» » Келте ғұмыр – кесек тұлға

Келте ғұмыр – кесек тұлға

qarmaqshy-tany.kz МЕН, ШӘКЕҢМЕН ҚАНДАС БОЛЫП КЕЛЕМІН. КЕТЕ ТАЙПАСЫНЫҢ АСАН БӨЛІМІНЕН КИІКШІ, ҚАРПЫҚ, ҚАРАБАЗАР ДЕГЕН ҮШ АТАЛЫҚ ТАРАЙДЫ. СОНЫҢ ҮЛКЕНІ КИІКШІДЕН МЕН, КЕНЖЕСІ ҚАРАБАЗАР АТАМНАН ШӘРІБАЙ МАХАМБЕТЖАНҰЛЫ ТАРАЙДЫ. КЕШЕГІ КЕҢЕСТІҢ АЛАСАПЫРАНЫ ТАЛАЙ АҒАЙЫННЫҢ ШЕКАРА АСЫП, БӨТЕН ЖЕРДІ ПАНАЛАУЫНА ИТЕРМЕЛЕГЕНІН ЖАҚСЫ БІЛЕМІЗ. ЕЛДЕГІ БІЛІМДІ, ТОҚЫҒАНЫ БАР, БІР АУЫЛДЫ АСЫРАУҒА ҚАУҚАРЛЫ ҚАЙЫРЛЫ БАЙЛАРҒА 1920 ЖЫЛДАРДАН БАСТАЛҒАН ЗОБАЛАҢНЫҢ АЯҒЫ, ОЛАРДЫҢ ЕЛДЕН БІРЖОЛА ТАМЫР ҮЗУІНЕ, БОСЫП КЕТУІНЕ СЕБЕПШІ БОЛДЫ.
Сырдарияның екі бетін ен жайлаған елдің бір бөлігі Қызылқұмды, екінші бөлігі Қарақұмды мекендеп, мыңғыртып мал айдап, ұрпағын ұлағатқа суарып отырғанда, қызыл үкімет белсенділерінің оспадарсыз әрекетіне ұшырап, жазықсыз күйе жағылып жатты. Сауатсыз басшылары жаңа үкіметті орнықтыра алмай, мемлекет ісін заңға сәйкес ұйымдастыруға өрелері жетпей, елдегі байлар мен молдаларды, елдің бағытын болжай алатын зиялыларды қуғындаумен болды. Сондай шолақ белсенділердің ұрпағы осы кезде де ортамызда жүр. Алайда, әкенің ісіне баласын кінәлауға болмайды. 1924 жылғы байталауда енді бұл елден опа таппайтынын түсінген ел амалсыз шекара асты. Солардың ішінде Шәрібай ағамның әкелері де бар еді. Шекараның арғы жағындағы жат ел тұрмақ, өзіңе өзің қимайтын талай боздақ туған жерден кетіп бара жатқандағы артындағы шұбалаң шаңға үздіге қарап, енді қайта айналып келеріне көңілі сенгенмен, жарық дүниені көрерге берген көзі құрғыр сене алмай, жәудіреп қараған, шерменде күйде кеткені анық. Елде жүргенде қоңсылас болған, атақты Құламанұлы Тасберген жыраудың жалғыз шәкірті Кәдір жырау да осы көштің ішінде еді. Қызыл үкіметтің сойылын соғып жүрген белсенділер ауықауық артынан қуып жетіп, малын тартып алып, әбден көресіні көрсеткенін сол көште болған ағайындардан кейін естідік. Ауғанстанға жетем дегенге дейінгі ең қиын жол Тәжік жерінен өткенде болыпты. Сол кездерде ес білер жастағы балалар 1993 жылдары жетпістен асқан ақсақал еді. Сол кісілер Тәжік халқынан көрген қорлықтарын айтқанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Елге жол ашылғанда 84 жастағы Әнеш ақсақал, елден кеткенде тоғыз жасар бала, біз кездескен кезде 70-тен асқан Сағындық ағалармыз «Бетпе-бет келіп, алыса кеткенде әлі жетіп қолыңнан тартып алса, арманың жоқ қой, олардың аярлығы көрінбей жүріп, құдықтарды улап, шығынға ұшыратулары еді», – деп баяндар еді.
Міне, сондай өткелектерден өтіп, Ауғанстанның Балқы уәлаятының орталығы Мазари-Шариф шаһарына орналасып, ешкімнен кемшілік көрмей ғұмыр кешкенмен елге деген ұлы сағыныш маза бермегендіктен 1973 жылы Шәрібайдың әкесі Махамбет үйорманымен елге оралады.
Әрине, көзі қарақты, сауатты ағайындардың араласуымен. Әсіресе, елге келуіне ет жақын туысы Тұраш әкеміздің еңбегі орасан екенін айтуымыз керек. Шәкең елге келгенде 14 жаста екен. Біздегі жабық тақырып дінге сол кезде сауаттанып келген Шәкеңе кеңестік білімді игеру онша қиынға соқпаған болса керек. Содан кейінгі өмірі Шәкеңді танитын жандардың көз алдында. Он жылдықты бітіріп, екінің бірі бара алмайтын сол кездегі еліміздегі беделді оқу орыны КазМу-дың филология факультетін үздік дипломмен тәмамдады. Осы оқу орынында жүріп қаншама дос, қимас көңіл сырлас тапты. Тіпті өзінің өмірлік серігі Күлдірсін жеңгемізбен де тағдыр осы қасиетті қабырғада жолықтырды.
Шәрібай ағаммен жақынырақ араласуым 1992 жылдан басталды. Ол кезде Шәкең Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педогогикалық институттың аға оқытушысы болатын да, мен студент едім. Шәкеңмен ең алғаш институттың ректоры Досмамбетов Бақберген ағам таныстырған еді. Содан бастап ағалы-інілі болып, бірімізге біріміз сыйластықтың шегінен шықпай қатар ғұмыр кештік. Шәкең маған «Братан» дейтін. Мен: «Аға, жұрттан ұятты, жасым кіші ғой, неге олай дейсіз?», – десем сенің жолың үлкен, Киікшінің баласысың үндеме дейтұғын. Өмірден өткенінше солай атады. Екеуміз жолыға қалсақ кеңес үкіметіне дейінгі қоныстарымыз жайлы, қазақтың дәстүрлі діні туралы пікірлесіп тұратын едік. Сонда, Шәкеңнің дін жайлы білімінің телегей-теңіз екенін байқайтынмын.
1997 жылдары болса керек, біздің үйде отырып екеуміз ұзақ әңгімелестік. Сол кезде бала күнінде Ауғанстанда жүргенінде мықты ұстаздан тәлім алғанын айтқан болатын. «Кімнен?» деген сұрағыма, Әмит ағаңнан сұра, екеуміздің ұстазымыз бір деген еді. Әмит Ауғанстанда туып, қазіргі кезде Стамбұлда тұратын немере ағам. Бір кездескенімде Әмит ағамнан сұраған едім, сонда ол Сматулла мақсұмды атады. Содан кейін барып, Шәкеңдегі дін туралы телегей білімнің төркінін түсіндім. Бір адамға артық ауыз сөзі жоқ, сыпайы болмыс ағаның қайғысын естігенде өте ауыр қабылдадым. Себебі, сырлас бауыр, сыйлас ағам еді. Алланың есебі өзіне дұрыс, жаратқанның бұйрығына көлденеңдей алмасымыз тағы бар.
Иә, өмір болған соң ерте ме, кеш пе, әйтеуір өзекті жанға бір өлімнің келері хақ. Себебі, ешкім мәңгі өмір сүре алмайды. Бұл дүние – уақытша ғана тұрақ. Сондықтан да бабаларымыз бұл дүниені фәни, яғни өткінші, жалған деп сипаттаған. Қайтыс болған адамның артынан баратын ең бірінші – жақсылық. Оның бұл дүниеде, көзі тірісінде жасаған ізгі амалдары. Бұл дүние – ақыреттің егістігі. Уақытша дүниеде не ексең, ақыретте соның жемісін жейсің. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қабірге дейін мәйіттің соңынан үш нәрсе еріп барады. Олар жақындары, дүние-мүлкі және амалы. Алдыңғы екеуі қабірдің аузынан кері қайтса, соңғысы марқұммен бірге қалады» деген.
Шәрібай ағам ізгі амалдан кенде жан емес, дәтке қуат болатыны да осы хадис. Содан кейінгі көңілге медеу болары иманды, салиқалы баланың жасаған ізгі амалдары да ата-анасына сауап болып жазылатындығы. Себебі, менің ағам жаны жайсаң, ізгі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Жаның жәннатта, иманың саламатта болсын, жақсы аға!
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы, ҚР мәдениет қайраткері
05 сәуір 2023 ж. 427 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930