Кенеден келер кесір көп
qarmaqshy-tany.kz КӨКТЕМ ШЫҒА «КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ БЕЗГЕГІНЕН» ДЕ ҚАУІП ТУЫНДАЙТЫНЫ БЕЛГІЛІ. ЗАЛАЛДЫ КЕНЕДЕН ЖҰҒАТЫН БҰЛ ҚАТЕРЛІ АУРУ ЖӨНІНДЕ ЖҰРТТЫҢ ӘРҚАШАН ЕСТЕ ҰСТАҒАНЫ АБЗАЛ. КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ БЕЗГЕГІ – ВИРУСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ. ИНФЕКЦИЯ КЕНЕ ШАҚҚАН ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ ЖӘНЕ СЫРҚАТ АДАМНЫҢ ҚАНЫ ТИГЕНДЕ ЖҰҒАДЫ (АУРУХАНА ІШІНДЕ ЖҰҒАДЫ, ТІСТЕУДЕН ТІКЕЛЕЙ ҚАНҒА ӨТЕДІ).
Адам кездейсоқ уақытта кененің шағуына шалдықса, жұқпалы ауруға душар болуы мүмкін. Зардапқа негізінен ауыл шаруашылық жұмысымен айналысатын тұлғалар, көктем, жаз маусымы кезінде табиғатта, тоғай арасында, жаңа көктеген шөптер арасында жүріп демалатын адамдар шалдығады.
КЛИНИКАЛЫҚ КӨРІНІСТЕРІ
Созылмалы (көрінбейтін кезең) ұзақтығы – 1-14 тәулік. Басталу кезеңі 9 күнге дейін созылады. Ауру қатты басталады. Жаурап қалтыраудан дене температурасы 39-40 C-қа дейін көтеріледі. Ауырғандар бас, буын мен бұлшық ет, іш пен бел ауруы, жүрек айнуы және құсу, іші өтті деп шағымданады. 3-5 тәулікте дене қызуы төмендейді. Бір-екі күннен кейін қайта көтеріледі. Сандырақ ұзақтығы 1-12 тәулікке созылады. Ауру адамды тексеру барысында бет, мойын, кеуденің жоғары бөлігінің, коньюктиваның қызаруы, көз ағынының қантамырларында ұсақ қан бүршіктері пайда болуы, жүрек қызметінің бәсеңдеуі, қан қысымының төмендеуі байқалады. Бүйрек тұсы ауыра бастайды.
АЛДЫН АЛУ
Осы «Конго-Қырым қанды безгегі» орын алған аудандарда, кенелердің белсенділігі кезеңінде табиғатқа шыққанда абай болу. Кене шаққан жағдайда тездетіп емдеу мекемесіне көріну қажет. Ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстары да адамға КҚҚБны жұқтыратынын атап өткен жөн. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бағу, сауу кезінде, әсіресе оларды қырқу, сою кезінде жұғады.
Бұл жағдайдың ушығуына кененің көбеюіне алып келетін елді мекендердегі антисанитариялық жағдай ықпал етеді (қорадағы қи, тұрмыстық қоқыс және стихиялық қоқыс тастайтын жерлер, елді мекендердің айналасындағы жануарлардың өлекселері). КҚҚБ таралуының алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет.
Біздің, ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы Қармақшы аудандық бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер зертханасы мамандары тарапынан, халықтың ҚҚГБ-мен сырқаттануының алдын алу бойынша мынадай іс-шаралар өткізіледі:
– барлық елді мекендердің мал қорасының тазалығына көп байланысты екенін халыққа түсіндіру, улау жұмыстарының тиімді жүргізілуі, аурудың өршуін болдырмау жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізу; – эпидемиологиялық маусым кезеңінде эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг;
– КҚҚБ бойынша қолайсыз барлық елді мекендердің айналасында санитариялыққорғаныш аймақтарын құру үшін аумақты кенеге қарсы өңдеу; – КҚҚБ-дан сақтануды арттыру мақсатында медицина қызметкерлерімен семинарлар;
– КҚҚБ бойынша халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары, оның барысында аурудың алғашқы белгілері, сондайақ кене шаққан жағдайда міндетті түрде және уақытында медициналық ұйымдарға жүгіну қажеттігі түсіндіріледі;
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға (бұталар, суаттар және тұрақты немесе уақытша елді мекендердің төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының басқа да тұратын орындары), мал мен мал қораларына кенеге қарсы барлау, кене жинау, өңдеу жүргізеді.
КҚҚБ-дан қорғану мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз: жануарларды қырқу кезінде қолғапты пайдалану, оны шешкеннен кейін қолды сабынмен жуу керек. Кенені қолмен жаншуға жол бермеу. КҚҚБ бойынша эндемиялық өңірлерде табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде кенелердің шағуын болдырмау үшін ұзын жеңді ашық түсті тығыз матадан жасалған киім кию қажет. Шалбар шұлыққа және жабық аяқ киімге салынуы тиіс. Өздеріңізді және киімдеріңізді кенені табу үшін қайта-қайта мұқият қарап, дененің ашық бөліктері мен киімді реппелленттермен өңдеу керек. Кене шаққанда, тез арада дәрігерге қаралуы тиіс.
Егер сізді кене шағып алған болса, онда тұрғылықты жер бойынша міндетті түрде емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгініңіз. Сізді 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Дене қызуы көтерілген жағдайда емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек.
Лариса ТЫНЫМБАЕВА,
ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы
Қармақшы аудандық бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер зертханасының санэпид.қызмет маманы