Дала алқаптарын өрттен сақтайық
qarmaqshy-tany.kz Өрт – барлық апаттың бастауы. Ол күрделі шығынға әкеліп соқтырары сөзсіз. Оған деген немқұрайлылық пен селқостықтан арылуымыз керек. Өрт әртүрлі жағдайда шығуы мүмкін, сол апаттың бір түрі – орман-тоғай немесе дала өрті. Теледидардан байқасаңыздар әр жылдың көктем, жаз айларында, әсіресе Қазақстанның солтүстік облыстарында орман-тоғай өрті көп орын алуда. Бұл өрттің шығуының негізгі себебі – күннің қызуынан шөптердің қурап, көгеріп, өзі өртенуінен немесе саяжайға демалысқа барған азаматтардың ошақ құрып, от жағып, оны өшірмей, немқұрайлы қараусыз қалдыру салдарынан болып отырады.
Табиғатты қорғауда орман шаруашылығы мекемесі қызметінің маңызы зор. Әрбір қорықшы өзіне бекітілген учаскесінде бақылауды күшейткен жағдайда өрттің шығуы да азаймақ. Бұрынғы Кеңестің уақытында қорықшылар атпен жүріп, бақылау жүргізген. Ал қазіргі уақытта әр мекеме саласына техника, құрал-жабдықтар беріліп, соның нәтижесінде өрттің орын алуы азайып отыр. Сондықтан қорықшылар осы көрсетілген күштерді пайдаланып, бақылауға үлкен мән берсе, тілсіз жау азайған болар еді. Ол үшін далалық жерлерде отты пайдаланушы әрбір азамат табиғат тағдырына жанашырлықпен қарауы қажет. Жыл сайын аудан көлемінде көктем айларында шаруашылық басшыларының және жеке азаматтардың жауапсыздығынан дала өрті болып, табиғатқа көп зиян келуде. Өрттің шығу себептері шаруашылық басшыларының, жеке азаматтардың көктем айларында егіске, баубақша егуге даярлық кезінде өртке қарсы ережелерді сақтамауынан туындауда. Атап айтатын болсақ, егіндік жерлерді, су арналарын арам шөптерден тазарту үшін оны өртеп, бақылаусыз қалдырып кетеді. Тілсіз жау желдің әсерімен жан-жаққа жайылып, табиғатқа қыруар зиянын тигізуде. Мұндай олқылықты болдырмас үшін шаруашылық басшылары дала жұмысына бөлінген адамдардан өртке қарсы ережелерді қатаң сақтауын талап етуі тиіс.
Өрт болған жағдайда оның күш алып кетпес үшін қолда бар техника, құрал-саймандармен өрт сөндірушілер келгенше ұйымдасқан түрде өртті сөндіруге кіріскен жөн.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 101 немесе 112 телефонына хабарласыңыздар!
Нұрдәулет РАХЫМБАЕВ,
аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты