» » » Сахна сыртындағы саңлақ

Сахна сыртындағы саңлақ

КЕЗ КЕЛГЕН ӨНЕР ӨЗ ТІЛІНДЕ ҒАНА МІНСІЗ. ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ КИЕСІН ҚАСТЕР ТҰТЫП, СОЛ АРҚЫЛЫ ӨРЕЛІ ӨНЕРДЕ ӨЗ ӨРНЕГІН АЙШЫҚТАҒАН АЗАМАТТАР БАРШЫЛЫҚ. ӨМІР ЖОЛЫН ӨНЕР САЛАСЫНА АРНАП, ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚУАТЫМЕН КӨРКЕМӨНЕРГЕ ЖАН БІТІРГЕННІҢ БІРІ – МЕЙРАМБЕК САЙЛАУОВ.
Ол ұзақ жылдан бері аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Халық» театрында суретші-декоратор болып қызмет атқарады. Біле-білгенге театр суретшісі – болмысы бөлек, бәсі биік мамандықтың бірі. Себебі спектакльдің немесе кез келген сахналық қойылымның ойдағыдай шығуы суретші-декоратордың өнеріне тікелей байланысты. Өйткені ол өз өнері арқылы спектакльдің негізгі рухын ашады. Байыпты да байсалды жасалған декорация көруші көңіліне ерекше әсер етсе, қызылды-жасылды декорация екінші бір өзге әлемге жетелейді. Сондықтан да сахна декорациясын жасау нағыз шеберлердің ғана қолынан келеді.
Бала күнінен жанына суретті серік еткен оның әлемі ерекше. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы «Театр және көр­кемсурет» институтына оқуға түседі. Алайда сол жылдары елде орын алған Желтоқсан көтерілісіне орай білім алуға мүмкіндік болмай қалады. Кейіннен Қызылордадағы «Ақмешіт» институтында «дизайнер» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. 1989 жылдан бері суретші-декоратор ретінде аудандық мәдениет үйінде еш үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан Мейрамбек Сайлауов тек суретші ғана емес, қажет кезде актер да бола білген.
– Негізінен суретшілік жаныма жақын. Суретті 5 жасымнан бастап саламын. Көмекбаев ауылындағы №185 қазақ орта мектебінде оқып жүргенімде түрлі байқауларға салған сурет­терімді пошта арқылы жіберіп отыратынмын. 8 сыныпта болса керек, Панфиловтың суретін салып, ол өнеріммен республикалық деңгейде бірін­ші орын иеленіп, төбем көкке жеткен-ді. Өзіңнің жаның сүйе­тін, жұмысты жасағанда ереше сүйіспеншілікпен атқаратын ісің­мен айналысу да бір ғанибет. Осы тұрғыда мен өзімді мамандық таңдағанда жаңылыспаған әрі жолы болған жан деп есеп­теймін. Сурет салғанда жанр талғамаймын. Кез келген затпен, түрлі формамен жұмыс істей беремін, – дейді қылқалам шебері.
Осы өнері арқылы түрлі додада бақ сынап, төрт рет облыстың үздік суретшісі атанған. 2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен облыстық суретшілер байқауында ІІ орын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты өткен сайыста бас жүлдені жеңіп алған.
Ал актерлік қырына келсек, М.Сайлауов осы уақытқа дейін 17 спектакльде өнер көрсеткен. Оның ішінде 5 рет басты рөлді сомдаған. Осындай орны бөлек образдың бірі – киелі Қорқыт атаның рөлі. Қорқыт образы арқылы облыс көлемінде «Ең үздік ерлер рөлі» номинациясын иеленген де осы – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі.
– Рөл ойнаған кезде айналамды толықтай ұмытамын. Бар назарым өзім ойнап тұрған образда болады. Көп жағдайда берілген нақты мәтіннен бөлек, өз сөздеріммен де рөлді алып шығамын. Актерлік бойынша арнайы білімім жоқ. Десе де, осы өнерім арқылы көптің ықыласына бөленсем, бұл Құдайдан берілген тума талант дер едім, – дейді ол.
Мейрамбек ағамыздың тағы бір қыры – жыршылығы. Түрлі облыстық, республикалық байқауда аудан намысын қорғап, Сыр елінің бай мұрасын паш еткен. Домбыра, баян аспаптарын меңгерген.
– Негізгі жұмысыма келсек, сахна талғамаймын. Бүкіл мерекелік іс-шарада (іштегі сахна, орталық алаңдағы сахна) сахнаның бе­зендірілуін өзім жасаймын. Отыз жылдан бері осы салада жүргендіктен сахна безендіру маған қиындық тудырмайды. Тақырыптық ерекшелігіне байланысты қай жерге нені, қалай қою керектігі бірден көз алдыма келеді. Шымылдық ашыла сала күллі залдың дуылдатып қол соғатынын жиі көретін боларсыз. Бұл декоратор суретшінің өнері театрға келген қауымға бірден ұнағанының белгісі. Мұндай алғыс біз үшін үлкен құрмет әрі еңбектің еленгені, – дейді «Халық» театрының суретші-декораторы.
Мамандығын ерекше бағалап, зор жауапкершілікпен қарайтын ол ерекше ізденісінің арқасында облыстық «Театрлар көктемі» байқауында 4 рет «Ең үздік суретші-декоратор» номинациясын иеленген. Мұнан бөлек, марапаттары мен жеткен жетістіктері де аз емес.
Әрі суретші, әрі актер, әрі жыршы, әрі декоратор. Бір адамның бойында осынша құндылықтың болуы ғажайып нәрсе емес пе? Оған қарапайым қалпы мен ақжарқын мінезі қосылғанда тіпті керемет. Не нәрсе жасаса да бар ынта-ықыласымен кірісетінін әріптестері жарыса айтуда. Ұжымдастар арасында да сыйлы, орны бөлек шебердің шығармашылық жолы шыңдала берері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 мамыр 2022 ж. 654 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031