» » » Шайырлар өңірінің шамшырағы

Шайырлар өңірінің шамшырағы

«Қызыл ту» газетінің соғыс жылдарынан қалған, шаң басқан архивтегі дәрі иісі сіңген, сарғайған беттерін парақтай отырып, тілшілер қатарында Махаш Садақбаев, Қасым Жүсіпов, С.Тұяқбай, М.Досжанов, Ж.Қалмахан, Ә.Жаханов, О.Ысқақов, A.Олжабаев, C.Қабыл, М.Жеңсікбаев, Ә.Иманғалиев, Т.Байсалов, Тәжібаев, А.Смайлов, С.Мейірман деп қол қойған есімдерді жиі көреміз.
Газет шығару өндірісінде де ма- мандар жанкештілікпен жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы кезінде аудандық баспаханада бет басушы болып қызмет еткен Ізбасар Пірімов: «Газет басып шығару ол кезде электр жарығы болмағандықтан кетпенмен егін еккенмен бірдей болатын. Неге дейсіз ғой? Шетелдік баспа құралдың тұтқасын аяғымызбен басып, бір қолымызбен қағазды оның бетіне саламыз да, енді бір қолымызбан оған ілесе келесі бетін аударып, терлеп-тепшіп басып шығаратынбыз. Сондай қарбалас кезде сол қолыммен басылған газетті алып жатқанда үш саусағым баспа құралының арасында қалып қойып, кесіліп түсті. Осындай қиыншылықтарға қарамастан күн-түн демей еңбек етіп, газетті шығарып, оны мезгілінде оқырмандарға жеткізуге асығатын едік. Оқ пен оттың арасында жүрген жауынгер ақындар Омар Қошыманов, Бисенбай Қасқырбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Әбзәли Егізбаев, Асқар Қожахметов, Мұзарап Жүсіповтердің үш бұрышты хаттары мен өлеңдері «Қызыл ту» газетінің беттерінде жарық көріп жататын» деп жазады.
Мәселен, «Қызыл ту» газетінің 1943 жылғы 4 қыркүйек күнгі No44 санына ақын Асқар Қожахметовтің «Жеңеміз жауды, жеңеміз!», 1945 жылғы 19 шілде күнгі No28 санына «Ел қуанышы» деген өлеңдері жарияланған. «Майданда да, тылда да, Бір ғана мақсат сол үшін, Сондықтан жауды жеңеміз» деген Асқар ақын өлеңдері газет оқырмандарына рух бергені сөзсіз.
Газет айналасындағы аз ғана адам жауды жеңеміз деген өршіл рухпен жұмыс істеді. Ізбасар Пірімов: «Менің тілші, Қазақстан Журналистер Одағына мүше болуыма «Қызыл ту» газетінің сол кездегі редакторы, туған нағашым Сахи Жарылқасыновтың көп ықпалы болды. Бет басушы газеттің келесі санын шығарғанға дейін бос болады. Редакцияда санаулы ғана адам. Қызметкерлер жетіспейді. Редактор мені аудан орталығындағы мекемелерге мақала ұйымдастыруға жібереді. ҚазТАГ-тан хаттар алуға жұмсайды. Осының барлығы маған зор әсер етті. Ал енді газет басуды аға бет басушы болып қызмет істеген марқұм Бердібек Құлтасов үйретті. Редакцияның сол кездегі жауапты хатшысы, марқұм Саттар Пірманов ағамыздың да қамқорлығы аз болған жоқ» деп жазды осы жылдар турасында.
Жеңісті қарсы алған 1945 жылдың тамызында Ұлы хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Абайдың туғанына 100 жыл толу қарсаңында» деген рубрикамен «Абайдың пәлсапашы көзқарастары», «Абай және Крылов» деген мақалалар берілді. Сонымен бірге «Шәді төре – қазақтың ұлы ақыны», «Жамбыл және қазақ фольклоры», «Жамбыл – балалардың сүйікті досы» деген мақалалар әдебиетті сүйетін көпшіліктің көңіліне берік орнығады.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары газеттің де алдында аз міндет болған жоқ. Бұл уақытта газетте қаулы-қарар, тұтас беттерді жауып тұратын баяндамалар көбейді. 1946 жылдың 1 қаңтарынан «СССР Жоғарғы Советінің сайлауына мінсіз әзірленейік» деп басталған ұрандарды соғыстан кейінгі тігінділердің қай парағынан болсын көре аламыз. Жергілікті советтердің сайлау күні, кандидаттарға дауыс беруге шақыру, КПСС орталық комитеті пленумының үндеуі үнемі басылып отырды. «Сүт тапсыру және сары май шығарудың жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындайық», «Мал төлдету жұмысын үлгілі өткізейік» деген ұрандар көтерілді. Бір айта кетерлігі, 1948 жылдарға дейін газет беті суретшілердің қолдан салған суреттерімен безендірілсе, одан кейінгі жылдары фотообъектив нысанасына іліккен суреттерге басымдық берілді. Сонымен қатар «Ажырасу туралы іс қаралды», «Әйелінен ажырасады», «Тауып алған кісінің табыс етуін сұрайды», «Жуырда аудан кинотеатрында көрсетілетін фильмдер», «Аңшылардың есіне» деген хабарландырулар жиі ұшырасады.
Сыни мақалаларды да көбірек байқаймыз. «Аудандық газеттердің дәрежесі жоғары болсын», «Үгіт-көпшілік жұмыстардың орталығы бола алмай отыр», «Мәдениет үйінің жұмысы қашан жақсарады?», «Активтерден қол үзген ауыл совет», «Еңбек тәртібін есінен шығарған», «Газетіміз қайда?», «Міндеттеме неге орындалмайды?» , «Бәрі жүйрік, бәрі батыр», «Абла жалқаулары жатып ішеді», «Мал қораларды жөндеуді естен шығарған болу керек» деген мақалалар соның айғағы.
1951 жылдан бастап газет бетінде социалистік жарыс және оның жеңімпаздарын насихаттау басты орынға шықты. «Социалистік жарыс туын жоғары ұстап, мал өсіруде жаңа табыстарға жетейік» деген ұрандармен «40 биеден – 40 құлын», «57 қашардан – 57 бұзау», «100 саулықтан – 115 қозы» деген мақалалардың ұдайы жарияланатын тұсы да осы кез. 1952 жылдары «Әдебиет» беті қосылды, онда жергілікті әдебиет сүйер оқырман мен авторлардың шығармаларына кеңінен орын берілді. 1957 жылы аудандық газет төрт бет болып шыға бастады. Бұл уақытта 1957-1959 жылдары редакторлық еткен Әбдірашид Сатыбалдиев еді. Редакция аппаратында «Партия тұрмысы бөлімі», «Ауыл шаруашылығы бөлімі», «Транспорт бөлімі», «Хат бөлімі» ашылып, ауданның сан-салалы экономикасын кең көлемде қамтып жазуға мүмкіндік туды.
1959 жылы «Қызыл ту» газетіне бұған дейін Қазалы аудандық «Социалистік жол» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Шәкизат Дәрмағанбетов редактор болып тағайындалды. Бұл жайында редактор: «Бұл кезде менің жасым тұп-тура жиырма сегізде еді. Уақыт біздің жастығымызды емес, журналистік шеберлігімізді талап етті. Мен сол бір уақыт талабынан табылдым ба, табылмадым ба? Оның әділ кесімін мезгіл айтар» деп жазады естелігінде.
Алғашқы буын аға редакторлардың ісін жалғастыруда Қален Әбдешов пен Шәкизат Дәрмағанбетов сынды журналистердің іскерлігі баса айтылады. Бұл жайында: «Қалекең газеттің қиын да қызықты жұмысын басшылық қызметпен ұштастырса, Шәкеңнің қайратты қаламы бүкіл республикаға белгілі болды. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды» деп жазды әріптестері.
Аудан еңбеккерлері соғыстан кейінгі он төртінші көктемді қуанышпен қарсы алды. Бұл жылдары аудан күріштігінің көлемі шағын ғана цифрмен өрнектелетін. Міне, осы кезеңде аудандық газет ұжымы да ел молшылығы жолында аянбай тер төгіп жүрген астықты алқап ерлерімен бірге алғы шептен көріне білді. Олардың ерлік қимылға толы қажырлы ісін күн сайын газет беттерінде жариялап, ауыл еңбеккерлерінің ортақ іске деген ынтасын арттыра түсті. Редактор да еңбекшілер арасында жиі-жиі болып, оларды толғандырған түрлі мәселелерді тереңірек зерттеп, журналистік шеберлігін шыңдай түсті. «Құр селтеңмен күн көріп жүр», «Монша неге жағылмайды», т.б. сыни мақалаларға орын берілді. Газеттің ауыл-ауылдағы тілшілері жайлы да жазылып, қалам ұстауға бейімі бар адамдардың мерейін өсіріп отыруды да ұмытпады. Мәселен, газетке көптен жазып келе жатқан қарт тілші Есмахан Ибрагимов, дәрігер тілші Қайыпназар Әлжанов жайындағы мақалаларды осы қатарға жатқызамыз.
(«Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан
Басы өткен сандарда: https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
 https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
22 тамыз 2022 ж. 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031