Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым
qarmaqshy-tany.kz ҚАЗАҚСТАНДА 1997 ЖЫЛДАН БЕРІ САЯСИ ҚУҒЫНСҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ АТАЛЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ ҚОҒАМДЫ СОЛ ҚАРАЛЫ ЖЫЛДАР ТАРИХЫ ДЕРЕГІНЕ АСА ЖАУАППЕН ҚАРАУДЫ, ОНЫҢ КЕШЕГІ АТА-БАБАМЫЗДЫҢ ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУДЕГІ ӨТКЕН СОҚПАҚТЫ ЖОЛЫ БҮГІНГІ ЖАС ҰРПАҚ ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ.
Қазақ басына түскен сұрапыл жылдар халқымызды қасірет-қайғыға батырып, ұлт қаймақтары мен жетекші құрамының 650 адамын ату жазасына кесті. Елдің алдыңғы шебінде болған мыңдаған патриот ұл-қыздар жаппай қудаланды. Елімізде 2 миллионға жуық адам азаптау лагерьлерінде қиын да ауыр уақытты басынан кешірді.
Тоталитарлық жүйенің солақай саясатының зардабын қазақ топырағына қоныс аударған 62 этникалық топтың өкілі де көріп тұтқындалса, олардың да көбісі аштықтан, суықтан қынадай қырылды.
Зобалаң жылдар еліміздің қаншама абзал азаматтарының жазықсыз атылып кетуіне, сотталуына, итжеккенге айдалуына әкеп соқтырды. ХХ ғасырдың қорқынышты қаралы жылдарының құрбаны болған азаматтар мен азаматшалардың есімдерін ұрпақ жадында қалдыру – біздің қасиетті борышымыз.
Бүгінде елімізде саяси қуғын-сүргіннің ұзын құрығына ілініп, құрбаны болған боздақтардың ұрпағы мен барша қазақстандық жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етіп, ерекше атап өтуде. Аудандық қоғамдық даму бөлімі жинаған деректерге сүйенсек, ауданда қуғынсүргін құрбаны болған 400-дей адам анықталып отыр. Боздақтарға тағзым етіп, белгі қою, оны жоғары деңгейде атап өту аудан азаматтарының парызы деп білемін. Сол мақсатта туған жердің түлегі Ясин Ұзақов, Марат Ниетбаев, Молдабек Ахметов және Сержан Наметша, Әбдібек Байбарақов, басқа да азаматтардың қолдауымен, сондай-ақ аудан, Жосалы кенті әкімінің келісімімен аудан орталығынан арнайы жер белгіленген-ді. Осындай игі істе бастамашылық білдірген біздер, қайырымдылық ретінде өз қаражатымызға осы жылдың 31 мамырында граниттен белгі қоюды және оған боздақтардың есімін қашап жаздыруды қолға алған болатынбыз. Қазір ол жұмыстар дайын болып қалды. Белгі қойылған соң ауданның және басқа да облыстарда тұратын саяси қуғын-сүргін құрбаны болған боздақтардың ұрпағы мен оқушылар, жастар келіп бабаларының тарихымен таныса алады. Себебі, мұндай естелік белгіні көпшілік ұзақ жылдар күтті десем қате айтпаймын.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандық қоғамдық даму бөлімі саяси қуғын-сүргін құрбандарының сотталған және ақталған жазбаша дерегін Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен алдыруға іс-шара жасап жатыр.
Ауданымыздың жанашыр азаматтары, ардақты ағалар, аналар, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, боздақтарымыздың асыл рухына дайындалған белгіні қою және аталған іс-шараны өткізуге өз үлестеріңізді қосып, қолдауға шақырамын.
Молдабек АХМЕТОВ