» » » "Қармақшы таңы" – Жеңіс жылдарында

"Қармақшы таңы" – Жеңіс жылдарында

ҚК(Б)П ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ 1945 ЖЫЛҒЫ НОЯБРЬДІҢ 20-СЫ КҮНІ ӨТКЕН V ПЛЕНУМЫНДА МЫРЗАЛИЕВ АУПАРТКОМНЫҢ БІРІНШІ СЕКРЕТАРЛЫҒЫНА САЙЛАНДЫ. БҰДАН БҰРЫН БҰЛ ҚЫЗМЕТТІ ДҮЙСЕНОВ АТҚАРҒАН. ЕКІНШІ ХАТШЫ БОЛЫП САЙЛЫБАЕВ, ХАТШЫСЫ БОЛЫП КҮЗЕРБАЕВ САЙЛАНДЫ.
Пленум жұмысына ҚК(б)П облыстық комитетінің секретары Долженко қа­тысып, сөз сөйледі деп көрсетеді «Қызыл Ту» газетінің 1945 жылғы 27 ноябрьдегі №46 санында.
Газет сондай-ақ «Партия тұрмысы» деген айдармен ҚК(б)П аудандық ко­митетінің V Пленумының қараған мәсе­лелері жөнінде арнайы хабар ұй­ым­дастырған.
Қаралған мәселе бойынша Еңбек­ші­лер депутаттары аудандық советі ат­қару комитетінің председателі О.Сал­мурзин «Күзгі каналдарды тазалау жұ­мысының орындалуы туралы» баяндама жасаған.
Баяндамадан су пайдалану, су шаруашылығы мәселелерінің күрделі болғандығы байқалады. Айталық, Сталин атындағы каналды қазу кезінде 153000 куб метр топырақ шығарылып, оны кетпен, күректі пайдалана отырып қолмен тазалауда 300-ден астам адам еңбек еткен. Сол күндерде еңбек майданында «Стахановшылар» деген атқа ие болып, күнделікті нормасын 2-2,5 есе артығымен орындаған Сталин атындағы колхоздың мүшесі Кәленова Өзипа озат еңбегімен Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының указы бойынша Жоғарғы награда – Құрмет Грамотасымен марапатталғаны көрсетіледі.
Колхоз егісіне даярлықты сапалы жүргізуде каналдар мен арықтар қазу, оны тазалап отыру, су пайдалануды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, егіс танабының судан қалуына жол бермеу басты мәселе саналып, Аю, Қурайлы, Нау­рызбай каналдарын тазалауда 83 200 куб метр топырақ шығаруға дейін қол жұмыстары атқарылған.
Әкеміз айтып отыратын мына бір әңгіме есіме түсіп отыр.
– Жарма қазушылар «талтақ» деп аталатын жер өлшеу құралымен өздеріне бөліп берген жерді қазып, топырағын жарманың екі жағына кезек тастап отырады. Ортасы ойылған жердің екі беті үйіліп, биіктей береді. Кейбір көтермелерде алынған топырақты 6 метрдей биіктікке атуға тура келеді. Сондайда арасына екі метрден салған үш жігіт топырақты бірі лақтырып, екіншісі кетпенмен қағып алып әрі жібергенде жерге бір уыс топырақ түсірмейтін шебер-кетпеншілер болып еді. Жұмысшы кетпендерінің басы татау­сыз аппақ болып, күмістей жалтырап, күнге шағылысып тұратын. Сондай күндердің бірінде түскі үзіліс уақытында сәті түскен көлеңкеде терсіңді орамалдарымызды жайып жіберіп, үйден әкелген нанымыз бен ашыған көжемізді алдымызға ала берген кезіміз еді. Жұмысшылардың түскі асына деп өгіз арбамен орталықтан даярлап әкелген ботқаны әркімнің ыдысына бір ожаудан салып беретін поварлар келе қалды. Әрқайсысымыз тостағанымызды апарып, тамақ салдырып алып жатырмыз. Үйден тостаған алып шықпаған ба, Мақсұт деген ағамыз: «маған мынаған салып бер» деп, кетпенін тоса қойғаны! Сонда әлгі кетпеннің басында бір қарайып, тот басқан жері болсайшы! Тіпті сумен шаюдың да керегі жоқ. Міне, еңбек кетпендері о кезде жер жыртқан соқадай жалтырап тұратын еді ғой, – деген еді.
Иә, аудандық партия комитетінің осы пленумында №12 ауылдық совет аткомының председателі Түменбаева Тән, «Қаракөл» колхозының басқармасы Ысқақов, «Бидайкөл» колхозының басқармасы Дәлібековтердің канал қазу, тазалау жұмыстарындағы дұрыс басшылығы атап көрсетілген. Бұл жұмыстарға осындай 38 колхоздың еңбекшілері жұмылдырылды.
Сонымен бірге Чкалов атындағы колхоздың колхозшылары Сталин каналын қазуда ерекше ұйымшылдық көрсеткендігі, Канал құрылысы мекемесінің Қызыл туын жеңіп алғандығы айтылады тағы бір мақалада. Колхоз председателінің орынбасары Ысқақ Тобағабылов жолдас басқарған жұмысын тындырымды орындайды, деп осы жұмысты ұйымдастырушының іскерлігін айтумен бірге, Ескөбек Есенбеков бастаған бұл колхоздың шаруашылықтың барлық саласында алдыңғы қатарда келе жатқандығына тоқталады.
Суландыру жүйесінде бұлардан бөлек «Жаңабай жармасы» деген де атау кездеседі.
– «Жаңабай» жармасынан пайдаланатын «1 Май», Каганович және «Қаракөл», «Абыла» колхоздары мұз бұзыларда тасқын су жармаға, кейбір қашыларға зияны болар деген қауіпті жерлерді бекіту үшін 100-ден астам түйе қамыс төгуді ұйғарды, деп жазады. Және аталған колхоздардың бұл жұмысты тиянақты орындап, көктемгі егіске дайындық жұмыстары кезінде суды үнемді пайдалануда ыждағаттылық көрсеткені айтылады.
Су демекші, 1945 жылдары аудандық су бөлімінің бастығы болған Чегай деген кісінің аты аталады.
«Қызыл Ту» газетінің 1945 жылғы 29 март күнгі №13 санындағы хабарлардың бірінде:
«Диханшылықтың ең жақсы түрі – егінді тоң жарма етіп егу әдісі кейбір колхозда толық еске алынды. Дария бойында Жамбыл атындағы колхоздың колхозшылары ауданда бірінші болып көктем егісіне кірісті. Колхозшылар соқаны көлікке жегіп 27 марттан бастап қосқа шықты.
Сондай-ақ МТС қамтуындағы Аю, Қурайлы, Үбіс, Наурызбай жар­ма­ларының бойындағы бірнеше колхоздар бүгін, ертең қосқа шығуға әзірленуде» деп көктемгі егіс жұмысын бастап кеткен шаруашылықтарды көрсетсе, екінші бір мақалада:
«Су тасқынына қарсы күресетін төтенше комиссиенің қаулысы бойынша, поселкелік советтің басқаруымен аудандық мекемелердің, өнеркәсіп орындарының жүздеген адамдарының қатысуымен қаланы су тасқынынан қорғаудың жұмысы басталды. Мұз бұзылуда дарияның жарынан су асып кетпес үшін қауіпті жерлерге бөгет, қашы соғылды. Бұл жұмыс әлі ұқыптылықпен құнтталып істелуде. Мұздың бұзылуы қашан тұстан өткенше күн-түні жауапты қарауылдар болады» деп сең қозғалып, жарықтық Сыр суының тасқынына төтеп беріп, елді мекендер мен егістік жерлерді сақтап қалудағы халықтың ұйымшылдықпен еткен жан кешті қимылдарын жан-жақты суреттейді.
Мұның өзі алған жарақатына байланысты соғыс қимылдарына жарамай елге келген жаралы майдангерлер мен әйел, бала-шағаның жасап жатқан ерен қимылы екенін ескерсек, ел бойындағы жеңіске деген ұмтылыс пен Отанға деген сүйіспеншіліктен туған ерлік пен өрлікті аңғару қиын емес.
Неміс фашист басқыншыларына қар­­сы зұл­матты соғыста еңбек май­данындағы ос­ындай қызу жұмыс­тармен бірге жеңісті жақындатқан рухты жырлар да ақындар қаламынан қарша борап, жеңіле бастаған жаудың құтын қашыра түсті.
Чкалов атындағы колхоздың қарт мүшесі Тәжібай Бөрібаевтың мына бір шумақтарынан да сол кездегі заман су­ретін көруге болады:
– Қарт құрбым, колхоздағы
жарысқа кел!
Ашайық өндірістің арнасын мол.
Дұшпанға табыспенен оқ атуға,
Сыр суын шалқытайық ағызып көл.
Көп өнім жерден биыл алу үшін
Еңбекке шықсын тегіс бар жұмыс қол.
Мен, міне алпыс асқан жаста тұрмын,
Сонда да қажырлы іске байладым бел.
Табыспен тылдан тарту әзірлейік,
Ұлдарға майдандағы кел, соған кел.
Омыраулап ұмтылайық құба нарша,
Кетпеннен ұшқан топырақ
жаусын қарша.
Берлинге атқан топырақ барып түссін,
Ит дұшпан тез көмілсін іштен жанса.
Әуелде оңайсынып тигенменен,
Жұлынды сұмрайлардың мойны
талша...
Иә, ұрпақ бойында ұлттық рухты қалыптастыру, олардың ел мен жерге деген сүйіспеншілігін күшейту қай кезде де күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе ғой!

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы редакторы,
ардагер журналист
09 мамыр 2022 ж. 548 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031