«Қызыл Ту» газеті – қайнаған қызу еңбектің насихатшысы
«БАРЛЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ПРОЛЕТАРЛАРЫ, БІРІГІҢДЕР!» ДЕГЕН ҰРАНМЕН ШЫҒЫП ТҰРҒАН «ҚЫЗЫЛ ТУ» ГАЗЕТІ ҚК(Б)П ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ (ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ) КОМИТЕТІ МЕН ЕҢБЕКШІЛЕР ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНДЫҚ СОВЕТІНІҢ ОРГАНЫ БОЛЫП СОНАУ ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНАН 1963 ЖЫЛДАРҒА ДЕЙІН ШЫҒЫП ТҰРДЫ. БҰЛ – КИРИЛЛИЦА ӘРПІМЕН ЖАЗУҒА КӨШКЕН КЕЗІМІЗ. ТОҚТАЛА КЕТСЕК, 1929 ЖЫЛҒА ДЕЙІН «ТӨТЕ ЖАЗУ» ДЕП АТАЛҒАН АРАБ ҚАРПІ НЕГІЗІНДЕГІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ҚҰРАСТЫРҒАН ӘЛІППЕНІ, 1941 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЛАТЫН ӘЛІПБИІН, ОДАН ОСЫ КҮНГЕ ДЕЙІН КИРИЛЛИЦА ЖАЗУЫН ҚОЛДАНЫП КЕЛЕМІЗ.
Қолымызға 1945 жылғы газет тігіндісі ғана түскендіктен «Қызыл Ту» атауының дәл қай жылдан басталғанын нақты көрсетуге мүмкіндік болмады.
Газетке 1945 жылдың желтоқсан айына дейін редактор ретінде «Жауапты редактор» деп Сақи Жарылқасынов, желтоқсан айындағы соңғы шыққан сандарына С.Усабаев қол қойған.
Бұл жылдағы газет парақтарынан күндіз-түні жүріп, аянбай еткен еңбегін тек майдан шебіндегі азаматтарға жұмсаған адал жандардың кейпін көруге болады. Еңбек майданын қыздырып, стахановшылар қатарынан көрінуге ұмтылған адамдарды байқайсыз. Азаматтардың көбісі майданда болғандықтан әйелдердің еңбектің ауыр түріне аянбай араласуы, шаруашылық басқаруы, партия, кәсіпшілер ұйымдарына жетекшілік етуі, ауылдық кеңестердің басшылығында болуы бұл уақыттың басты ерекшелігі.
Өндіріс орындарында, шаруашылықтарда әйелдер советі ұйымын құру кеңінен өрістеген.
Газеттің 1945 жылғы 8 наурыздағы №10 санынан «Механикалық заводта тікелей өндірісте 114, басқарушылық орында 36 барлығы 150 әйел жұмыс істейді. ...Олардың ішінде: токарь Желдербаева 200, токар Рожковская 200-ден 300, формировщица Колская 200, бұрғышы Жартыбаева 150-ден 180, және Байназарова 150-160 проценттен күндік айлық тапсырмаларын үнемі асыра орындайды. Мұның 50 проценті жауынгер семьясы» десе, екінші бір мақалада: «Еркектер істейтін жұмыстар әйелдердің қолынан келмейді деген шірік теорианы совет әйелдері жала екендігін әбден көрсетті. Соның бірі Жосалы станциясындағы 12 дистанцияда істейтін әйелдер болып отыр. 126 әйел дистанцияда, депода, темір жолда, мастерскойларда еркектердің орнына қызмет істейді» деп көрсетеді. Сондай-ақ үшінші бір мақалада: «Колхоздың егіс даласында оза еңбек істеп, үлгі көрсеткен 227 колхозшы әйел еңбектің ері Стахановшы деген атақ алды. МТС да 12 әйел трактористка болып, 9 әйел басқа мамандық жұмыста қызмет істейді» - деген жолдар бар.
«Ауданда 69 әйел – әйелдер кеңесінің (жен совет) бастығы болып қызмет істейді» дей келіп: «Жауынгерлердің үй-іштеріне көмек көрсетудің желтоқсан-қаңтардағы айлығын өткізуде әйелдер кеңесі басқарушыларының белсенді қатысуымен колхозшы әйелдерден: 8500 сом ақша, 1900 литр сүт, 250 килограмм жүн, 28 килограм сарымай, 123 түрлі киім, 175 килограм астық; мехзавод пен темір жолдағы әйелдерден 10 000 сомнан артық ақша, 20 түрлі киім жиналып тапсырылды, 87 семьяға азық-түліктей жәрдем көрсетілді» деген жолдардан осы күнгі жағдайы төмен отбасыларға жәрдем көрсету іс-қимылдары уақыттың қиыншылығына қарамастан сол кезде де болғандығын байқаймыз.
Соғыстың соңғы жылымен тұспа-тұс келген Советтік Қазақстанның 25 жылдығы мерекесін лайықты қарсы алуға ҚК(б)П Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советі түрлі қаулы-қарарлар шығарып, социалистік жарыстар ұйымдастырды.
Жарыс ұйымдастыру шаралары халық шаруашылығының барлық саласын қамтыды.
«Аудандық жер, су мекемелерінің, МТС-тың басшылары мен мамандары, сондай-ақ ауылдық советтің, колхоздың председательдері, партия, комсомол ұйымдарының секретарьлары – биылғы жұмыстар үшін өткен жылдардағы кездескен кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарулары керек» деп, өткен жылдың осы кезеңдегі атқарылған жұмыс деңгейін газет арқылы көрсетіп отырды.
«1944 жылы 25 мартқа колхоздарда 1175 гектар ерте дәнді егістің жыртылып, 1057 гектарына тұқым себілді» дей келіп, биылғы 1945 жылы аудан колхоздарында 3400 гектар ерте дәнді егіс, 2000 гектар күріш, 2700 гектардан астам кеш егістер егу жоспарланғаны айтылады. Осыдан-ақ соғыстың соңғы жылдары шаруашылықтың даму қарқыны өткен жылғыдан екі еседен артық болғандығын аңғаруға болады.
Жарыс қарқынын арттыруда ауыл мен ауыл арасында ақындар айтысы ұйымдастырылып, ақындар өз ауылындағы шаруашылықта болып жатқан жетістіктерді насихаттаумен бірге қарсылас ақынның ауылындағы кемшілікті жұмыстарды ортаға салып, өзара сынды өрістетіп отырды. «Бозарқаш» колхозындағы Тұрымбет Салқынбаев пен «Ақбел» колхозындағы Егізбай Мәкібаевтың айтысы, Молдахмет Дабылов пен Оспанов Машараптың айтыстары осының дәлелі. Майданнан жазылған Әлімбай Әлиасқаровтың І хат «Жолдасыма» деген өлеңі мен К.Әлиасқар келінінің ІІ хат (жауабы) өлеңдері де сол жылғы газет парақтарында кездеседі.
Ә.Әлиасқаровтың:
Қара батыр, Арыстанбай,
Қайтпайтын қайсар ер еді.
Амангелді, Махамбет,
Жанқожа батыр шер еді.
Сәдір, Сәрке, Әзілкеш,
Ақылға асқан дүр еді.
Дұшпанына қастасқан,
Жолбарыстай дер еді.
Үлгісін алып солардың,
Кек алып жүрмін майданда.
Тілектес бол, аман жүр,
Қуан да хатқа жайраңда – деген өлең жолдарымен жолдасына ғана емес, майдан тылындағы халқына өзінің ерлік сапарлары туралы сыр шертіп, батыр бабаларының рухынан қуат алған асқақ жырларын жолдағанын көреміз.
1945 жылғы март айының 18-і күні ақындар айтысының аудандық слеті өткізілді. Аудандық партия комитетінің секретарі Дүйсенов ашып, «Ақындар айтысы, алдағы олардың міндеттері» тақырыбында баяндама жасау үшін орденді жазушы Асқар Тоқмағамбетовке сөз берді.
Баяндамадан соң жыршы Үбісұлтан Аяпов домбырамен толғау айтып слетке қатысушыларды құттықтаса, Салқымбаев, Мәкібаев және 12-13 ақын өзінің жазба өлеңдерін оқыды.
Теміржол клубында өткен бұл слеттің қорытындысымен Салқынбаев, Қасқырбаевтарға үлкен ақ үй берілген, Дабылов жүйрік атпен марапатталған. Есжанов пен Аяповке бір-бір сауын сиыр, Бақтиярова, Мәкібаев, Мырзабеков, Боранқұлова, Айтуаров, Тұрмағамбетовтерге бір-бір қой, Әлиев тағы басқа әнші, күйші жолдастарға заттай сыйлықтар берілгендігі айтылады.
Газеттің осы бетінде Әлқуат Қайнарбаевтың «Ақындар сүлетіне», Кәри Зілқараевтың «Ақындарға», Бисенбай Қасқырбаевтың «Қасқа бұқаның арызы», Наурызбай Айтуаровтың «Жұмылайық еңбекке» өлеңдері, Чапаев атындағы колхоздың звеноводы Күлбаһрам Бақтиярованың «Дайынбыз» жыр шумақтары бар. «Үбісұлтан Аяпов жолдастың ақындар айтысын ашардағы домбырамен айтқаны» деп «Құттықтау» деген өлеңі берілген.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист
аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист