып кететін қарыз. Ал «жақсы қарыз» туралы ол былайша түсіндірген. «Таныс жігіті бірде жұмысынан кеш қайтып, үйінде қарапайым қызылды-жасылды ойыншықтарды аяқ киімге жапсырып, қызықтап отырған қыздарын көреді. Оған сонда бір демде осы жобаны іске асырып көрсе қайтеді деген ой келеді. Қарапайым аяқ киімге жылтырақтарды жапсырып көрсе шын мәнінде әдемі екен. Сосын ол дереу үйінің жертөлесінде цех ашады. Әрине, бұл үшін оған қаржы қажет. Ол болса қаржыны түгелдей несиеге алады. Сөйтіп, нақты жоба-жоспарлармен ол нарыққа кереметтей аяқ киім әкеліп қосады. Бұдан кейін ол миллиондаған ақшасына бұл патентті сатып жібереді. Сөйтіп, уақытында несиесінен құтылып, сосын өзіне де пайда көреді. Міне, бұл «жақсы қарыз», – депті. Артынша екеуін сараптаған ғой. Екі образ да несие алды. Бірі пассив табыс, екіншісі актив табыс – яғни, пайда әкелетін өндіріске ақша жұмсайды. Бірі тұңғиыққа батты, екіншісі мол табысқа кенелді. Бұл өте бір қарапайым жол сияқты. Бірақ жеңіске жету үшін екінші образ да біраз тәуекелге баруы керек болды: үйін кепілге қойды, егер тауары өтпей қалса, ол үйінен айырылатын еді. Бірақ оның қаржы тереңіне батқан бірінші образға қарағанда ақылы бар. Себебі, дейді жазушы, екеуі де түбі тесілген қайықта отыр. Бірақ, біріншісі жапа-тармағай қолындағы ыдыспен суды сыртқа төгуге көшсе, екіншісі су қанша жиналып қалса да қайықтың түбі тесілген жерге тығын тықты. Нәтижесінде бірі суға кетсе, екіншісі құтқарылды, деген. Біздің айтпақ ой да осыны меңзейді. Кредиттен көресіні көріп жүргендердің де көбі осы мақсатсыз несие алғандар ма дейсің?!
Алайда таныстарымның арасынан «Жаңа үйімді осы бөліп төлеу арқылы жиһазға толықтырдым», «Құрылыс заттардың барлығын несиеге алып, үйімді бітіріп, қысқа қалмай кіріп алдым» деген пікірлерді де жиі құлағым шалады. Айлығын шайлығына әзер жеткізіп отырған қарапайым халық үшін бұл нұсқа тиімді сыңайлы. Сөзімізді сауда орталығында кездескен тұрғынның пікірімен жалғасақ.
– Өзім қарапайым қызметкермін. Келіншегім бала күтіміндегі демалыста. Жақында тоңазытқышым істен шықты. Нақты ақшаға ала қоюға артық қаражатым жоқ. Сосын бөліп төлеуге жаңа тоңазытқышымды алып бара жатырмын. Тұрмыстық қажеттілік болған соң, басқа амалым жоқ. Егер қазір алмайтын болсам, үйдегі артық азық-түлігімді бұзып аламын. Бұл соманы жинайтын болсам, ұзақ уақыт кетеді. Бұл мен үшін жақсы мүмкіндік болып тұр, – дейді кент тұрғыны Н.Бақытжанов.
Түйін
Несие жайында мақаланы жазуда көкейде жүрген көп сауалымызды арнайы мамандарға қоюды көздеген едік. Алайда, біз барып, бас сұққан банктерде қызмет ететіндер нақты бір анықтама беруден бас тартса, енді бірі басшысының жоқтығын сылтауратты, тағы бірі бас кеңсеге хабарласуымызды өтінді. Ұзын сөздің қысқасы, санадағы сансыз сауал жауапсыз қалды. Біз біреуге ақыл айтудан аулақпыз. Бөліп төлесеңіз де банк алдында бәрібір борыштарсыз. Дегенмен, алған несиені еселеп қайтарып, әбігерге түскенше, өзіңіздің отбасылық қаржыңызды үнемдеп өмір сүрген дұрыс па дейсің?! Ал, бұған сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ