» » Халқы бағалаған – Бақыт

Халқы бағалаған – Бақыт

Иә, қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру екені рас. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасыған бай болу міндетті емес. ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. біреулер жаны жабырқап жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, бірі қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. бүгінде сондай игі істер, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді.
Сондай жаны жайсаң, жүрегін тек жылылыққа арнаған, айналасындағылардың өміріне бейжай қарамай, оларды өз бауырындай көріп, қолдап жүргендердің бірі – жосалылық Бақыт Төребаева.

Қай ортада қайырымдылық жайлы сөз қозғалғанда міндетті түрде Бақыт Арыстанқызының есімі де айтылып қалады. Бірінші кезекте оның көмекке мұқтаж жандарға көрсеткен жақсылығын ризашылықпен айтады. Оған себеп, қай жерде қайырымдылық іс болып жатса, сол жерде Бақыттың кентіміздегі өзі сияқты қайырымды жандармен бірге жүргенін көреміз. Тіпті, кейде ауданда онсыз мұндай іс-шаралар өтпейтіндей көрінеді де.

Оған дәлел ретінде қосарымыз, жақында 8 баласы бар, жары өмірден өткен жас келіншек оқыс оқиғаға тап болып, оның балалары, ағайындары не істерін білмей қалғанда, осы мезетте Бақыт Арыстанқызы өзінің елге қайырымдылық жасап жүрген әріптестерімен бірге жан-жақты көмектесті. Ойда-жоқта болған қайғыдан абдырап қалған ағайындар осындай жаны жайсаң жандардың қасынан табылып, қолдау тапқандарына ризалықтарын білдіргенін көрдік.

Иә, қазақ атам баласы қай кезде де бір үзім нанды өзгелермен бөлісіп жеген. Естеріңізде болар, сонау Ұлы Отан соғысындай зұлмат жылдарда елімізге Кеңес Одағының солақай саясатымен жер аударылып келген өзге ұлт өкілдеріне нанын бөліп берген, қонақжайлылығын көрсеткен қазақ халқы жер жүзіне танылғанын жақсы білеміз.

Міне, осындай атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді өміріне серік еткен Бақыт Арыстанқызы өзі тұратын Тайшық би көшесінің төрайымы ретінде де көптеген іргелі де үлгілі істерімен танылған жан. Рас, бұл көшеде де, кенттің өзге аумағында да тұратын тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты тұрғындар жетерлік. Олардың арасында бұл кісіге өтініш айтып жататындары аз емес. Тіпті, көше тазалығына да көз қырын салып жүреді.

«Қайырымдылық деп өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен риясыз көңілмен бөлісу, бастысы шын ниетпен көрсетілген қолдау деп білемін. Бұл игі іс көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі екенін мен жақсы түсінемін. Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттің бірі. Себебі, қазақ халқы көмекке мұқтаж әрбір адамға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасауды, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды адамгершілік борышы деп есептейді. Рас, қоғамымызда түрлі себептерімен тағдыр тәлкегіне түскен, көмекке зәру жандар, ауыр сырқатқа шалдыққан үлкен кісілер мен балалар бар. Соларды қолдау – менің басты мақсатым. Менің бақытым халқымның алғысымен бағаланады», – дейді жүрегі жайсаң кейіпкеріміз. Осы ретте, ел құрметтісінің өнегелі өмір жолына тоқталсақ, Жосалы кентінде дүние дидарын ашқан ол алғашқы еңбек жолын механикалық зауытта бастап, жылдар өте аспазшы ретінде №183 орта мектепте жалғастырады. Және сол білім ордасынан құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығады. Бақыт Арыстанқызы аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кент тұрғындарының әлеуетінің артуына өзіндік үлес қосып жүрген ардақты жан. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін ол бірнеше рет аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хатына, құттықтауларына ие болды. Өмірлік жары Амантай Жанұзақұлымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйді. Олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына еңбек сіңірген бақытты ана. Сөз соңында «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дегендей, кейіпкеріміз Бақыт Төребаева сынды басқа да қайырымдылық ісімен ел жүрегінен орын алған, атап айтқанда Орынбасар Төлепов, Бекир Нәбиев сынды шаруашылық басшылары, Әділет Айбытов, Әсем Мерекова, Сағдат Нұрмағамбет пен басқа да аудандағы көптеген ардақты жандардың ұйымдастырушылық еңбектерін ерекше айта отырып, олардың қайырымды іспен айналысып жүрген сауапты істегі қажыр-қайраты мұқалмасын дейміз.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
04 шілде 2023 ж. 386 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930