» » Ерте піскен қарбыздың қаупі қандай?

Ерте піскен қарбыздың қаупі қандай?

qarmaqshy-tany.kz Жаздың орта белінен асып барамыз. Әрине, осыбір маусым басталса адамдардың аңсары қарбыз-қауынға ауатыны белгілі ғой. Ерте піскеніне қарамастан көзіміз қызығып сатып аламыз. Мұндайда сыртына қарап таңдау да қиын. Бәрі тәтті, нәрлі емес. Соның салдарынан ерте піскен қарбыздан улану жайттары да жиі тіркеліп жатады. Жалпы ерте піскен қарбыздың ағзаға тигізетін зияны қандай? Алдын алу жайы туралы не білеміз? Саралап көрейік.
Елімізде жоғарыда аталған өнімдерден жедел ішек инфекциясы ауруларының тіркелу көрсеткіші жоғарылап тұр. Жақында облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың қатысуымен брифинг өткізілді. Онда департамент басшысы аурудың негізгі себептері мен ерте піскен өнімнің зияндылығына тоқталды.

– Жаз маусымында ішек инфекциясы ауруының тіркелу көрсеткіші басқа кезеңдерге қарағанда арта бастайды. Оған себеп – ыстық ауа райында тамақ өнімдерінің тез бұзылуы, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс қолдану. Әдетте қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде сатыла бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары болады. Бұдан бөлек, гербицид, пестицидтердің мөлшерден тыс болуы да денсаулыққа кері әсер етеді. Бір ескере кететін жайт, қарбызды мөлшерінен көп жеуге де болмайды. Ересек адамдар үшін бір күндік норма 500 граммды құраса, 4-6 жастан асқан балаларға 150 грамм, ал 2 жасқа толмаған балаларға мүлдем қарбыз беруге болмайды. Ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбыздан денсаулыққа зиян келмес үшін сақтық шараларына салғырт қарамауды, ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек, – дейді департамент басшысы Динара Олжабайқызы.

Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бар. Яғни денсаулық мықты болу үшін дұрыс тамақтану маңызды. Сондай-ақ тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады.

ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ...

Мамандардың айтуынша, құрамында шамадан тыс нитраттар көп мөлшерде кездесетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің адам ағзасына тигізер зияны көп. Диқандар жерді өңдеуде, өсімдікті өсіріп-баптауда улы химикаттарды шектен тыс қолданғанда адам ағзасына қауіпті бактериялар түзіледі екен. Қарбызды мүмкіндігінше тамыз айында сатып алған дұрыс. Себебі, осыған дейін піскен қарбыздардың барлығы дерлік табиғи емес, қоспасы көп. Маусым мен шілде айының басында базарда, жол бойында сатылатын қарбыздар, әдетте, дұрыс піспейді. Ол жылыжай жағдайында өсіріледі. Құрамында нитрат пен бояғыштар көп болуы мүмкін. Бір қызығы 1 келі қауын-қарбыздың құрамында 60 миллиграмнан артық нитрат болса, адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді екен.

Бақша дақылдары, әсіресе пестицидтермен емделген болса, бойына нитраттарды жинауға бейім болады. Егер құрамында осы заттектер көп қарбызды жесе, оның белгілері 4-6 сағаттан кейін біліне бастайды. Егер нитраттармен уланған кезде ешқандай шара қолданылмаса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар. Нитратпен улануды жүрек айну, диарея, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, буындардың әлсіреуінен ажыратуға болады.

Алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге жүгіну қажет. Дәрігерлер келгенге дейін науқас энтеросорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмір) қабылдап, көп мөлшерде су ішіп, сонымен қатар тыныштықты қамтамасыз етіп, оның жағдайын бақылау керек. Егер улану белгілері жүкті әйелдерде, қарттарда немесе 12 жасқа дейінгі балаларда байқалса, бірден жедел жәрдем шақырған жөн.

Қарбызда нитраттардың құрамы жоғары екенін білдіретін белгі – оның қып-қызыл реңі және қоңыр талшықтары. Ал нитраттың көптігін үй жағдайында қалай анықтауға болады? Үй жағдайында қарбыздың сапасын анықтауға көмектесетін тәсіл бар. Ол үшін қарбызды кесіп алып, «етін» стакандағы суға салу қажет. Егер стакандағы су бұлдырап кетсе, қарбыз қолдануға жарамды, ал егер су тек қызыл немесе қызғылт түске боялса, онда қарбыздың құрамында нитрат көп деген сөз. Қарбыздан уланудың ең алғашқы белгісі – тез шаршағыштық, лоқсу, құсу, іштің өтуі және бастың қатты ауруы. Осы белгілер негізінен қарбызды жеген соң бірнеше сағаттан кейін белгі бере бастайды.

САТЫП АЛАРДА НЕНІ ЕСКЕРГЕН ЖӨН?

Піскен қарбыздың қабығы жылтыр, түсі қою жасыл болады. Сондықтан қарбызды сатып аларда оған мұқият қарау керек. Алдымен қарбыздың сыртқы қабығына мән беру қажет. Жемістің қабығында жырық, жұмсарған жер болмағаны абзал. Дәмді қарбыздың сырты қатты және түсі қанық болады. Сары дақ жемістің өздігінен піскенін, дәмді екенін және қоспа қосылмағанын білдіреді. Десе де, дақ өте үлкен немесе тым кішкентай болмағаны жөн. Қарбызды қолмен қағып көріңіз. Бұл жағдайда дыбыс қатты шығуы керек. Бұл жемістің «етті» екенін көрсетеді.

АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?

Аудан бойынша жыл басынан бүгінгі күнге дейін жедел ішек инфекциясымен 16 жағдай тіркелген. Олардың 5-еуі нақтыланған түрімен, қалған 11 жағдай зертханалық нақтыланбаған түрімен тіркелгендер.

– Эпидемиологиялық зерттеу барысында, тіркелгендердің бесеуі 1-3 жас аралығындағы емізулі балалар болса, қалған он бірі базардан сатып алып жеген жеміс-жидек, қауын-қарбызбен улануы мүмкін екенін айтады. Бүгінде науқастар аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен ем-домын алып, сауықтырылуда. Ал, тағамнан улану жағдайымен 1 науқас тіркелген. 1 жастағы бала. Ауру көзін балаға ешкі сүтін бергенімен байланыстырады, – дейді аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақы лау бас қармасының басшысы Гүлнар Төлепбергенова.

Біздің аудандағы қауын-қарбыздардың дені Шымкент, Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан келеді. Ол жақ егінге ерте кірісетіндіктен, өнім де ерте пісіп жатады. Қазір базар маңындағы дүңгіршектер мен дүкен сөрелеріндегі қауын-қарбыздар да өзге аймақтан әкелінген. Әрі тыңайтқыштың көмегімен пісірілген. Сонымен қоса ары-бері жүйткіген көліктерден улы газдарды өздеріне тез сіңіреді. Сондықтан оларды ерте сатып алу қауіпті дейді мамандар.

– Қазір бізде қауын мен қарбыздың келісі 100-150 теңге көлемінде сатылып жатыр. Жаздың сәні осы жеміс-жидек пен көкөніс қой. Ыстық күні қарбызды алып тоңазытқышқа бір салқындатып жеп жүрміз. Күнде емес, әрине. Үйдегі кішкентай балалардың аңсары ауып тұрған соң алып беремін. Шілденің аяғына да таяп қалдық. Бұл нағыз қауын-қарбыздың пісетін кезі, – дейді кент тұрғыны К.Ибраева.

ҚАРБЫЗДАН УЛАНУДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Қарбызды қолданар алдында сыртын жақсылап жуу қажет. Суық суға жарты сағатқа салып қойып барып жеген абзал. Қарбыздың қабығының жанындағы мәйегін жеуге болмайды, өйткені онда нитраттар ең көп мөлшерде жиналады. Сатып алып жатқан кезде кесіп көру (бізде мұны «шақпақ салу» деп атайды) улануға қауіп тудырады. Қарбыз жерде өскендігімен, сатылатын жерге дұрыс тасымалданбай жатады. Ал дамушы микроағзалар кесілген жерге түседі. Сатушылар мен сатып алушы қолының жуылмауы улану қаупін арттырады.
Жол бойынан мүмкіндігінше сатып алмаған жөн, өйткені жиналғаннан кейін қарбыз «дем алуды» жалғастырады, сондықтан ол көліктен шығаратын газдарда кездесетін ауыр металды бойына тез жинайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 шілде 2023 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 238

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 341

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930