» » Клиникадағы қайырымдылық

Клиникадағы қайырымдылық


Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушіге білдірілетін сүйіспеншілік. Мұндай игілікті іс жасау үшін асып-тасыған бай болудың да қажеті шамалы. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза пейілің болса жеткілікті. Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүрген жандарды жұбата отырып күлкі сыйласа, енді бірі – қиын сәтте қол ұшын беріп көмек жасайды. Бүгінде осындай игі істерді қолдап, акция мен жобаларға қатысып, қайырымды іс жасау­ды өмірлік мақсат етушілердің қатарының артқаны қуантады. Осындай игі істің бірі – жақында облыс орталығында «Табиғи денсаулық» клиникасында өткізілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аталған клиника Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамымен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі 30 адамды тегін диагностикалық тексерістен өткізді.
Адам ағзасын толық тексерістен өткізетін құрылғы 3 сағаттың ішінде сараптама қорытындысын шығарып бере алады. Ми тамыры, ас қорыту жүйесі, қан тамырындағы өзгерістерді анықтайтын заманауи құралдың мүмкіндігі орасан. Мамандардың айтуынша, тексеру тез әрі ешқандай ауырсынусыз жүреді.
Осы ізгілікті істің шарапатын көргендердің бірі – жерлесіміз Қалдыбек Сарболов. Толық диагностикалық тексеруден тегін өтіп, бүгінгі таңда осының негізінде ем алуда. Мұндай мүмкіндіктің болғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Жолдасым І топ мүгедегі. Облыс орталығына Мәскеуден денсаулықты толық тексеруден өткізетін аппарат келді деп естіп, баруға талпыныс жасағанбыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай диагностикаға мүгедектерге 30 адамға жеңілдік жасады. Осы жөнінде аудандағы мүгедектер қоғамының басқарушысы Асқар Қолдабековтен кеңес сұрадық. Ол облыстағы басшылықпен байланысып, ауданнан екі адам осы жеңілдікке ілінгенін, олардың бірі бізге бұйырғанын жеткізді. Межелі уақытта сол жерден табылдық. Бұрындары қай жерге барсақ та әуелі саусақтан қан алып, өзге де анализдерді түрлі зертханаға өткізіп, оның нәтижесін бірнеше күн күтетінбіз. Ал бұл жерде басынан аяғына дейін компьютер арқылы тексеріп, қай жерінде қандай науқасы бар екенін лезде анықтап, емдеу жолына нұсқаулық береді. Осыған өте риза болып, түсіп қайттық. Клиникадағы қызметкерлер де тікесінен тік тұрып қызмет істеп, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың отырып-тұруына, жүруіне жәрдемдесіп дамыл таппады. Бәрінен де кабинет аралап жүгіртпей, барлығы бір жерден біткеніне риза болдық. Тексеру арқылы жолдасымның нақты диагнозын қойып берді, қазір емделіп жатырмыз. Жағдайымыз оңалып келеді. Жеңілдікті ұйымдастырушы дәрігерлерге, біздің баруымызға себепші болған аудандық, облыстық мүгедектер қоғамының басшыларына, қызмет көрсеткен клиника қызметкерлеріне алғысымыз шексіз, – дейді жары Мәрзия Жонтаева.
Бүгінде көптің алғысын арқалап отырған «Табиғи денсаулық» клиникасы 2019 жылы ашылған. Бас дәрігер Ләззат Қадырбаеваның айтуынша, орталықта екі диагностикалық аппарат бар. Ол 9 жүйе, 35 мүшені тексеріп қарайды. Бір адамды тексеруге 40-45 минут жұмсалады. Содан оны әрі қарай талқылау, оларға ұсыныстар беру, ем жасау, соның барлығына жалпы алғанда 1,5-2 сағат уақыт кетеді екен.
Ресейдің медициналық-әлеуметтік реабилитация академиясынан дәріс алған білікті мамандар бір ғана құрылғымен адам ағзасын тексере алады.
– Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жан­дар­­ды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тік­теп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағ­дай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қар­саңында 30 игі іс-шараға өз үлесімізді қосып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін диаг­ностикалық зерттеуден өткізіп, медициналық көмек көрсетудеміз, – дейді орталық директоры Гүлжан Құндақбаева.
«Табиғи денсаулық» диагностикалық орта­лы­ғының директорына қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Сәкен Алдашбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жөнінде ұсыныс білдірген. Осының негізінде клиника оларды тегін тексеруден өткізіп, қолына дәрігерлік анықтама берген. Ал дәрігерлік анықтама барлық медициналық ұйымдарға жарамды.
Осындайда денсаулығы дімкәс жандардың көңілін аулап, қажетіне жараған клиника жұмысына сүйсінесіз. Қоғамдағы әрбір жан өзінің қолынан келетін істі жасауға асықса, ізгі амалдары өзгеге үлгі болары анық. Клиниканың қайырымды ісіне, осы істі ұйымдастырушы жандардың кең жүрегіне қуанып, игілікке бастаған жобалар көбейе берсін демекпіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
11 желтоқсан 2021 ж. 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 317

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930