» » ЕҢБЕК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

ЕҢБЕК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

Күнделікті жұмысқа баратын жолда орналасқан шағын дүңгіршіктерге өткен сайын көз қиығымды салып кетемін. Еткен кәсібімен күнделікті нәпақасын тауып жүрген еңбек адамдарының жұмысы көңіл қуантады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мұндағы тұрмыстық техникаларды жөндейтін шағын шеберханаға да аялдауымның сәті түсті. Шағын демесеңіз, іші ұядай жинақы. Шеберхана егесі де жайдарлы. Бұл шеберхананың негізгі дем берушісі Әділбек ағаны аз-маз сөзге тартқан едік.
Тұрмыстық техниканың істен шығуы кімге де болмасын ыңғайсыздық тудырады. Мұндай жағдайда газет пен ғаламторды ақтарып, маманын іздеп кететініміз бар. Бүгінде қызмет көрсету нарығында шеберханалар мен түрлі қызмет көрсететін жеке шеберлер баршылық. Сондықтан, кәсіпте «Тұрмыстық техниканы жөндеу» түрі қашанда үлкен сұранысқа ие. Осындай жөндеу орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп отырған жанның бірі – Әділбек Ешманов. Ол 1973 жылы Жосалы кентінде өмірге келген. 1980 жылы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің табалдырығын аттап, 1990 жылы сол білім ордасын бітірген бозбала отбасылық себептермен оқуға түсе алмайды. Десе де, өмірлік сынақтан сүрінбей өткен ол электрик мамандығына қызығушылық танытып, түрлі мекемеде электрик болып жұмыс істейді. «Бай болу үшін – кәсіп керек» дегендей, ол 2016 жылы «Жұлдыз» жеке кәсіпкерлігін ашып, өз күшімен кәсібін бастайды.
– Тоңазытқышты жөндеуді және оларды техникалық қамтамасыз ету, қысқатолқынды пештер мен шаңсорғыштарды жөндеу – шеберхананың негізгі қызметі. Оны жөндеу де, халыққа қызмет көрсету де еңбек. Ал, еңбек – адам өмірінің негізі. Жұмысыңның нәтиже бергені өзің үшін мәртебе. Үлкен табысқа қол жеткізбесем де, отбасымды асырап отырмын. Алла сәтін салса, алдағы уақытта кәсібімді мүмкіндігінше дамытқым келеді, – дейді Әділбек Ешманов.
Бүгінде Әділбек Ешмановтың шағын шеберханасы тұтынушыға лық толы болмаса да, кәсібінен нәсіп тауып отырған жан. Осы жердің тұрғындары да шебердің жұмысына дән риза.
–Үйдегі тұрмыстық техника бұзылса осы шеберханаға келіп жөндетемін. Бірде тоңазытқыш істен шығып, жөндетуге тура келді. Әдеттегідей Әділбекке келіп затымды тапсырдым. Ертесіне өзі қоңырау шалып, жөндеуді аяқтағанын, келіп алып кетуімді жеткізді. Сенімді адам болған соң ойланбастан осы жерге көмек артамын. Жұмысы да көңілге қонымды, әрі жылдам, – дейді кент тұрғыны Б.Әбдіқалықов.
Әңгіме үстінде кәсіпкер Әділбек бұл құрылғылардың адам өміріне зиян екенін де жасырмады. Сондай-ақ, тұрмыстық заттарды пайдаланудағы бірнеше кеңесімен бөлісті.
– Біз ақпараттық технологиялар дәуірінде өмір сүрудеміз. Айналамыздағы тұрмыстық құралдардың міндеті – тіршілігімізді оңайырақ, ыңғайлырақ ете түсті. Алайда, оның зиянды тұсын да ұмытпаған абзал. Кей тұтынушылар тоңазытқыштың бұзылғанына толықтай көз жеткізбей, «гүрілдеп тұр» деп әкеледі. Бұл жағдай тоңазытқыштың дұрыс орнатылмауынан болуы мүмкін. Ішіндегі сөрелер мен оған қойылған азық-түлік дірілінен сондай дыбыс шығады. Мәселені шешу үшін тоңазытқыштың аяқтарын дұрыстау қажет. Жеке тұрған тоңазытқыш қабырғаға немесе жиһазға тиіп тұрмау керек. Ал, шаңсорғыштың сүзгісін уақытылы тазартып отырмаса, ол бактерия ошағына айналуы мүмкін, – дейді тұрмыстық техника шебері.
Бүгінде адамзат өмірінде техниканың алар орны айрықша. Сыпыртқының орнын ауыстырған шаң сорғыш үй тазалауды жеңілдетсе, кір жуатын, ыдыс жуатын машиналар қыз-келіншектердің уақытын үнемдейді. Мұздатқыш, үтік, қысқа толқынды пештің де көмегі аз емес, сондықтан олар әркімнің-ақ үйінде бар. Міне, бұлар арман емес, шынайы өмірдің өзі. Егер, олар істен шықса, бас сауғалап тұрмыстық техника жөндеушіні іздеп кететініміз тағы бар. Осы тұста мамандардың қажеттілігі артып, жұмысының нәтижесі бағаланады.
Иә, әлемде түрлі мамандық бар. Ал, оны меңгеру, қолға алған кәсіпті одан әрі дамыту кейбірінің қолынан келмейді. Еңбек түбі – береке. Тек сол берекеге жету өз күшіңмен еңбектенгенде ғана іске асады.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
11 тамыз 2018 ж. 1 771 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031