«Дала алқаптарын өрттен сақтайық!»
qarmaqshy-tany.kz Өрт - барлық апаттың бастауы. Ол күрделі шығынға әкеліп соқтырары сөзсіз. Оған деген немқұрайлылықтан, селқостықтан арылуымыз керек. Өрт әр түрлі жағдайда шығуы мүмкін, сол өрттердің бір түрі орман-тоғай немесе дала өрті. Теледидардан байқап отырсаңыздар әр жылдың көктем, жаз айларында, әсіресе Қазақстанның солтүстік облыстарында орман-тоғай өрті көп орын алып отырады. Бұл өрттің негізгі көп орын алатын орны, күннің қызуынан шөптердің қурап, көгеріп, өзі өртенуінен және де саяжайға демалысқа барған азаматтар мен азаматшалардың ошақ құрып, от жағып, өртті өшірмей, немқұрайлы қараусыз қалдыру салдарынан болып отырады. Табиғатты қорғауда орман шаруашылығы мекемесі қызметінің маңызы зор. Әрбір қорықшы өзіне бекітілген учаскесінде бақылауды күшейткен жағдайда өрттің шығуы да аз болар еді. Бұрынғы кеңес үкіметі уақытында қорықшылар атпен жүріп, бақылау жүргізген болатын. Ал, қазіргі уақытта әр мекеме саласына техникалар, құрал-жабдықтар беріліп, соның салдарынан өрттің орын алуы азайып отыр. Сондықтан қорықшылар осы үкіметтен көрсетіліп отырған күштерді пайдаланып, бақылауға үлкен мән беріп отырса, тілсіз жау - өрт азайған болар еді. Ол үшін далалық жерлерде от пайдаланушы әрбір азамат табиғат тағдырына жанашырлықпен қарауы қажет. Жыл сайын аудан көлемінде көктем айларында шаруашылық басшыларының және жеке азаматтардың жауапсыздығынан дала өрті болып, табиғатқа көп зиян келтіріп жүр. Бұл өрттің шығу себептері шаруашылық басшыларының, жеке азаматтардың көктем айларында егіске, бау-бақша егуге даярлық кезінде өртке қарсы ережелерді сақтамауынан. Атап айтатын болсақ, егіс егетін жерлерді, су арналарын арам шөптерден тазарту үшін өртейді де, отты сөндірмей, бақылаусыз қалдырып кетеді. Соның салдарынан олар желдің әсерімен жан-жаққа жайылып, табиғатқа қыруар зиянын тигізеді. Осындай жағдайларды болдырмау үшін шаруашылық басшылары дала жұмысына бөлінген адамдардан өртке қарсы ережелерді қатаң сақтауын талап етуі тиіс.
Өрт болған жағдайда өрттің күш алып кетпес үшін қолда бар техника, құрал-саймандармен өрт сөндірушілер келгенше ұйымдасқан түрде сөндіруге кірісіңіздер.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 101 немесе 112 телефонына хабарласыңыздар!
Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлім