» » Талабы таудай Нұрайым

Талабы таудай Нұрайым

Сурет – бұл шежіре. Ондаған ғасыр бойғы тарихты шашауын шығармай, жоғалтпай жеткізген бірден-бір куәгер. Біз осы куәгер сурет арқылы мыңдаған жылдар жемісіндегі тіршіліктің талқысын, адамзаттың әдемі ғұрпын, кәсібін, мәдениетін оның бастан кешкен барша қайғы-мұң мен таңдай қақтырар, тамсандырар дәуірлеп гүлденген шағын, табиғаттың мың құлпырған бояуын, жан-жануарлар дүниесінің алуан түрлілігін танып білеміз.
Сурет салуды сүю – өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Ол адамның ақыл-ой парасатын өсіреді. Танымын кеңейтеді, ізгілікке, әсемдікке үйретеді.
Осындай нәзік те ерекше өнер иесі болу жас пен кәріні, әйел мен еркекті таңдамайды. Шын талантқа тұсау жоқ. Кейбір адамдарда ешкімнің еншісіне бұйыра бермейтін ерекше қасиет болады. Ол – дарын. Бұл қасиет ананың құрсағында жатқанда-ақ дариды. Бүгін біз осындай қабілетке ие кішкентай қылқалам шебері туралы әңгімелемекпіз.
Жас суретші – Алмасбек Нұрайым. Ол кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы. Бала күнінен сурет салуға құмар болғандықтан, әжесі кітапхана жанынан ашылған сурет үйірмесіне әкеледі. Қиялына қанат бітірген үйірме бала көкжиегін одан әрі кеңейтіп, сапалы біліммен толықтырады. Нұрайымның қаз-қатар қойылған суреттері көз тартарлық. Оның ақ қағазға қылқаламмен салған туындыларын көріп, талантына тәнті болдық.
Осындай талантымен мектеп оқушысы аудан және облыстағы суретшілер байқауына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды жеңіп алған. Мәселен аудандық «Тәуелсіз елім – тірегім» сурет байқауында ІІІ орын, облыстық «Кітаппен келген шабыт» сурет сайысында ІІ орын, облыстық «Қазақстан – бірлік пен бейбітшілік мекені» сурет байқауында ІІІ орын иеленген. Мұнан өзге де марапаттары жетерлік. Сондай-ақ Нұрайым сурет салумен қатар, бисерден түрлі әдемі дүниелерді тоқығанды, мәнерлеп көркемсөз оқығанды да жақсы көреді. Көркемсөз оқудан да бірнеше сайысқа қатысып, жеңіс төрінен көрініп келеді. Ол түрлі моншақтан бисер тоқып, оны кәсіп көзіне айналдырып та жүр. Бір бойына бірнеше өнерді жинаған талапты оқушы болашақта полиция қызметкері болуды армандайды екен.
– Жалпы отбасымызда кішкентай болсақ та болашағымыз туралы жиі әңгімелесеміз. Олар менің дәрігер болғанымды қалайды. Ал менің полиция қызметкері болғым келеді. Ал сурет салудан қол үзбеймін. Керісінше алдағы уақытта жетекшім Ербол Жұмабеков ағаймен бірге шығармашылығымды дамыта беремін. Маған көбінесе табиғатты ерекше етіп бейнелеген ұнайды. Бояуды қолыма алып, 20-30 минуттың ішінде суретімді аяқтаймын, – дейді жас қылқалам шебері.
Иә, жастығына қарамастан күрделі өнерге қол созып, оның қыр-сырын үйренуге құмартқан оқушы әркез ізденуге дайын. Мұнан да өзге өнер түрін үйреніп, заманға сай жан-жақты болғысы келеді. Мұндай талантымен оның биік белестерді бағындырарына біз сенімдіміз. Сон- дықтан талантты қызымызға шығармашылық табыс, сайыста жеңіс тілейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)

21 қыркүйек 2022 ж. 600 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 320

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 415

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930