Өткенге құрмет үзілмек емес
qarmaqshy-tany.kz Тарихтан білеміз, 1937 жылдар кезінде қазақ елінің көптеген ұлқыздары жазықсыз жапа шегіп, халық жауы деп айыпталып қуғын-сүргін құрбаны болып атылды және сотталды.
Қаралы жылдардың құрбаны болған және жан азабы мен тән азабын көрген ұлқыздарымыздың әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақталуына және қылмыстық істердің тоқтатылуына, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес комиссия құрамына кіріп көп еңбек жасаған ҚР Сенат пен Мәжіліс депутаттарына, ҚР Әділет, ІІМ министрлігіне, ҚР ЖС құрамына, ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және елеулі еңбек жасаған басқа да органдар басшылығына халықтың айтар алғысы мен батасы мол. Сол алғыс пен бата білдірушінің бірі – қаралы жылдың құрбаны, ауылының қамқор басшысы, белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің рулас бауыры, әрі досы болған Ахмет Тұрғанбаевтың шөбересі отставкідегі судья Молдабек Ахметовпін.
Жоғарыда атап өткен ҚР ведомстволық орган басшыларына барлық облыс, аудан халқы мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтар ұрпағының атынан және жанұям мен туысқанбауырларымның атынан аталған елеулі еңбектеріңізге алғысымыз шексіз.
Біз бабалар рухына тағзым ете отырып, сүйегінің қайда қалғаны белгісіз, бейіті жоқ, атылған және сотталып елге келіп қайтыс болған, тергеу абақтысы мен лагерьлерде жүріп елі мен жеріне және жанұясына жете алмай қаза болғандарды ұлықтау үшін тас белгі жасап қоюды қолға алдық. 31 мамыр күні аудан тумалары ҚР мен РФ техникалық ғылымдарының докторы, академик, профессор Ясин Ұзақов пен ҚР атом өнеркәсібінің І дәрежелі үздігі, техникалық ғылымдарының кандидаты Марат Ниетбаев, заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Сот жүйесінің үздігі, ҚР ЖС «Үш Би» төсбелгісінің иесі Молдабек Ахметов аудан әкімінің қолдауымен Жосалы кенті орталығындағы «Тағзым» алаңына 1937-1938 жылдары «Халық жауы» атанып ату, бас бостандығынан ұзақ жылдарға сотталып тағдыр азабын көрген саяси қуғын-сүргін құрбаны болған боздақтардың аты-жөнін қашап жаздырып, аталған тас белгіні қойдық.
Осы қаралы жылдар құрбаны болған боздақтарды ұлықтау ісшарасының жоғары деңгейде өтуіне қолдау жасаған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына, кент әкімі Шыңғыс Әбділәмитұлына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерековке, еңбек ардагерлері Әбдірахман Құлдүйсеновке, Әбдібек Байбарақовқа, Сақтапберген Медеуовке, Сабытбек Жолмахановқа, Сержан Нәметшаға, қуғын-сүргін құрбандарының тізімін ҚР Президент мұрағатынан алдыру жөнінде аудан әкімінің тапсырмасын бұлжытпай орындаған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаевқа Алланың нұры жаусын дейміз.
Сондай-ақ, елдік танытып, осы іс-шараға, құрбандар рухына Құран бағыштауға қатысқан аудан халқы мен боздақтар ұрпағына да ризамыз. Әрдайым жоғымызды іздеп тауып, ұлықтай білетін, өткенге құрметін аямайтын ұрпақ ретінде ұлт тізгінін жалғай берейік.
Молдабек МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі