» » Ораза айт – ұлық мейрам

Ораза айт – ұлық мейрам


Айлардың сұлтаны болған қасиеттi Рамазан айымен қоштасатын сәт те келіп қалды. Отыз күн Алланың разылығы үшін таңнан кешке дейін ауыз бекіткен жандар бұл айды қимай шығарып салары сөзсіз. Себебі осыбір айда адамдар жақсылыққа шақырып, көбірек ізгі амал жасауға ұмтылады.
Ертең – Ораза Айт мерекесі. Ға­ламдық деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Айт – барша мұсылман қауымына ортақ мейрам. Мұсылмандар оразадан кейін ауыз бекітпейтін ең алғашқы күн. Отыз күн оразада жасаған құлшылығынан кейін бір сәт үзіліс алып, мерекелік көңіл-күйде Алланың сансыз нығметіне ой жүгіртетін кезі.
Иә, ораза – құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, бес парызының бірі саналатын ораза шартын орындаған жандар ауыз ашады. Мұсылмандар бұл аймен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандық-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетуін тілеп, құлшылық етеді.
Ал енді айттың мән-мағынасына келер болсақ, Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Жаратқан Иеміз айт сайын адам баласына әртүрлі жақсылық береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады.
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында жеті шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақ үзілмейді. Айттың өзіне тән ерекшелігі де осында. Сонымен қатар мұқтаж адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалмайды. Бұл күндері туған-туыстың басы қосылып, өмірден өткен жақындардың аруағына Құран бағышталады. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның өзге мерекелерден негізгі ерекшелігі – адамды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкірлік етуге үндейді. Сонымен қоса суып бара жатқан туыстық қатынастың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіндік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылығын күшейту.
Ораза айтта жұртшылық тегіс тазаланып, әдемі киімін киіп, ауыл аралап, дәм татып, шүйіркелесе әңгімелесіп, бірінің жағдайын бірі сұрап қуанышпен табысып жатады. Үлкендерге сәл­ем беріп, ауырғандардың халін сұрай­ды. Ренжіскендер болса бір-бірі­нен ке­шірім сұрасып, татуласады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
12 мамыр 2021 ж. 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031