Жас суретшілер сайысы
Жақында республикалық «Жарқын болашақ» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар «Көркем сурет» жанрында сурет салудан жүлделі орынға ие болды. Бесінші рет ұйымдастырылып отырған өнер додасында Тұрмағамбет ауылының бүлдіршіндері Перизат Аймаханова І орынды жеңіп алса, Қырмызы Балтабай ІІ орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.
«Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінде күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер Күнсұлу Тәтееваның айтуынша балалар байқауға онлайн қатысқан.
– Алматы қаласында өткелі жатқан байқауды әпкемнен естідім. Маған қарауымдағы балаларды қатыстыруға ұсыныс жасады. Себебі бұл балалар өте талантты әрі суретті шебер салады. Сайысқа алдын ала өтініш тастап, қатысуға мүмкіндік алдық. Байқаудың ережесі бойынша бірінші турда балалар табиғатпен үндесе отырып сурет салса, екінші турда еркін тақырыпта өз ойларын ақ параққа түсірді. Осылайша оқушылардың туындыларын өнер орталығына жолдап отырдық, – дейді әлеуметтік қызметкер.
Екі аптаға созылған байқаудың нәтижесі ауданның мерейін үстем етті. Ал талантты да дарынды шәкірттерді дайындаған Күнсұлу Қалтайқызының еңбегі елеусіз қалмай, өнер орталығының арнайы дипломы табысталды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ