Сұлулық сыйлаған салон
Нарықтық заманда өзгеге алақан жаймай, кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру әрине құптарлық жайт. Уақыт көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, тыңнан түрен салуды көздеген жастарымыз бүгінде ауданда жетерлік. Соның бірі – Ақжар ауылындағы Әлия Орынбасарова. Ол осындағы қыз-келіншектерге әдемілік сыйлайтын сән салонын ашып, түрлі қызмет түрлерін көрсетуде.
Ауылға барған сапарымызда жас кәсіпкердің салонына бас сұғып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Ашылғанына біраз уақыт болған нысан өз тұтынушыларын жинап та үлгерген. Іші жинақы, шағын болса да шашаусыз, жиһаздары ерекше талғаммен орналастырылған.
Әлия Қуаңдария ауылының тумасы. Ол бала күнінен осы іспен айналысуды мақсат тұтқан. Мектепті бітірген соң қаладағы Қызмет колледжіне оқуға түсіп, «Шаштараз және сәндік косметика» мамандығын алып шығады. Сөйтіп одан әрі мамандығын шыңдау үшін сол жақта үш ай жұмыс істейді. Кейін болашақ жарын жолықтырып, Ақжар ауылына тұрмысқа шығады.
– «Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың» дегендей, тіршілік істеймін деген адамға жұмыс көп. Тек ынта мен ықылас, талап қажет. Жыраққа кетпей өз жеріңде еңбек ету де – бір бақыт. Ауылға тұрмыс құрғанымда кәсібім бір-екі жыл тұрып қалғаны болмаса, одан қол үзгенім жоқ, кейін қайта қолға алдым, – деді ол сөзін әріден бастап.
Кешегіге дейін ауылдағы сұлулыққа құмар қыз-келіншектер ауданға жол тартып, қалаған шаш үлгісін сонда жасатып келгені рас. Енді олар табан тоздырып, алысқа бармайды. Кәсіпкер ауыл орталығынан сән салонын ашып, шаш, кірпік, макияж, тырнақ әрлеу мен косметологиялық бет күтімі бойынша қызмет көрсетеді.
– Әйелдерге сұлулық сыйлау – бір ғанибет. Осы орайда жеке ісімді дөңгелету үшін қаржы жинап сұлулық салонын аштым. Былтыр «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсынан өтіп, қайтарымсыз несие алдым. Сөйтіп сән салонымның ішін керек құралдар мен жиһаздарға толықтырдым. Жалпы кішкентайымнан алдыма қойған мақсатыма жетіп тынбайтын мінезім бар. Бір іске талаптансам, соған бар ынтаммен кірісемін. Жолдасым мен үйдегі әжем әркез қолдап отырады. Тұрақты тұтынушыларым да бар. Оларды әр уақытқа жазып қойып, сол бойынша қызмет көрсетемін. Қолға алған ісім жақсы нәтиже беріп жатса, кейін үлкейту ойда бар, – дейді Әлия Жанабілқызы.
Кәсіпкердің қызметіне ең бастысы ауыл тұрғындары риза. Әлгі айтқандай олар алысқа шауып сабылмайды. Ауылда ашылған бастамаға қолдау көрсетіп отырса, кәсіптің де дөңгелейтіні сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ