Ел басқарған ағаларды жадымызда жаңғыртсақ
Қармақшы ауданы бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы болыстығының ізінен 1928 жылы 17 қаңтарда құрылды. Кезінде Қазалы уезіне қараған болыстықтар Пригородный және Қармақшы учаскелері деген атаумен екі әкімшілік құрылымнан тұрды. Қармақшы учаскелері бөлігінің аумағында Жамансыр, Қуаңдария, Аққыр, Көшербай, Заңғар деп аталған болыстықтар өздеріне қарасты ауылдарға әкімшілік билігін орнатты.
Өз алдына жеке аудан болып отау тіккеннен кейін осы болыстықтар ізінен аумақтық құрылымдар ретінде жер ыңғайына қарай Қармақшы, Сырдария, Жосалы, Төрткүл, Қашқансу, Бозарқаш, Дауылкөл, Жалғызқұм, Қосарық, Құмбөгет, Көктөбе сияқты ауылдық округтерде жалпы саны елуден астам майда колхоздар мен артель, шаруашылық серіктестіктері деген сияқты майда ұйымдар өз тірліктерін бастады.
Революцияға дейінгі губерния, уезд, болыс және ауылнай болған әкімшілік құрылымдар облыс, аудан, ауылдық округтер деген жаңа атауға ие болып, ел ішіне түбірлі өзгерістер ене бастады. Бұл жылдары ауданға басшылық еткен партия комитетінің хатшысы Көбенов, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Есетов деген кісілер болғандығы жөнінде айтылады.
Қолдағы деректердің бірінде Кубенов, екінші біреуінде Көбенұлы болып жазылып жүрген кісінің бір адам екендігін айта кетуіміз керек. Көбеновтің 1919 жылы Қазалы уездік комитетінің жауапты хатшысы болғандығы жөнінде нақты деректер бар.
1928 жыл ауданның құрылған жылы болуымен бірге елдегі ауқатты адамдардың мал-мүлкі талан-таражға түсіп, елде тәркілеу тақсіреті белең алған бір қияпатты жыл болып еді. Оған сол жылғы 27 тамыздағы Қазақ АКСР-і Орталық Комитеті мен Халық комиссарлар Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысы себеп болған. Бұл қаулы бойынша ірі қара мал өз алдына, уақ жандықты, яғни қой мен ешкіні мүйізді ірі қараға айналдырып есептегенде барлық мал саны 400-ге толған байлар кәмпескелеуге жататыны нақтыланған.
Байлардың мал-мүлкін тәркілеу үшін «Қызылорда округінен Қармақшы ауданына Сәрсеков, Тасбулатов, Андижанов (бір деректерде Алдажанов деп те көрсетіледі – Ш.Қ) деген өкілдер жіберілді. Олар Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы Кубеновпен бірге ауданда кедей-батырақтармен жиналыстар өткізіп, оларға кәмпескелеу науқанының ең алдымен шаруаларға тиімді болатынын айтып, үгіт-насихат жүргізді» деп көрсетеді Б.Кәрібозұлы, Ж.Сыдықова, Ә.Тәжекеевтердің авторлығымен шыққан «Қармақшы» кітабында (152-бет).
Бірақ бұл деректерде Көбеновтің тәркілеу жылдарында аудандық партия комитетінің хатшысы болғандығы туралы айтылғаны болмаса нақты қай жылдан қай жылға дейін жұмыс жасағаны көрсетілмейді. Жоғарыда аталған қаулыда күз айында өткізу белгіленген бұл науқанның жүргізілуі тәркілеу талаптарына сай болмады.
Ел ішінде «белсенділер» деген атпен алашапқынға түсіп, ауыл-ауылдың ығырын шығарған топтар тәркілеу жөніндегі үкіметтің ресми, қағаздарда белгілеген уақыты мен көрсетілген мал санының шеңберінен шығып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген голощекиндік жымысқы саясаттың жүзеге асуына бар күшін салды.
Көптеген адамдар өздерінің мал саны директивалық құжаттарда көрсетілген деңгейден әлдеқайда төмен болса да малы тәркіленіп, өздері жер аударылғандығы жөнінде жоғарғы орындарға арыз-шағымдарын жаудырып жатты. Әртүрлі желеулермен олардың көпшілігінің арызы қанағаттандырылмады. Осылайша тәркілеу кезеңінен бастау алған дүрбелең жуық арада толас таба қоймады.
Көнекөз үлкендердің әңгімесі бойынша осы төңіректегі байлардан кәмпескелеп алынған мал шығысы дария жағалауындағы «Қызыләскер» колхозы (осы күні бұл жер Ақжар шаруашылығының бір бригадасы болып тұр) тұрған жер мен батысы «Қасабалы асардың» аралығындағы алапқа жинақталған. Мал тұяғынан көтерілген ала шаңнан осы күнгі Жалағаш ауданымен шекарадағы құмның екі беті тұтасып, айнала көрінбей тұрған.
Қарақұм мен Қызылқұмның арасын ен жайлап, еркін өскен мал қараусыз қамауда тұрғандықтан ауызымен де, тұяғымен де екі күнде бұл аумақта тіске басар түк қалдырмай, аштан өлгені аштан, шөлден өлгені шөлден қырыла бастаған. Қолына азды-көпті билік тиіп, ентігін баса алмаған елірмелер ендігі жерде не істерін білмей, ызғындай малды Сырдың бойымен бергі тоғайларға қарай айдап, Қармақшы тұсына келемін дегенше әлгі малдан үштен біріндейі ғана қалған деседі.
Байлардан тәркіленіп алған малды қоғамның пайдасына жаратудың нақты жоспары болмады ма, әлде сол кездегі коммунистік партия мен кеңестік үкіметтің ұлтымызға жасаған қастандығының бір ұштығы ма, сол кездегі тәркіленген малдың кімнің пайдасына жаратылғаны жөнінде ауызша да, жазбаша да мәлімет жоқ. «Қызыл белсенділер мал санауды кездейсоқ мезгілде, түн ішінде, таң алдында өткізуді әдетке айналдырды. Тартып алынған малдар қараусыз қалып, талан-таражға түсті» деп жазылады жоғарыда аталған «Қармақшы» кітабының 155-бетінде.
1927 жылғы тәркілеуге байланысты директивалық құжаттарда: «300 қойы, 20 түйесі, 5-10 жылқысы бар адамдар орташа дәулеттілер қатарынан саналады» деп көрсетілген. Алайда үкіметтің жасырын тапсырмаларын арқаланған белсенділердің бет қаратпай, мал демей, дүние-мүлік демей жаппай тартып алу әрекеттері салдарынан алдындағы азғантай малынан, үстіндегі үйінен, қолындағы ұстап-тұтып отырған тұрмыстық мүлкінен айырылғандардың саны көбейіп, 1928-1930 жылдар арасында-ақ халықтың аш-жалаңаш қалатын сыңайы анық байқалды.
Осы өрескелдіктерге шыдамаған Жұмағазы Бәйімбетов 1930 жылы сәуір айында, Қожбан Жұбанов күз айларында қол жинап, елді үкіметке қарсы көтеріліске бастады. Бұл тарихта «Қарақұм көтерілісі» деген атпен қалған наразылық шерудің үлкен бір бөлігі еді. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында Ақмырза Төсұлы бастаған Қызылқұм төңірегіндегі көтеріліс те Кеңес өкіметінің халықты дінінен, ділінен айыруға бағытталған осындай озбыр саясатқа қарсы жасалаған батыл әрекеттер еді.
Көтерілісшілердің басшылары да, оның туын ұстаған қосшылары да, сол тірліктің басықасында болып соңына ерген қарапайым халық та аяусыз жазаланып, Мәскеу, Кремль тарапынан халықтың рухын түсіруге бағытталған жымысқы да қатал саясаттың құрбаны болғаны белгілі.
Бұған 1932 жылғы елдің тоз-тозын шығарған ашаршылық нәубетін қоссақ, бұл уақытта ел тізгінін ұстаған азаматтардың қай-қайсысы да қиын, аса қиын кезеңдерді басынан өткергендігі өзінен-өзі түсінікті. Мұрағаттық деректер бұдан кейінгі 1933-1935 жылдары Қармақшы ауданын Аққозы Ізбанов деген кісі басқарғандығын айтады. Өкінішке орай облыстық мемлекеттік мұрағатта сақтауда тұрған құжаттарда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ізбановтың, Дүйсеновтың жеке істері жоқ болып шықты. «Айлық ақы ведомостарында Избановтың аты көрсетілмеген» деген анықтама алдық. Дегенмен сұрастыра жүріп көнекөз қариялардың ауызша айтуы бойынша аты – Аққозы екендігін білдік. Алматы жағынан келген деген әңгімелер де болды ел арасында. Қалай болғанда да қиын-қыстау кезеңдерде, яғни әйгілі ашаршылық жылдарынан кейінгі уақыттарда аудан басқарған осы азамат туралы халық пікірі жақсы еді.
Қиын-қыстау кезеңдер деп отырғанымыз, 1932 жылғы жаппай қазақ халқының басына келген ашаршылық нәубетінен кейінгі жылдарда да тойыншылық болып, елдегі жағдайдың күрт жақсарып кетпегені белгілі. Іскерлігімен, кедей-кепшік пен аш-арықтың жағдайын жақсартып жібермесе де, мойынсерік болып, майда-майда артельдер болып күнелтіп отырған халықты панасына алып, қамқорлық жасай бастаған болуы керек, көпшіліктің сый-құрметіне ие болған басшылардың бірі осы Ізбанов. «Ізбанов» деген аты мен атқарған істері жөніндегі есте қалған жақсы әңгімелер үлкен кісілердің аузында кешегі 60-70 жылдарға дейін ілтипатпен айтылып жүрді. Қазіргі баспасөзде, ауызекі әңгімелерде айтыла бермейтін, уақыт қатпарларының тереңіне бойлап бара жатқан тұлғалардың ауданның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында шолу түрінде болса да ескерілгені дұрыс деп есептейміз.
1935 жылы «Ақжар» МТС-і құрылып, оның жұмысы аудандағы «Бозарық», «Жаңа бағыт», «Оян», «Түпбөгет», «Томарбөгет», Карл Маркс, Сталин, Ленин атындағы колхоздарды техника күшімен қамтамасыз етуге бағытталды десек, аудан басшысының ауыл шаруашылық құрылымдарына көмек қолын созған, техникалары мен техниканы игерген мамандары бар осы үлкен мекемені құруға мұрындық болғаны сөзсіз.
1936-1938 жылдар арасында аудан басқарған Жәнібек Өсеров 1905 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Пахта-Арал ауданында туған. Бұл жөнінде өлке тарихын зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай ағамыз: «1937 жылы Жәнібек Өсеров Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы... 1938 жылдың шілде айында Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа ұсынылды» деп жазады аудандық «Қармақшы таңы» газетінің осы жылғы 26 тамыздағы санында.
Бұл кісі ауданға басшылық еткен жылдарда ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі мән беріліп, өнім жинауда бірсыпыра табыстарға қол жеткізілгендігі байқалады.
«Өткен 1937 жыл ауданымыз бойынша күріш егісінің гектарына орта есеппен 27,2 центнерден, 5022 гектар ақ егістен гектарына 9 центнерден, 1536 гектар тары егісінен гектарына 8 центнерден өнім алдық, орта есеппен алғанда колхозшылар еңбек күніне 14 килограмнан астық алады. Колхозшылардың алдыңғы қатарлы стахановшылары жеке бастарының еңбектеріне орасан көп табыс келтірді» деп жазады Қармақшы ауданындағы алдыңғы қатарлы стахановшы колхозшылардың, колхозшы әйелдердің үндеу хатында («Қызыл ту» газеті 27 қаңтар 1938 жыл, №9).
Бұдан кейін ауданды басқарған Қанибек Өтепов 1937 жылғы қарашадан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1938 жылдың шілде айынан бастап 1940 жылдарға дейін бірінші хатшы болып сайланды ма деп шамалаймыз. Жеке іс парағында: «1937 жылғы қарашадан ВК(б)П Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық комитетінің екінші, кейін бірінші хатшысы болып жұмыс атқарған» деп бір-ақ көрсетілген.
Қ.Өтепов 1905 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Пахта-Арал ауданының Қызыл Абад колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі жастай қайтыс болып, жетім өскен.
1917 жылдың тамыз айына дейін Ташкент қаласында қараусыз жүрген баланы Сырдария болысының Пахта-Арал ауданындағы Пакровский селосында бір кулак өзіне бақташы етіп 1921 жылға дейін ұстайды. Талайлы тағдыры оның 1921 жылғы наурыз бен 1922 жылғы қазан аралығында Мырзашөл қаласында №2 балалар үйінде тәрбиеленуіне, 1922 жылғы қазан мен 1923 жылғы мамырға дейін Ташкент қаласы партия совет мектебінде (СПШ) оқып білім алуына жол ашады.
1923 жылғы қыркүйек пен 1926 жылғы мамыр айларында Ташкент қаласында Ленин атындағы Орта Азия Коммунистік университетінде оқып, 1937 жылғы маусым-қазан аралығында Москва қаласындағы ВК(б)П Орталық Комитеті жанындағы коммунистік шаруашылық жұмысшылар мектебінде директорлық курсты бітіреді.
1930-1937 жылдар арасында Қаратас ауданында аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ванновка селосындағы Түлкібас аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары, 1933 жылдың қарашасы мен – 1934 жылдың қыркүйек аралығында ВК(б)П Қармақшы аудандық комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ВК(б)П Тереңөзек аудандық комитеті хатшысының орынбасары, тағы басқа көптеген қызметтер атқарған.
Бұл кісі аудан басқарған уақыттағы бір жаңалық ретінде ҚК(б)П Орталық комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1938 жылғы 3 наурыздағы «Көшіп келген кәрістерді қоныстандыру мен шаруашылыққа орналастыру туралы» қаулысына сәйкес Қармақшы ауданына 1850 кәріс отбасы бөлінгендігін және сол жылы күз айында ІІІ Интернационал колхозы құрылып, оның басқарма басшылығына Цай Ден Хак сайланғандығын айтуға болады.
Ауданға 1940-1943 жылдар арасында басшылық еткен Төлепбергенов Жаппасқали 1908 жылы Ақтөбе облысы, Ключевский ауданындағы Батпақты ауылдық советінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Октябрь революциясына дейін егін егіп, өзінің азғантай шаруашылығымен күн көрген әкесі 1921 жылы қайтыс болады.
1921-1925 жылдары ауылындағы Дарбаев және Молдабаев деген байлардың есігінде жүреді. 1928-1940 жылдар аралығында Ключевский ауданындағы №14 ауылда ауылдық советтік секретары, Ақтөбе ауданында аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Талас ауданында және Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандарында ЛКСМК аудандық комитетінің хатшысы, Шиелі және Жалағаш аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Бұл кісінің аудан басқарған уақыты соғыс жылдарының алғашқы кезеңдеріне тура келді.
Аудандағы ер азаматтары майданға аттанған 38 колхоздың еңбекшілері ерен қимыл жасап, қолда бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, майдан даласына көмек ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Колхозшылар негізінен әйелдер мен еңбекке жарамды балалар қатарынан толықтырылған еді.
1943 жылдың 11 қаңтарына дейінгі мәліметтер бойынша ауданда «Қазақстан колхоздары» танк колоннасын жасау қорына 301 миллион сом қаржы жиналды. Осы кезеңде аудандағы жеке колхозшылар ұйымдардан партияның жоғарғы органдарына:
«Москва, Кремль. Сталин жолдасқа Менің Отан үшін істеген сыйлығымды қабыл етіңіз. Өз қаражатымнан «Қызылорда колхозшысы» танк колоннасын жасау қорына 105 мың сом ақшаны мемлекет банкасына өткіздім.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы «Бозарық» колхозының мүшесімін, екі балам майданда Отанын қорғап жүр. Есенбеков Ескөбек 8 январь 1943 жыл» –деген мазмұндағы телеграммалар мен «Соғыс жылының екінші көктем егісіне соғыстағыша кірісіп, ерте дәнді ақ егісті қысқа срокте аяқтаған колхозшылар: Чапаев, Чкалов атындағы және «Ақбел», «ІІІ Интернационал», «Червонная земля», «Бозарқаш» 5 жұмыс күнінде; Энгельс атындағы колхоз 6 жұмыс күнінде, «Жаңажол», «Абыла», Комсомол атындағы колхоздар 7-8 жұмыс күнінде; 1 Май атындағы және «Оян», «Жаңа тұрмыс», Киров, Сталин атындағы колхоздар 9-10 жұмыс күнінде орындады», – деген сипатындағы рапорттар үздіксіз жолданып жатты.
Соғыс уақытының қиын жағдайына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1942 жылғы 23 желтоқсандағы жарлығымен Қазақ ССР Еңбекшілер депутаттарының облыстық, аудандық, қалалық, селолық, станциялық, қыстақтық және поселкелік советтерінің сайлауы бір жылға кейінге қалдырылды.
1943 жылы 26 июнь күні аупарткомның ХІV пленумы болды. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлепбергенов Жаппасқали пленум мүшелігінен және қызыметінен босатылды да аупартком пленумы және бюро мүшелігіне Жаңаберген Дүйсенов өтті.
Өкінішке орай, жоғарыда айтқанымыздай Ж.Дүйсеновтың өмірдерегі жайлы мәліметтер табылмады. Дегенмен ол кісінің ауданға басшылық еткен жылдарындағы аудандық «Қызыл ту» газетінің беттерінен: «Аудандық заготживсырье конторының қызметкерлері 1943 жылдың шикізат дайындау планын срогінен ай жарым бұрын орындады», «аудан колхоздарында көктемде қосқа шығарылатын 291 соқа, 544 тырма, 357 хомут, тасымал жұмысына пайдаланылатын 132 арба, тағы басқа ауыл шаруашылығы құралдары бар», «Үбіс жармасын қазу жұмысы 1943 жылғы 6 декабрьден басталды да, 1944 жылғы 6 январға дейін 11 мың метр жері қолмен қазылып шықты» деген сияқты жағымды жаңалықтарды кездестіруге болады.
Үбіс жармасын қазуға қатысқан «Томарбөгет» колхозшыларына аудандық су мекемесінің ауыспалы Қызыл туы тапсырылды. Стахановшыларына 1,5 центнер астық берілді. Сондай-ақ жарма қазуда ерекше еңбек еткен «Оян» колхозы стахановшыларына 1 центнер, «Түпбөгет» колхозының стахановшыларына 0,5 центнер астық сыйлыққа берілді.
Чкалов атындағы колхоздың председателі Ескөбек Есенбеков, орынбасары Ысқақ Тобағабыловтар Сталин каналын қазуда ерен еңбек үлгісін көрсетіп, канал құрылысының Қызыл туын жеңіп алды. Канал қазу ісінде Сталин атындағы колхоздың мүшесі Каленова Өзипа ерекше қайратымен көзге түсіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының жарлығы бойынша Жоғарғы Советтің Құрмет Грамотасына ие болды. Сталин атындағы каналды қазу, тазалау жұмысына аудан колхозшылары жоғары деңгейде жұмыс жасады. Бұған 300-ден астам стахановшы-жұмысшылар қатысып, 153 кубометр топырақ шығару жоспарын толық орындады.
Техника саны аз, оларға қажетті қосалқы бөлшектердің тапшы кезінде мұз бұзылу қаупі жоғары болып, дарияның жарынан су асып кетпес үшін қауіпті жерлерге бөгет, қашылар соғылды. Су тасқынына қарсы күресетін төтенше комиссияның қаулысы бойынша кезінде мұз бұзылуы қашан өткенше күн-түні жауапты қызметкерлер қарауылдар сапында болды. Майданнан соққан ызғырықты леп пен қытымыр қыстың ызғары күшіне мінген бұл кезең еліміздің барлық түкпіріндегі сияқты біздің аудан еңбеккерлері үшін де оңай болған жоқ. Соған қарамастан 1945 жылғы 25 наурыздан бастап аудан колхозшылары көлікке соқа жегіп, қосқа шықты.
Ақжар МТС-і қамтуындағы Аю, Қурайлы, Үбіс, Наурызбай жармаларының бойындағы бірнеше колхоз егінді тоң жарма етіп егу әдісімен көктемгі егіс жұмысын бастап кетті.
Өндіріс саласы жанданып, аудан экономикасының өсуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз үлесін қосты. Механикалық зауыт директоры Храпых, партбюро секретары Тоқболатов мекемедегі жұмысшы-қызметкерлерді ұйымдастырып, зауыт бағының ішіне адамдар демалып отыратын, түрлі ойындар ойнайтын көрнекті орындар жасатты. Жазғы клубты оңдап, жұртшылыққа кино көретін жағдайға келтірді.
Жосалы механикалық зауыты саябағындағы бұл демалыс орындары кешегі тоқсаныншы жылдардың басына дейін аудан халқының игілігіне қызмет жасады.
1945 жылғы қарашаның 20-сында ҚК(б)П аудандық комитетінің V Пленумы өтті. Пленумның ұйымдастыру мәселесі бойынша Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің бірінші секретары Жаңаберген Дүйсенов қызметінен босатылып, бұл лауазымға Мырзалиев Нығмет Мырзалыұлы лайықты деп табылды.
Нығмет Мырзалиев 1907 жылы Орал облысы, Жәнібек ауданы, Мұратсай ауылдық советінде жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келеді. 1937 жылдың қараша айында партия қатарына алынады. Білімі аяқталмаған жоғары. 1950 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің жанындағы республикалық партия мектебін бітірген. «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдардың және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Құрмет Грамотасының иегері. Өмірбаяндық деректеріне көз салсақ, жастайынан қиындықтарды көп көрген сияқты. 1921 жылғы сәуір-1924 желтоқсан аралығында Төменгі-Волга өлкесіндегі Байқадам селосында Морозов Александр деген кулактың есігінде жүрген батрак. 1924-1936 жылдар арасында осы кулактың диірмен механигі, Орал облысы, Жәнібек ауданындағы Крупская атындағы колхоздың тракторисі, осы аудандағы Мұратсай ауылдық советінің председателі, Жәнібек ауданындағы Крупская атындағы колхоздың председателі.
1937-1943 жылдар аралығында Қаракеткен МТС-і директорының орынбасары, Қармақшы аудандық Жер бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы, Тереңөзек ауданындағы Аламесек МТС-інің саяси бөлімінің бастығы және басқа да қызметтер атқарған. 1943 жылғы шілдеден бастап Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1945 жылдың қарашасы мен 1947 жылдың қарашасы аралығында бірінші хатшысы болды.
1947-1964 жылдар аралығында Еңбекшілер депутаттары Жаңақорған аудандық атқару комитетінің председателі, Алматы қаласындағы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы 2 жылдық республикалық партия мектебінің тыңдаушысы, Шиелі аудандық атқару комитетінің председателі, Жалағаш аудандық атқару комитетінің председателі қызметтерін атқарып, 1964 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Соғыстан кейінгі халықшаруашылығын қалпына келтірудің қиын кезеңдерінде аудандағы бірқатар колхоздың малшыларын қоғамдастырып, Қызылқұм өңіріне мал қыстату ісін жолға қойды. Қызылқұмдық қысқы қоныстың жайылымдық жер көлемінің ұзындығы 200, ені 110-130 шақырым көлемінде еді. Осы жерлерге Сырдың Қуаң бетіндегі 11 колхозының мал фермаларын қыстатып, оған жергілікті құрылыс материалдарынан шопандарға үй-жай, мал қораларын салдыру ісін біліктілікпен басқарып, әр іске елді ұйымдастырудың озық үлгісін көрсетті.
Шаруашылық жұмыстарында түрлі қиындықтар болмай тұрмайды. Ауданда 16 колхоздың егініне шегірткеден қаупі төнді. «1 Май», «Жаңа бақыт», «Бозарқаш», Жосалы ауылындағы Каганович колхоздары қатерлі жағдайда қалды. Колхозшылардың жаз бойғы еңбегін қорғап қалу үшін шегірткемен күреске көрші колхоздар мен аудан орталығындағы мекемелер, оқушылар күші көмекке жұмылдырылды.
Қысқа дайындық барысында 1946 жылғы 15 маусымда «Түп бөгет» колхозының 19 жұмысшысы 10 шалғы, 9 қолорақпен шөп шабуға кірісіп, 8 жұмыс күні ішінде 88 гектар жердің шөбін шапты. 168 тонна мал азығын дайын етті.
Ал Ворошилов атындағы колхоздың колхозшылары мемлекетке тапсыруға тиісті 116 килограмм майды 21 маусымға дейін май дайындау пунктіне өткізіп, жылдық жоспарды бірінші болып орындады. Осы жылғы 24 шілде күні Қарақұмнан 120 түйе жүк артқан қызыл керуен келді. Қызыл туын желбіретіп, Қармақшы қыстағын 4 рет айналып шықты. Тұрғылықты халықтың қошеметімен дайындау пунктіне келген олар 193 центнер жүн, 11 центнер брынза тапсырды деп көрсетеді сол жылдардағы аудандық басылым беттерінде.
Майданнан аман оралған азаматтар ауданның өндіріс саласында, ауыл шаруашылығында, мәдени-әлеуметтік сала қызметтерінде белсенді қызмет жасады. «Қызыл ту» газетінің бұрынғы таңдаулы тілшілері Асқар Қожахметов, Омар Қошыманов, Әбдіқадір Қылышбаев, Мұзарап Жүсіпов, Тілеген Әбдікешовтер неміс-фашист басқыншыларына қарсы кескілескен ұрыстарда болып, қиыншылық күндерді басынан өткергеніне қарамастан еңбек майданына араласып кетті. Осы кісілер сықылды мыңдаған жауынгерлер Отанына оралып, өздерінің қажырлылығымен, жігерлілігімен шаруашылықтың әр саласында адал еңбек үлгісін көрсетті.
1947 жылдың қарашасынан 1953 жылдың желтоқсанына дейін аудан тізгінін Сейдулла Оспанов ұстады. С.Оспанов 1918 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, ХVІІІ партсъезд атындағы колхозда (Майлықұм колхозы) кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. 1939 жылы Қызылорда жол қатынастары техникумынан «Паровоз шаруашылығы технигі» мамандығын алып шығып, 1957 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. 1939 жылғы қыркүйектен КПСС мүшесі.
1939 жылы Қызылорда жол қатынастары техникумын бітірісімен ҚК(б)П Қызылорда қалалық комитеті кадр бөлімінің нұсқаушысы қызметіне кірісті. 1940-1943 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитеті кадр бөлісінің нұсқаушысы, кадр бөлімінің сектор меңгерішісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия қызметкерлері 6 айлық курсының тыңдаушысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті кадр бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
1943 жылғы қыркүйектен Қазақстан ЛКСМ Қызылорда облыстық комитетінің хатшысы, 1945 жылғы қараша айынан бастап ҚКП Қызылорда облыстық комитетінің ұйымдастыру нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі болып, 1947 жылдың қарашасы мен 1953 желтоқсан аралығында Қазақстан компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Бұдан кейінгі жылдарда да Қазақстан компартиясы Жаңақорған, Шиелі аудандарында аудандық комитеттің бірінші хатшысы қызметінде болды. 1957 жылдың мамыр айынан Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің екінші, 1958 маусым айынан бірінші хатшысы болып қазмет етті. 1962 жылы Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.
Бұл кісі ауданға басшылық еткен жылдарды аудандағы Осоавиахим ұйымына 4550 мүше тартылып, олар 108 бастауыш ұйымда жұмыс істеді. 1949 жылы ІІІ Интернационал колхозының Ленин орденді күрішшісі Пак Чин Ир егілген күріштің әр гектарынан 105 центнерден өнім алуды қамтамасыз етіп, КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1950 жылғы 21 маусымдағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атаққа ие болды.
1951 жылы ауданымыздың егін шаруашылығында 1397 әйел еңбек етіп, 417 әйел стахановшы қатарына қосылды. Осы жылы өткен жергілікті советтердің сайлауында 1 әйел облыстық, 17 әйел аудандық, 56 әйел қыстақ және ауылдық советтердің депутаттығына сайланды. 38 әйел ҚК(б)П аудандық комитетінің номенклатурасына жататын жауапты қызметтерде қызмет атқарып, 9 әйел аудандық партия комитетінің мүшесі болды.
Ауданда Сталин, Карл Маркс, Ленин, Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоздардың ондаған мың қойлары Қарақ қысқы мал жайылымдарына орналастырылды. Аудан орталығынан 146 шақырым жердегі Қызылқұмның Қарақ участогінде гидрометстанса орналастырылды. Мұнда бірнеше ғылыми қызметкерлер Қызылқұмның ауа райын, өсімдігін, суын зерттеп, аудан колхоздарындағы қоғамдық малдар үшін Қызылқұмды пайдаланудың тиімді жолдарын қарастыруда табысты жұмыстар жасады.
1952 жылы Жосалы механикалық зауытының дирекциясына зауыт жұмысшы-мастерлерінің тәжірибесінен қорытылған 98 рационализаторлық ұсыныс түсті. Оның ішінен 65 ұсыныс қабылданып, өндіріске пайдаланылды. Осы ұсыныстар негізінде зауытқа 14 200 сом пайда түсті.
Аудан шаруашылықтары, атап айтқанда, Энгельс, Каганович, Молотов атындағы колхоздар бұрынғы жұмыс істеп жүрген машиналардың үстіне бір-бір жүк машиналарын алды. Сөйтіп, аудандағы колхоздардың көпшілігінде екі-үштен жүк машинасы болды. Жосалы дистансасының коллективі де қажырлылықпен жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттырды. Ішкі мүмкіншіліктерді ойдағыдай пайдалана отырып, наурыз айында 11 шақырым жолға жөндеу жүргізді. Сөйтіп айлық тапсырманы 150 пайызға орындады.
Күз айларында Молотов атындағы колхоздың колхозшылары су үшін күресті тыңғылықты ұйымдастырып, өткен күзде Томарүйген, Балажарма сияқты су жолдарын тазартты. Мұның өзі сол шаруашылықтардағы 280 гектар бидай, 200 гектар күріш, 50 гектар арпа, тағы басқа дақылдарды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоздың Қарақұм мал жайылымында күзем қырқу жұмысында қол қырықтықпен жоспардағы 50 қойдың орнына 60-65-тен қой қырыққан қырықтықшылар Төртбаев, Жарасбаев, Исаевтар үздік орынды иеленді. 1953 жылғы желтоқсан айынан 1954 жылғы шілде айына дейінгі аралықта аудан басшылығына Сүлеймен Айтмағамбетов келді. Ол 1921 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозында кедей-шаруа отбасында туған. Аяқталмаған жоғары білімді. Негізгі мамандығы оқытушы. ҚК(б)П мүшелігіне 1940 жылы қабылданған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медалмен марапатталған. Аудандық советтің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі. Облыстық комитеттің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған.
1939-1953 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищенің кітапхана меңгерушісі, осы училищеде сыртта оқу бөлімінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Жаңақорған аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі бола жүрып жоғарғы партия мектебін бітірген. 1953-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1954 жылдың шілде айынан Қармақшы аудандық атқару комитетінің председателі, соңына таман Тереңөзек аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып ауысты.
1954 жылдың шілде айынан 1961 жылдың тамыз айына дейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін Көмекбай Қаракөзов атқарды. Ол кісі 1915 жылы 11 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы қаласында кедей-шаруаның отбасында туған. 1938 жылы Қазалы зооветеринарлық техникумын бітірген. 1939 жылы қараша айында партия қатарына қабылданған. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын тарихшы мамандығы бойынша бітіріп, Қазалы аудандық атқару комитеті Осоавиахимде әскери оқу командирі, аудандық партия комитетінде әскери бөлімнің меңгерушісі болды.
Қазақстан компартиясы Қазалы, Жаңақорған аудандық комитеттерінде екінші хатшы, Шиелі аудандық комитетінде бірінші хатшы қызметтерін атқарды. 1952-1954 жылдар аралығында Еңбекшілер депутаттары облыстық советі атқару комитетінің жауапты хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары болды. 1954 маусымы мен 1961 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің бірінші секретары болса, 1961-1976 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Сырдария аудандық комитетінің бірінші секретары, Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, облыс бойынша жем-шөп дайындайтын совхоздардың облыстық тресс директоры қызметтерінде болып, құрметті дербес зейнеткерлер қатарына қосылды.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің партия мектебінде «Партия тарихы» бөлімінде оқыған. «Еңбек Қызыл ту» орденімен және бірнеше медалмен марапатталған.
К.Қаракөзов 1954 жылы осы қызметке келісімен Қарақұм мал жайылымындағы Жапақ жайлауында көшпелі аурухана ашып, оның меңгерушісі етіп фелдьшер Қасымхан Омаровты белгіледі. Мұның өзі алыс мал жайылымындағы шопан отбасылары үшін елеулі оқиға болды.
Ақжар МТС-інің атақты тракторисі Қасымтай Ізтілеуовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен ең жоғарғы награда – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл жөнінде 15 қаңтар күні түс мезгілінде өткен жұмысшы-қызметкерлердің митингісінде МТС директоры Әбдуәли Бөлегенов хабарлады.
Осы жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылаған №12 Жосалы дистансасының ұжымы Орынбор теміржолы басқармасы мен кәсіпшілдер одағының ауыспалы Қызыл туын иеленді. Дистанса бойынша 20-дан астам еңбек озаты ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды.
1957 жылы Ақжар МТС-і, Сталин атындағы колхоз және «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхоздары бірігіп, Ақжар кеңшары болып құрылды. Оның алғашқы директоры Әбдуәли Бөлегенов болды. 1958 жылы Қармақшы совхозының орталығында 80 орындық клуб үйі салынып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмысын уақытылы және сапалы аяқтауда комсомолдар Н.Сәдуов, К.Сәтмаханов, О.Борнабаевтар ерекше еңбек үлгісін көрсетті. 1958 жылғы қыркүйек айында Қармақшы МТС-і жөндеу-техникалық стансасы болып қайта құрылды. 70 механизатор, жұмысшы-қызметкерлер еңбек еткен РТС ұжымы кездескен қиыншылықтарды жеңе отырып, колхоздарға техникалық көмектер көрсету жолында аянбай еңбек етті.
Теміржол торабында 40 орындық асхана өз жұмысын бастады. Мұнда қызмет еткен аспаздар мен ұжым жұмыскерлері тағам түрлерін көбейтумен бірге оның сапасын жақсартуға да көптеген ізденісті жұмыстар жасады. Осы жылдары Жосалы поселкесінде 3 орта, 1 жетіжылдық, 1 кешкі жұмысшы-жастар мектебі ұстаздары жас ұрпаққа оқу-тәрбие беру жұмысында аянбай тер төгіп, мектеп ғимараттарын, оқу шеберханалары мен химия, физика, тағы басқа кабинеттерді өз күштерімен жәй және күрделі жөндеуден өткізуде жұмысшы қызметкерлерге үлкен қолғабыс көрсетті.
Жоғары сыныптарда өндіріс негіздерінен практикум сабақтарының сапасы жақсарды. Материалдық базасы нығая түсті. Оқушылар ауыл шаруашылығы дақылдары және ауыл шаруашылығы машиналарымен жете танысып, мектептер тракторист, комбайнер, шофер мамандықтары бойынша дайындықтардан өтті7 Аудандағы 16 мектептің алтауының жанынан буфет ашылды. Малшы балаларына жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісіндегі үкімет қамқорлығы негізінде ауданда 1 пансион, 2 бюджеттік, 3 қоғамдық интернат жұмыс істеп, оларда 300-ге жуық бала тәрбиеленді. Мәдениет саласы бойынша ауданда 19 клуб, малшылар арасында 2 қызыл отау, 2 оқу үйі, 1 автоклуб жұмыс істеді.
Аудан орталығында 75 орындық бір аурухана, ауылдарда 35 орындық 3 аурухана, 17 фелдьшерлік-акушеркалық пункт жұмыс істеді. Мұнан басқа 10 орындық транспорттық 1 аурухана, Жосалы аэропорты және механикалық зауыт жанында дәрігерлік пункттер, аудан орталығында 3 және ауылдық жерде 1 дәріхана болды.
1961 жылы Ақжар ауылында 400 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Клубта кітапхана, оқу залы, кіші зал, биллиард ойын бөлмесі мен түрлі үйірме жұмыстарын өткізуге арналған бөлмелер болды. Уақыт талабына сай салынған бұл клуб ішкі, сыртқы безендірілуімен сол кезде мәдениет үйі деңгейіндегі ғимарат болып саналды. Ерлі-зайыпты сылақшы-сыршылар Людвиг Циммерман, Антонина Филатованың оюшы-суретші ретіндегі қолы тиген жұмыстарының сәні мен сапасын ақжарлықтар аңыз етіп айтып жүрді.
Ақжар совхозы орталығынан «Финский» деп аталып кеткен ондаған тұрғын үй салынып, орталық бір көшені түзеді. Ол үйлерге ауылдағы мектеп, аурухана, тағы басқа мекемелерге және совхоз шаруашылығына қажет деп алдырылған жас мамандар кіргізілді.
Бұл жұмыстардың бәрінде де жұмыста іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ел арасында үлкен бедел иесі болған совхоз директоры Әбдуәли Бөлегеновтің де зор үлесі бар екенін айта кетуіміз керек. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісінде Қазақстан КП аудандық комитетінің IV Пленумында сөз алған Ақжар совхозының директоры Ә. Бөлегенов:
– Мал шаруашылығын шұғыл өркендету сөз болып отырғанда жер мен суды пайдаланудың маңызы зор екендігін айта келіп, «Қурайлы» каналының аяғын Жетіасар даласына дейін созу керек, – десе, Чапаев атындағы колхоздың председателі Қосжанов та Наурызбай каналын созып, «Киікшіқазғанға» жеткізу жөнінде ұсыныстар жасады. Бұл ұсыныстар бойынша жасалған жұмыстар тиісінше егістік жерлерді кеңейтуге бағытталып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өз нәтижесін берді.
1961 жылғы наурызда колхоздар мен совхоздарда ауыл шаруашылығы техникасын, қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыштар және басқа да құрал-жабдықтарды сату, техникаларды жөндеу және пайдалану ісін ұйымдастыру жөніндегі республикалық бірлестігі жер жерде «Қазсельхозтехника» мекемесі болып қайта құрылды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ