» » » ӘН ПАДИШАСЫМЕН КЕЗДЕСУ

ӘН ПАДИШАСЫМЕН КЕЗДЕСУ

Редакциядағы күйбің тірлікпен кабинетте газеттің кезекті санына мақала жазып отырғанмын. Кенет кабинеттің есігі ашылып, ішке орта жастағы әйел кіріп амандасты да мені күнде көріп жүргендей, жұмыс үстеліме қарсы орындыққа отыра кетті. «Танымай тұрған шығарсың? Мен өзің білім алған №26 мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Есімім – Зағира Нұрмаханова. Бүгінде зейнеткермін», – деді де «Мен саған 28 жыл бойы ішімде сақтап келген естелігімді айтып берейін бе?», – деп менің жауабымды күтпей-ақ әңгімесін бастап кетті.
–Мына суретке мен бірнеше құрбыммен бірге қазақ вальсінің патшасы Шәмші ағайымызбен "Ақсу-Жабағылы" санаторийінде дем алған кезде түскенбіз. Оған да 28 жыл болыпты. 1991 жылдың шілдесі еді. Сол жылы мен №26 орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет ететінмін. Бір күні аудандық кәсіподақ комитеті «Ақсу-Жабағылы» санаториясына 24 күнге демалысқа жолдама берді. Содан жолға жиналып, «Ақсу-Жабағылы» қайдасың деп тартып кеттім. Онда келгесін, санаторий әкімшілігі мені (есімі жадымда қалмапты) бір қызбен бір бөлмеге орналастырды. Күн өтіп, кеш болатын. Көршім екеуміз кешкі ас ішуге төменгі қабаттағы асханаға бардық. Үстелге енді отыра бергенде бөлмелес құрбымның «Зағира, жүр сені Шәмші ағаймен таныс­тырайын» демесі бар ма. Мен:«Шәмші деген кім, оны қайтемін, саған жігітпен таныстыр дедім бе?» деген сұрақтарды зуылдатып жатырмын. Көршім болса маған күле қарап:
«Өй, қайдағы жігіт, сен атақты композитор, қазақ вальсінің патшасы Шәмші Қалдаяқовты танымайтын ба едің?» – деді де қолымнан жетектеген күйі анадай жерде үстелде жалғыз өзі тамақтанып отырған, жасы алпысты алқымдаған, шашы сирек, жұқа бет, жүзі сары, орта бойлы кісінің алдына ертіп әкелді:
–Шәмші аға, мына құрбымның есімі –Зағира. Біз бір бөлмеденбіз. Сізбен таныстыр дегесін ертіп әкелдім, – деп қарама-қарсы орындыққа отыра кетті. Ал, құрбымның шәңкілдей сөйлеген сөзіне күле қараған ол бізге кезек-кезек қарады да: «Ә, Зағира, есімің әдемі екен. Қызылорданың қыздары сұлу ғой. Кел отыр. Қызылордаң жайлы айта отыр. Жақсы болды, ішкен тамағымды бойыма сіңіре алмай отыр ем. Қарама-қарсы отырған Сырдың сұлу қызына қарап отырып тамағымды ішейін. Мүмкін сіңімді болар», – деп маған жымия күлді. Мен Шәмші ағамен алғашқы жүздескен сәтімді осы күнге дейін ұмытпай келемін. Тіпті, оның маған айтқан сөздері де әлі есімнен кетпейді. Содан кейін күнде түскі және кешкі мезгілде төменге ас ішуге түскенде Шәмші ағамен бірге отырып, тамақ ішетін болдым. Әрине, бөлмелес құрбым екеуміз. Шәмші аға қызықты әңгімені көп айтатын. Әсіресе, қазақ жазушылары мен композиторларының шығармашылығы мен өмірі жайлы айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтынбыз. Шынын айтайын, мен мектепте орысша білім алғасын көбіне орысша әндерді тыңдауға құмар едім. Алайда, мына оқиғадан, яғни Шәмші ағамен танысқаннан кейін қазақ әндерін ықыласпен тыңдайтын болдым.
«Ақсу-Жабағылыда» өткізген 24 күнім сынаптай зулап өтті. Олай деуіме себеп, Шәмші ағаны қимадым. Ол кісімен күнде кешке сырласқан сәттерімді қимадым. Біз үшінші, ал ол бірінші қабатта орналасқан еді. Күнде кешке ағайдың бөлмесіне бірде шәйнек, бірде үтік сұрап барамыз. Әрине, ол сылтау болатын. Басты мақсатымыз,сөзгерді сөйлету, қызықты әңгіме есту еді. Расында да, біз оның бөлмесіне кіргенде, «Ә, келдіңдер ме, қайдан жүрсіңдер, көп күттіріп», – деп әдейі бізді сөйлететін. Мұнда келуіне ағаның астмасы бар еді. Жылдың 3-4 айын осында өткізеді екен. Ауасы таза, тыныштық. Аптасына бір рет, демалыс күндері Алматыдан әйелі мен бала-шағасы келіп тұрады. Бөлмедегі тоңазытқышты түрлі тағамға, оның ішінде қымыз-шұбат, қолдың сүті, құрт-ірімшікке толтырып кетеді. Қазақтың қай баласы ауыл тамағын сағынбайды? Кейде біздің қабаттағы қыздар маған қарап: «Зағираш, сен ағадан тәттілер алып келші, шамалы ұятсыздаусың ғой», – деп әзілдеп, арқамнан қағып жұмсап жіберетін. Мен де осы сөзді күтіп отырғандай, орнымнан атып тұрып бірінші қабатқа жүгіре түсіп, сазгердің есігін қағамын. Ағаның бөлмесіне кіргенде ол маған күле қарап: «Көп күттірдің ғой, сені көрмегелі көп болды. Сағындырып қайда жүрсің?», – деп әзілдеп қарайтын. Бастапқы кезде ағаның бұл мінезін ерсі көрген мен кейіннен оның әзіл екенін түсініп, әзіліне әзілмен жауап қайтарып жүрдім. Өзімнің аға алдында еркінсіп кеткенім соншалықты, кейде есікті қақпай да кіретін болдым. Бірде ағаның бөлмесіне дауысымды қаттырақ шығарып кіріп келгенімде бөлмеден бөтен кісілерді көріп, қатты ұялдым. Түрімнің бұзылып кеткенін байқап қалған Шәмші аға мені құтқарып қалды. «Зағираш кел, мына ағаларыңмен таныс. Мына бала менің бұл жақтан тауып алған қызым, есімі Зағира», – деп қонақтарға таныстыра бастады. Сондағы ұялғанымды көрсеңіз. Сыртқа шығып кеттім де, я күлерімді, я жыларымды білмей, біршама уақыт есеңгіреп тұрдым да, жанарыма ерік бердім. Содан кейін ағаның есігін қағып кіретін болдым.
Бірде құрбыларыммен ағайдың әңгі­месін тыңдап отырғанымызда қол­таңба беруін өтіндім. Ол сәл ойланып отырып, анадай жерде тұрған шкафтың ішінен өзіне ұйымдастырылған кештің шақыру қағазын алды да, бірдеңе де жаза бастады. Болғасын маған ұсынды. Оқысам «Сыр суындай сылаң қаққан сұлудың сұлуы Зағира қарындасқа», – деген жазу екен. Оқып қуанып кеттім. Бірақ, жазудағы Сырдың сұлуы деген сөзі дұрыс, енді сылаң деген сөзіне түсінбей: «Аға, Сыр сұлу деген сөздеріңіз дұрыс-ақ, ал сылаң деген сөзіңізді түсінбедім. Мағынасын айтыңызшы» дегенімде, ол жан-жағына қарап, қасымдағы қыздарға: «Мына орыс­ша қызға сылаң сөзінің мағынасын түсіндіріңдер», – деді. Кейіннен білгенім, құрбылардың айтуымен аға қандай да болмасын танысқан адамын сырттай зерттеп жүреді екен. Бірде қыздармен ағаның бөлмесінде отырғанда құрбым: «Шәмші аға, айтыңызшы Зағираны неге әдемі дейсіз? Соншалықты оның қай жері әдемі»? – деді. Әрине, ол әзіл болатын. Бірақ, Шәмші аға бізге қарап: «Қыздар, мен сендерге әзіл емес, шынымды айтайын. Маған мына орыс қызының тістері ұнайды», – демесі бар ма? Ұялдым. Бірақ, сол сәтте өзімді қасымдағы қыздардың төбесінен қарап тұрғандай мақтаныш сезімге бой алдырдым. Мұнымды байқап қалған Шәмші аға маған қарап: «Әй, әй орыстың қызы төмен түс», – деді. Бәріміз күліп жібердік.
Иә, Шәмші ағамен болған сол бір кезеңде оның әңгімешіл, көпшіл, тіпті халқына қамқор адам екенін білдім. Жо­ғарыда ол кісінің бірінші қабатта тұр­ғанын, оның денсаулығының жоқ­ты­ғын айтып кеттім. Тіпті, кейде бір сәт ағаға бара алмай қалған кезімізде ол біз тұрған үшінші қабатқа ырсылдап шығып, бөлмеміздің есігін қағатын. Есікті ашқанда ағайымыз тор сетканы айран-қатыққа, нан мен тәттіге толтырып, «Сендер мені ұмытып кетіпсіңдер ғой», – деп керуетке отыра кететін. Содан ағаның әкелген базарлығын тоя жеп алатынбыз. Әрине, мұның бәрі жастықтың ісі ғой. Сонымен бірге, Шәмші ағамен бір-екі рет көрші ауылдарға түрлі шараға да қатыстым. Оған берген шоқ гүлдер санаторийге оралғасын біздікі болатын. Сонда ағай біздің шаттана қуанғанымызға қарап тұрып: «Айна­лайындар-ай, сендер аман болыңдар, сен­дердің бақыттарың – менің бақытым», – деп бірге қуанатын.
Қайран өмір-ай десеңші, оның өзен сияқты ағып кететінін біз сол кезде түсіндік пе екен? Орысша білім алып, орыс әдебиетіне ден қойған мен Шәмші ағайыммен кездесуден кейін қатты өзгердім. Расында да, қазақ вальсінің патшасы атанған осындай ұлы адаммен кездесіп, сырласқанымды, айтқан ақылы мен зерделі әңгімесін мен осы күндері дос­тарыма, шәкірттеріме зор ықыласпен айтып беруден шаршамай келемін, – деп Зағира апай әңгімесін тәмамдады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
22 ақпан 2019 ж. 1 877 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031