Ел басқарған ағаларды жадымызда жаңғыртсақ
qarmaqshy-tany.kz Ал Ворошилов атындағы колхоздың колхозшылары мемлекетке тапсыруға тиісті 116 килограмм майды 21 маусымға дейін май дайындау пунктіне өткізіп, жылдық жоспарды бірінші болып орындады.
Осы жылғы 24 шілде күні Қарақұмнан 120 түйе жүк артқан қызыл керуен келді. Қызыл туын желбіретіп, Қармақшы қыстағын 4 рет айналып шықты. Тұрғылықты халықтың қошеметімен дайындау пунктіне келген олар 193 центнер жүн, 11 центнер брынза тапсырды деп көрсетеді сол жылдардағы аудандық басылым беттерінде.
Майданнан аман оралған азаматтар ауданның өндіріс саласында, ауыл шаруашылығында, мәдени-әлеуметтік сала қызметтерінде белсенді қызмет жасады.
«Қызыл ту» газетінің бұрынғы таңдаулы тілшілері Асқар Қожахметов, Омар Қошыманов, Әбдіқадір Қылышбаев, Мұзарап Жүсіпов, Тілеген Әбдікешовтер немісфашист басқыншыларына қарсы кескілескен ұрыстарда болып, қиыншылық күндерді басынан өткергеніне қарамастан еңбек майданына араласып кетті. Осы кісілер сықылды мыңдаған жауынгерлер Отанына оралып, өздерінің қажырлылығымен, жігерлілігімен шаруашылықтың әр саласында адал еңбек үлгісін көрсетті.
1947 жылдың қарашасынан 1953 жылдың желтоқсанына дейін аудан тізгінін Сейдулла Оспанов ұстады.
С.Оспанов 1918 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, ХVІІІ партсъезд атындағы колхозда (Майлықұм колхозы) кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. 1939 жылы Қызылорда жол қатынастары техникумынан «Паровоз шаруашылығы технигі» мамандығын алып шығып, 1957 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген.
1939 жылғы қыркүйектен партия мүшесі. 1939 жылы Қызылорда жол қатынастары техникумын бітірісімен ҚК(б)П Қызылорда қалалық комитеті кадр бөлімінің нұсқаушысы қызметіне кірісті.
1940-1943 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитеті кадр бөлімінің нұсқаушысы, кадр бөлімінің сектор меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия қызметкерлері 6 айлық курсының тыңдаушысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті кадр бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
1943 жылғы қыркүйектен Қазақстан ЛКСМ Қызылорда облыстық комитетінің хатшысы, 1945 жылғы қараша айынан бастап ҚКП Қызылорда облыстық комитетінің ұйымдастыру нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі болып, 1947 жылдың қарашасы мен 1953 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Бұдан кейінгі жылдарда да Қазақстан компартиясы Жаңақорған, Шиелі аудандарында аудандық комитеттің бірінші хатшысы қызметінде болды. 1957 жылдың мамыр айынан Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің екінші, 1958 жылдың маусым айынан бірінші хатшысы болып қазмет етті. 1962 жылы Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кісі ауданға басшылық еткен жылдарды аудандағы Осоавиахим ұйымына 4550 мүше тартылып, олар 108 бастауыш ұйымда жұмыс істеді.
1949 жылы ІІІ Интернационал колхозының Ленин орденді күрішшісі Пак Чин Ир егілген күріштің әр гектарынан 105 центнерден өнім алуды қамтамасыз етіп, КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1950 жылғы 21 маусымдағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атаққа ие болды.
1951 жылы ауданымыздың егін шаруашылығында 1397 әйел еңбек етіп, 417 әйел стахановшы қатарына қосылды. Осы жылы өткен жергілікті советтердің сайлауында 1 әйел облыстық, 17 әйел аудандық, 56 әйел қыстақ және ауылдық советтердің депутаттығына сайланды. 38 әйел ҚК(б)П аудандық комитетінің номенклатурасына жататын жауапты қызметтерде қызмет атқарып, 9 әйел аудандық партия комитетінің мүшесі болды.
Ауданда Сталин, Карл Маркс, Ленин, Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоздардың ондаған мың қойлары Қарақ қысқы мал жайылымдарына орналастырылды.
Аудан орталығынан 146 шақырым жердегі Қызылқұмның Қарақ участогінде гидрометстанса орналастырылды. Мұнда бірнеше ғылыми қызметкер Қызылқұмның ауа райын, өсімдігін, суын зерттеп, аудан колхоздарындағы қоғамдық малдар үшін Қызылқұмды пайдаланудың тиімді жолдарын қарастыруда табысты жұмыстар жасады.
1952 жылы Жосалы механикалық зауытының дирекциясына зауыт жұмысшымастерлерінің тәжірибесінен қорытылған 98 рационализаторлық ұсыныс түсті. Оның ішінен 65 ұсыныс қабылданып, өндіріске пайдаланылды. Осы ұсыныстар негізінде зауытқа 14 200 сом пайда түсті.
Аудан шаруашылықтары, атап айтқанда, Энгельс, Каганович, Молотов атындағы колхоздар бұрынғы жұмыс істеп жүрген машиналардың үстіне бір-бір жүк машиналарын алды. Сөйтіп, аудандағы колхоздардың көпшілігінде екіүштен жүк машинасы болды.
Жосалы дистансасының коллективі де қажырлылықпен жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттырды. Ішкі мүмкіншіліктерді ойдағыдай пайдалана отырып, наурыз айында 11 шақырым жолға жөндеу жүргізді. Сөйтіп айлық тапсырманы 150 пайызға орындады.
Күз айларында Молотов атындағы колхоздың колхозшылары су үшін күресті тыңғылықты ұйымдастырып, Томарүйген, Балажарма сияқты су жолдарын тазартты. Мұның өзі сол шаруашылықтардағы 280 гектар бидай, 200 гектар күріш, 50 гектар арпа, тағы басқа дақылдарды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоздың Қарақұм мал жайылымында күзем қырқу жұмысында қол қырықтықпен жоспардағы 50 қойдың орнына 60-65-тен қой қырыққан қырықтықшылар Төртбаев, Жарасбаев, Исаевтар үздік орынды иеленді.
1953 жылғы желтоқсан айынан 1954 жылғы шілде айына дейінгі аралықта аудан басшылығына Сүлеймен Айтмағамбетов келді.
Ол 1921 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Қазақстанның XXX жылдығы» колхозында кедей-шаруа отбасында туған. Аяқталмаған жоғары білімді. Негізгі мамандығы оқытушы. ҚК(б)П мүшелігіне 1940 жылы қабылданған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медалмен марапатталған. Аудандық советтің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі. Облыстық комитеттің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған.
1939-1953 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищенің кітапхана меңгерушісі, осы училищеде сыртта оқу бөлімінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Жаңақорған аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі бола жүріп жоғарғы партия мектебін бітірген.
1953-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
1954 жылдың шілде айынан Қармақшы аудандық атқару комитетінің председателі, соңына таман Тереңөзек аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып ауысты. 1954 жылдың шілде айынан 1961 жылдың тамыз айына дейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін Көмекбай Қаракөзов атқарды. Ол кісі 1915 жылы 11 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы қаласында кедей-шаруаның отбасында туған. 1938 жылы Қазалы зооветеринарлық техникумын бітірген. 1939 жылы қараша айында партия қатарына қабылданған. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын тарихшы мамандығы бойынша бітіріп, Қазалы аудандық атқару комитеті Осоавиахимде әскери оқу командирі, аудандық партия комитетінде әскери бөлімнің меңгерушісі болды.
Қазақстан компартиясы Қазалы, Жаңақорған аудандық комитеттерінде екінші хатшы, Шиелі аудандық комитетінде бірінші хатшы қызметтерін атқарды. 1952-1954 жылдар аралығында Еңбекшілер депутаттары облыстық советі атқару комитетінің жауапты хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары болды. 1954 жылдың маусымы мен 1961 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің бірінші секретары болса, 1961-1976 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Сырдария аудандық комитетінің бірінші секретары, Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, облыс бойынша жем-шөп дайындайтын совхоздардың облыстық тресс директоры қызметтерінде болып, құрметті дербес зейнеткерлер қатарына қосылды.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің партия мектебінде «Партия тарихы» бөлімінде оқыған. «Еңбек Қызыл ту» орденімен және бірнеше медалмен марапатталған.
К.Қаракөзов 1954 жылы осы қызметке келісімен Қарақұм мал жайылымындағы Жапақ жайлауында көшпелі аурухана ашып, оның меңгерушісі етіп фельдшер Қасымхан Омаровты белгіледі. Мұның өзі алыс мал жайылымындағы шопан отбасылары үшін елеулі оқиға болды.
Ақжар МТС-інің атақты тракторисі Қасымтай Ізтілеуовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен ең жоғарғы награда – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл жөнінде 15 қаңтар күні түс мезгілінде өткен жұмысшы-қызметкерлердің митингісінде МТС директоры Әбдуәли Бөлегенов хабарлады.
Осы жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылаған №12 Жосалы дистансасының ұжымы Орынбор теміржолы басқармасы мен кәсіпшілдер одағының ауыспалы Қызыл туын иеленді. Дистанса бойынша 20-дан астам еңбек озаты ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды.
1957 жылы Ақжар МТС-і, Сталин атындағы колхоз және «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхоздары бірігіп, Ақжар кеңшары болып құрылды. Оның алғашқы директоры Әбдуәли Бөлегенов болды.
1958 жылы Қармақшы совхозының орталығында 80 орындық клуб үйі салынып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмысын уақытылы және сапалы аяқтауда комсомолдар Н.Сәдуов, К.Сәтмаханов, О.Борнабаевтар ерекше еңбек үлгісін көрсетті.
1958 жылғы қыркүйек айында Қармақшы МТС-і жөндеу-техникалық стансасы болып қайта құрылды. 70 механизатор, жұмысшықызметкерлер еңбек еткен РТС ұжымы кездескен қиыншылықтарды жеңе отырып, колхоздарға техникалық көмек көрсету жолында аянбай еңбек етті.
Теміржол торабында 40 орындық асхана өз жұмысын бастады. Мұнда қызмет еткен аспаздар мен ұжым жұмыскерлері тағам түрлерін көбейтумен бірге оның сапасын жақсартуға да көптеген ізденісті жұмыстар жасады.
Осы жылдары Жосалы поселкесінде 3 орта, 1 жеті жылдық, 1 кешкі жұмысшыжастар мектебі ұстаздары жас ұрпаққа оқутәрбие беру жұмысында аянбай тер төгіп, мектеп ғимараттарын, оқу шеберханалары мен химия, физика, тағы басқа кабинеттерді өз күштерімен жай және күрделі жөндеуден өткізуде жұмысшы қызметкерлерге үлкен қолғабыс көрсетті.
Жоғары сыныптарда өндіріс негіздерінен практикум сабақтарының сапасы жақсарды. Материалдық базасы нығая түсті. Оқушылар ауыл шаруашылығы дақылдары және ауыл шаруашылығы машиналарымен жете танысып, мектептер тракторист, комбайнер, шофер мамандықтары бойынша дайындықтардан өтті.
Аудандағы 16 мектептің алтауының жанынан буфет ашылды. Малшы балаларына жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісіндегі үкімет қамқорлығы негізінде ауданда 1 пансион, 2 бюджеттік, 3 қоғамдық интернат жұмыс істеп, оларда 300-ге жуық бала тәрбиеленді. Мәдениет саласы бойынша ауданда 19 клуб, малшылар арасында 2 қызыл отау, 2 оқу үйі, 1 автоклуб жұмыс істеді.
Аудан орталығында 75 орындық бір аурухана, ауылдарда 35 орындық 3 аурухана, 17 фелдьшерлік-акушеркалық пункт жұмыс істеді. Мұнан басқа 10 орындық транспорттық 1 аурухана, Жосалы аэропорты және механикалық зауыт жанында дәрігерлік пункттер, аудан орталығында 3 және ауылдық жерде 1 дәріхана болды.
1961 жылы Ақжар ауылында 400 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Клубта кітапхана, оқу залы, кіші зал, бильярд ойын бөлмесі мен түрлі үйірме жұмыстарын өткізуге арналған бөлмелер болды. Уақыт талабына сай салынған бұл клуб ішкі, сыртқы безендірілуімен сол кезде мәдениет үйі деңгейіндегі ғимарат болып саналды. Ерлізайыпты сылақшы-сыршылар Людвиг Циммерман, Антонина Филатованың оюшысуретші ретіндегі қолы тиген жұмыстарының сәні мен сапасын ақжарлықтар аңыз етіп айтып жүрді.
Ақжар совхозы орталығынан «Финский» деп аталып кеткен ондаған тұрғын үй салынып, орталық бір көшені түзеді. Ол үйлерге ауылдағы мектеп, аурухана, тағы басқа мекемелерге және совхоз шаруашылығына қажет деп алдырылған жас мамандар кіргізілді.
Бұл жұмыстардың бәрінде де жұмыста іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ел арасында үлкен бедел иесі болған совхоз директоры Әбдуәли Бөлегеновтің де зор үлесі бар екенін айта кетуіміз керек.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісінде Қазақстан КП аудандық комитетінің IV Пленумында сөз алған Ақжар совхозының директоры Ә. Бөлегенов:
– Мал шаруашылығын шұғыл өркендету сөз болып отырғанда жер мен суды пайдаланудың маңызы зор екендігін айта келіп, «Қурайлы» каналының аяғын Жетіасар даласына дейін созу керек, – десе, Чапаев атындағы колхоздың председателі Қосжанов та Наурызбай каналын созып, «Киікшіқазғанға» жеткізу жөнінде ұсыныстар жасады. Бұл ұсыныстар бойынша жасалған жұмыстар тиісінше егістік жерлерді кеңейтуге бағытталып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өз нәтижесін берді.
1961 жылғы наурызда колхоздар мен совхоздарда ауыл шаруашылығы техникасын, қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыштар және басқа да құралжабдықтарды сату, техникаларды жөндеу және пайдалану ісін ұйымдастыру жөніндегі республикалық бірлестігі жер жерде «Қазсельхозтехника» мекемесі болып қайта құрылды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
(Соңы. Басы өткен сандарда)