» » Суретшілер шығармашылығы

Суретшілер шығармашылығы


Өнер адам таңдамайды. Мейлі, ол ер не әйел, бай немесе кедей, тіпті білімге құштар немесе дүниені біліммен тануға құлқы жоқ адам болса да. Құдай өнерлі етіп жаратса, таудай талант пен бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Өнерді көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтіндей, тек адамның көкірегіне даритын ерекше қасиет деуге болады. Осындай киелі өнердің бірі, әрі маңыздысы – суретшілік өнер. Ол мамандық емес, оның белгілі бір кәсіпке қатысы да шамалы.
Жер шарында сан алуан суретші бар. Оның ішінде еңбегімен төрткүл дүниені таңғалдырғандар болса, көзге ілінбей туындысы сандық түбінде шаң басып немесе ошақ ішінде күлге айналғандары да қаншама. Әрине қиялға ерік беріп, ойға алған бейнені қағаз бетіне түсіру біз ойлағандай оңай емес.
Өзінің өнер туралы ерекше ойларымен ерекшеленетін Сергей Калмыков айтқандай, «Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті суретшіні ерекше дараландырып тұрады». Суретші үшін ең басты нәрсе – өзіне дейінгі өнер тарихын зерделей, електен өткізген жөн. Сонда ғана суретші және оның шығармасы мәңгілік таусылмайтын күшке ие болады.
Француз кескіндемешісі Огюст Ренуар сурет салуды жақсы көргені соншалық, тіпті қартайған шағында буын ауруынан саусақтары икемге келмей қалғанда қылқаламды білегіне байлап жұмысын тоқтатпаған. Ал әлемге әйгілі италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып жатқанда, екіншісімен жаза алатын қасиетке ие екен. Осы орайда әйгілі суретшілердің сурет салуға деген құштарлығы мен сүйіспеншілігінің ерекше екендігін көре аламыз.
 Қазақ елінде де қылқалам шеберлерінің қатар аз емес.  Атап айтар болсақ, әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев қазақ сурет өнерінің басты тұлғасы.
Әбілхан Қастеевтің ізін қуған көптеген суретшілердің туындылары мен  таланты әлем сахнасында жұртшылықтың назарын аударуда.
Тұла бойы табиғатынан тылсымға толы Сыр бойында да сан түрлі суретшілер бар. Олар тек Қазақстанға емес, таланттарының арқасында  әлемге танылған тұлғалар. Солардың қатарында Қармақшы ауданының тумалары КСРО, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Рахым Шегебаев,  Яссауи Ағытаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Баймағамбет Есіркеповтер бар.
Суретшілер көбіне өз туындыларында халық тарихына жүгіне отырып, өткен өмірдегі абыз ақсақалдар, ержүрек батырлар мен хас сұлуларға жан бітіреді. Қазақстан Республикасының халық суретшілері, бейнелеу өнерінің көшбасшысы және мақтанышы болып табылады.
2022 жылдың 18 мамырында Халықаралық музейлер күні қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Көркем сурет» экспозициялық залы  ашылып, алғаш көпшілік назарына ұсынылды. Бұл «Көркем сурет» залы Қармақшы өңіріне қатысты тарихи тұлғалар мен табиғат көріністері туралы бояқтармен жасақталған. 
 Ауданға танымал суретшілер мен музей суретшісі Бекзат Жанәбіловтың жеке туындыларын залға орналастырып, келушілерге таныстырылуда. Атап айтар болсақ «Назым сөздің шебері Тұрмағамбет Ізтілеуов» портреті, «Қасиетті өлке», «Жұлдызды аспан аясында Қорқыт ата елесі», «Қармақшы ата» , «Сортөбе», «Байқоңыр», жырау «Кете Жүсіп», «Көшеней Рүстембекұлы» атты көптеген сурет туындылары халық назарына ұсынылуда.
Бекзат ЖАНӘБІЛОВ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің суретшісі


21 маусым 2023 ж. 495 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 316

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930