Ұлтыңды ұлықтаған жырау едің
qarmaqshy-tany.kz Апа, қалің қалай? – деп телефон соқпағаныңа да ай толды. Сенің енді мүлдем хабарласа алмайтыныңа көзім жеткен сайын көңілім құлазып, жүрек сыздап, жаным жай таппай кетеді. Әрі ойлап, бері ойлап өзің жайлы өткен күндердің естелігін жазып өз-өзімді жұбатуға көштім. Айналайын арнұрым! сенің рухың бір сәтке ғана оянып, мені тыңдай алса ғой...
Иә, пендеміз ғой, оның арманы біткен бе?! Қасиетті Рамазан айы кіріп, құдіреті шексіз бір Аллаға құлшылық етіп жатқан күндеріміз едіау... Исі мұсылман бауырларымыз ертелі-кеш отбасы мен ағайын-туыс пен құда-жекжат, досжаран, көрші-көлем, ел-жұрттың амандығы мен әлемнің бейбітшілігін Алладан сұрап дұғада боп жатқан уақыт еді ғой.
Әуелі Алла, берісі ата-бабасынан әруақты жыр қонған Көшенейұлы Арнұр бақилық болды деген қаралы хабар кім-кімді де ойландырып, «Бұл қалай болды?», «Мүмкін емес», «Япыр-ай, ә?» деген сұраулы кейіпте қалдырды.
Ұзақ уақыт дендеген дерт ақыры арыстай азаматты алып кетті. Халық қалаулысы болып, ел үшін еңбек етіп жатқан нағыз қарулы да қуатты, жігерлі де жалынды, алымды шағы – елу жасты енді ғана еңсерген жігіт ағасы дерлік жастағы Арнұр Көшенейұлымен Сыр халқы сәуірдің жетісіндегі жұмада қоштасты.
Оңай болған жоқ. Атадан балаға мирас болып келген алтын арқаулы, күміс көгенді жыр керуені бір сәт тоқтады десе, енді біреулер Дүзбембет, одан Жиенбай, одан Рүстембек, одан Көшеней, одан Арнұр жырлаған мақам саз Арнұрдың өмірден өтуімен бітті ғой деп жатты. Әркімнің өз ойы, өз топшылауы бар. Дегенмен біршама уақыт жыраулық өнер жайлы таным-түйсікті зерделей жүріп аңғарғаным б.з.д. ІІІ-ІV ғғ. Орхон-Енесей құлпытастарына жазылған жырлардан бастап, Қорқыт ата мұраларындағы жыраулық, жыршылық дәстүр орта ғасырды көктей өтіп бүгінгі бізге жетті. Не деген өміршең өнер! Сыр өңірі – бұл өнерге бай киелі мекен. Қармақшы жеріндегі Жиенбай жырау мақам сазы бесінші ұрпаққа жетті.
Арнұр Көшенейұлы ата-бабасынан аманат боп келе жатқан осы өнер мұрасын ерте бастан құнттап үлгерген өнер иесі. Әкесі Көшенейдің арман еткен биігіне жетуге бар күш-жігерін жұмсады. Небәрі он айлығында әкесінен айырылған Арнұр әке өнегесін көрмесе де әке елесін сәби санасына сіңіріп, балалық шағын әке арманына жалғауға асықты.
Көшенейдің көзін көрген, онымен жақын қарым-қатынаста болған М.Бәйділдаев, О.Нұрмағанбетова, Л.Покровская, Ө.Күмісбаев, Ж.Дәрібаева, А.Шаменов, А.Мекебаев, Т.Тебегенов, Р.Бердібаев сынды өнертанушылармен, ғалымдармен, ақын-жазушылармен сыйластықта болып, әкесі Көшенейдің жүріп өткен жолын таныды.
Анасы Жұпардың, әкесі Көшеней орнындағы ағасы Бидастың тәрбие тағлымын ала жүріп әкесі Көшенейдің үн таспадағы дауысына жанын суарып, қолына домбыра ұстаған Арнұр үлкен мақсат жолына түсті. Мақсаты – ата-бабасынан үзілмей келген жыраулық, жыршылық өнерді жалғап, халқына өнерімен қызмет ету. Мектеп сахнасынан басталған киелі өнер жолы Арнұр Көшенейұлын қазақтың алпауыт жыршыларымен иық теңестіріп өнер бәйгесіне түсуіне жол ашты. Бұл енер жолында алған марапаты мен атағы қанша! Бағындырған биігі мен асқан асуы қаншама десеңізші!
С.Сейфуллин: «Базар жырау – Бұхардан кейінгі толғау алыбы» деп бағасын берген Сыр өңірінің жүйріктері – Базар жырау, өз атасы Жиенбай, Рүстембек жыраулар, Оңғар жырау, Тұрымбет жыраулардың орындауындағы жыр-термелерді өз репертуарына алған Арнұр Сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Ешнияз Сал, Кете Жүсіп, тағы басқаларының шығармаларын туған халқына насихаттауда аянбай еңбек етті.
Өсу, өрлеу жолында шығыс шайырлары Лұқпан Хакімнің, Әбілқасым Фирдаусидің ғибратқа толы дастандарын тарата айтып ұлағатты ұлт болу жолы кемел ақыл, шынайы болмыста жатқанын халыққа үлгі етіп ұсынушы еді.
Сыр сүлейлерінің сұңғыласы Тұрмағамбет жырларын орындаудағы ықыласы бөлек болатын. Сүйсіне, тұшына айтып асқан шеберлікпен әр сөзіне зер салып әсем ырғақпен тыңдаушысының құлағына құя білуші еді.
Мысалы: «Ақымақ жез екен деп тастап кетер,
Алтынға жол үстінде кез болғанмен.
Шын шебер ділдә орнына өткізеді,
Өрнектеп аса порас жез болғанмен» деп асқақтата қайырып, кез келген жерде өнердің өміршеңдігін асқан сүйіспеншілікпен көрсететін.
Алтынға жол үстінде кез болғанмен.
Шын шебер ділдә орнына өткізеді,
Өрнектеп аса порас жез болғанмен» деп асқақтата қайырып, кез келген жерде өнердің өміршеңдігін асқан сүйіспеншілікпен көрсететін.
Жыраулық, жыршылық өнер – ұлт қаруы. Болашағымызға соғылған алтын бесік.
Жыраулық өнерде жатқан еңбек пен талап, терең ой, сабыр мен төзім, үміт пен арман, бәрі ұлт болашағының қайнары. Олай болса осы құнарды Сыр халқы көзінің қарашығындай сақтауға жан сап келеді.
Халық қалауындағы бұл өнердің өлмес отын жағып кеткен Қорқыт баба құдіретіне бас иген Арнұр Көшеней өмірінің ақырына дейін осы жыраулық өнер тағдырына алаңдаулы күй кешті.
2006 жылы әкесі Көшеней Рүстембековтың 60 жылдығы қарсаңында оның жазған хаттары мен лекция дәптерлерінің беттерін жинақтап әкелді. Екеуміз бірігіп, Көшеней Рүстембекұлының ғұмырнамалық кітабы етіп «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмырды» Алматы қаласынан бастырып шығардық. Сол жылдағы аудан әкімі Р.Нұртаевтың қолдауымен ескі «Комсомол» кинотеатрын жөндеуден өткізіп республикамыз бойынша тұңғыш рет «Көшеней Рүстембекұлы» атындағы жыраулар үйі ашылды. Аудандық мәдениет үйінде Р.Бердібаев, Ө.Күмісбаев, Т.Кәкішев, И.Жеменей, А.Мекебаев, Т.Сарыбаев сынды белгілі ғалымдар мен өнертанушылардың қатысуымен ғылыми-теориялық конференция өтті. Жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, республикалық деңгейде ақындар мүшәйрасы мен жыраулар байқауы өтті. Мұның барлық ұйымдастыру шарасына Арнұр жетекшілік етті.
Марғау тартқан сана сілкініп, сезім оянды. Жыраулық өнерге деген сусаған халық жаңадан ашылған Жыраулар үйіне ағылды. Күміс көмей Көшеней халқымен қайта қауышты. Әкесінің атындағы Жыраулар үйіне Арнұр басшылық етіп төрт елді мекеннен (Ақжар, Майлыөзек, Тұрмағамбет, Көмекбаев ауылдары), бір аудан орталығынан барлығы 5 жыраулық класс ашып, оларға Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің дәстүрлі жыр факультетін бітірген мамандарды жетекшілікке бекітті.
Жиенбай жыраудың тікелей ұрпағы, ағасы Бидас Рүстембековті шеберлік класына бекітті. Сонан бері де он жеті жыл өтіпті.
Осы жыраулар үйінен қаншама шәкірт жыраулық өнерге тәрбиеленіп шықты. Олар республикамыздан тыс Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Әзербайжан мемлекеттерінде өтіп жатқан байқауларға шақырылып, өнердегі бақтарын сынады. Жүлделі орынмен оралып, халқымыздың көңіл қуанышына айналды. Бұл жетістіктердің бәрі уақытылы аудандық, облыстық, республикалық ақпарат құралдары арқылы халыққа таратылды.
Арнұр Көшеней әке даңқын асыру үшін ғана емес, ұлтымыздың құнды жәдігері боп қалған дәстүрлі жыраулық өнердің жолын ашып, жарқын болашағын көп ойлағандықтан осындай қадам жасады деп білген жөн. Қандай қызметте жүргеніне қарамастан К.Рүстембекұлы атындағы жыраулар үйіне бір соқпай өтпеуші еді.
Оның мамандарының білімін жетілдіруіне, заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базасының нығаюына көп көңіл бөліп, мәслихат пен әкімдіктің назарына ұсынып отыратын.
Соңғы жылдары жыраулар класының желісі жаңаша өнер кластарының желісімен байытылды. Қобыз, айтыс кластарының шәкірттері аудандық, облыстық байқаулардың жүлдесін жеңіп алып отыр.
«Өзекті жанға бір өлім бар екені», «Өлім аян екені», «Жанымыз Алланың аманаты» екенін білеміз. Өлшеулі ғұмырдың тез өтерін білгендей, өз арман-мақсаттарын осылайша ерте құнттаған Арнұр Көшенейұлы осы кезге дейін атадан балаға мұра болған дәстүрлі жыраулық өнеріміздің ендігі жерде ұрпақтанұрпаққа мұра болып қалуын армандаған іспетті. Бұған оның істеген іс-қимыл әрекеттері куә. Еліміздің Арнұр сияқты арманшыл ұрпағы ұлттық болмысымыздың негізі болып табылатын жыраулық өнеріміздің иесі болып өсіп келе жатқаны қуантады, көңілге демеу береді.
Өмірінің соңғы күндерінің күнделігіндей етіп әлеуметтік желіге әкесі Көшеней мен анасы Жұпар туралы сағынышты толғанысын қалдырғаны еске түседі.
Тектінің тұқымы ғой. Өмірінің соңғы күндері таянғанын сезіп, мұны да жазып қалдырып кетейін дегені ме екен?
Ақылды еді. Арлы еді. Азаматтың болмысымен туған халқының жүрегіне ұялаған Арнұр Көшенейұлы ұмытылмақ емес. Ұрпақ үнімен жаңғырып еске түсіп отырады.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы