Қылқалам шеберлерін шыңдаған
Аудандық балалар кітапханасында «АMANAT» партиясының аудандық филиалы «Сырдария» бастауыш ұйымының іс-шаралар жоспарына сәйкес «Ұлы Жеңіс – балалар шығармашылығында» атты сурет байқауы ұйымдастырылып, оған «Қылқалам» сурет үйірмесінің мүшелері қатысты. Байқауда 15 оқушы бағын сынады.
Нәтижесінде І орынды Нұрайым Алмасбек, ІІ орынды Айым Баймахан, ІІІ орынды Раяна Несіпбек жеңіп алып, диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды. Барлық қатысушыға алғыс хат табысталды.
Сонымен қатар жақында осы үйірмеге қатысушы А.Нұрайым мен Б.Асқарқызы Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Қазақстанның жарық жұлдызы» атты республикалық шығармашылық байқауында «Сурет салу» номинациясы бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды.
– Кітапханада сурет үйірмесін жүргізетін кім деген сауал жиі туындайды. Талантты ұстаз Ербол Жұмабеков «Болашақ» университетінің «Дизайн» мамандығын бітірген. 15 жылдан аса еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші аудандық Оқушылар үйінде «Заманауи дизайн» үйірмесі арқылы балаларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп келеді. Қазіргі уақытта аудандық балалар кітапханасы жанынан ашылған «Coworking» орталығы және балалар жылына орай балаларды қолдау мақсатында ашылған кент орталығындағы «Кәусар» өнер орталығында да оқушыларды сурет өнеріне баулиды, – дейді балалар кітапханасының меңгерушісі Айнұр Аманова.
Ербол Жұмабеков – Т.Көмекбаев ауылында дүниеге келген. Кент орталығындағы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің түлегі. Ол «Ұлттық қолөнер – бабалар мұрасы» байқауының аудандық кезеңінде ІІ орын, облыстық «Үздік қылқалам шеберлері – 2022» байқауында ІІ орын иеленген. Ұстаздың ізін жалғап аудандық, облыстық, республикалық байқау жеңімпаздары атанып жүрген оқушылары бар. Ерболдың тұңғыш қызы Айару да сурет салуға қабілетті, мектепішілік іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі сурет, қолөнер байқауларының жеңімпазы.
Г.ӘМІРҚЫЗЫ