Ерте сөнген жас ғұмыр
qarmaqshy-tany.kz Мен Қайнарбаев пен Сүлейменов көшесі қиылысындағы жеңіл автокөлік жөндеу шеберханасы жанынан өткенде ондағы жұмыстың қызып жатқанын көретінмін. Бірде көлігім бұзылып, сол шеберханаға жөндетуге бас сұқтым. Мені жас шамасы жиырма бестегі, орташа бойлы, қолы май-май жігіт күлімдеп қарсы алды.
«Ассалаумағалейкум аға, халжағдайыңыз жақсы ма? Мына орындыққа отырыңыз, сосын әңгімеңізді айта берерсіз» деп мені төрге оздырып, орындыққа жайғастырды. Сәл демімді алған соң көлігімді жөндетуге келгенімді айттым. Ол менің әңгімемді тыңдап болғасын есік алдында тұрған көлігіме жақындап, тексеріп, мүкісін тапқан соң, бүгін жөндеп бастаған өзгенің көлігін түнімен бітіретінін және маған да мәшинемді тастап кетуімді, ертесімен жөндеуге кірісетінін айтты. Шебердің өзі айтып тұрған соң мен қалайша келіспейін, қуанып кетіп, көлік кілтін оның қолына ұстатып, жөніме кеттім.
Ертесіне түс қайта жұмыста отырғанымда ұялы телефоныма қоңырау түсті. Оны көтеріп құлағыма тосқанымда ар жағынан «Аға, көлігіңіз дайын, алып кетсеңіз болады» деген дауыс көңілімді көтеріп жіберді. Содан алып-ұшып шеберханасына бардым.
Әлгі інім мен барғанда есік алдындағы орындықта дем алып отыр екен. Қол алысып амандасқан соң аты-жөнін сұрап, жақыннан таныстым. Есімі — Абай. Өзі қарапайым жігіт. Ол сыпайы күліп, «Аға мен сізді танимын. Сіз газетте қызмет етесіз, сосын спорт туралы көп жазасыз. Мен де спортты жақсы көремін, оның ішінде гір тасын көтеру, қол күресін» деді. Екеуміз спорт жайлы, басқа да тақырыпта әңгіме өрбітіп, біршама уақыт отырып қалыппыз. Ол маған үшемнің бірі екенін, сыңарының бірі жас кезінде өмірден өткенін, екіншісі қалада тұратынын, ал өзі отбасылы, бала-шағасы бар екенін, осында ата-анасымен тұрып жатқанын айтты. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қайтарымсыз грантқа ие болғанын, соның нәтижесінде автокөлік жөндеу шеберханасын ашып, еңбегінің жемісін көріп отырғанын ризашылықпен жеткізді.
Біршама отырыстан кейін екеуміз қол алысып, жөнімізбен кеттік. Бірақ кейіннен жақындар сияқты араласып жүрдік. Тіпті дос болып та кеттік. Шеберхана тұсынан өтіп бара жатқанда тоқтап, жас досыммен амандаспай кетпейтінмін.
Ол қол күресінен, гір тасын көтеруден аудандық жарыстарға, мерекелік салтанаттарда ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүретін. Оның жеңісіне мен де шаттанып, қолын алып, «Абай менің досым» деп мақтанушы едім...
Күндегідей Абайдың шеберханасынан өтіп бара жаттым. Әдетте, ертемен қақпасы ашылып тұратын шеберхана бүгін жабық тұрды. Үй жанында көліктер қаптап кеткен. Жүрек шіркін бірдеңені сезді ме, сыздап, дүрсілдеп, менің әрі қарай жүруіме кедергі жасады.
Көлігімді сөндіріп, сыртқа шыққан соң, жанымнан өтіп бара жатқан бір-екі адамнан мән-жайды сұрадым. Олар маған Абайдың өмірден өткенін айтты. Содан жүрегімді қолыма алып, үй ауласына кірдім. Онда әкесі Жаңабек қарсы алды. Оған арнасын айттым да шыдай алмай сыртқа шығып кеттім.
Ертесіне, оның ертесіне де Абайдың шеберханасының қасынан өтіп жүрдім, қазір де жүремін. Алайда, әрдайым қолын бұлғап «Аға, ассалаумағалейкум» деп айғайлап, амандасқан Абайдай жас досымды көре алмайтын болдым...
Оқырмандар менен мұны неге жазып отыр деп айтар мүмкін. Оған жауап ретінде, жақында Қорқыт ата мен Сүлейменов көшелерінің қиылысындағы асханадан шыққанымда көшедегі бильбордқа көзім түсіп кеткені. Алғашында оған онша мән бермегеніммен, көңілім сол бильбордқа ауа берді. Содан дұрыстап қарағанымда жас досым Абайдың суретін көрдім. Астында жазылған жазбалары бар. Онда 29 шілде күні гір тасын көтеруден Оспанов Абай Жаңабекұлын еске алуға арналған облыстық жарыс өтеді деп жазылыпты. Көзімнен жас шығып кетіпті.
Иә, Жаратқанның адамзат баласына берген өмірі өлшеулі. Десе де, жас та болса өнегелі өмірімен көптің есінде сақталған Абайдай інімізді қимаймыз, сағынамыз. Жұлдыз болып жанып, сөнген жас ғұмыр деген осы екен.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ