Кенеден келер қауіп көп
КҮН ЖЫЛТ ЕТІП ЖЫЛЫНЫП, КӨКТЕМ ШЫҒА БАСТАСЫМЕН ЖӘНЕ КҮН СУЫТЫП, КҮЗ КЕЛГЕНДЕ АСА ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ТОБЫНА ЖАТАТЫН КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ АУРУЫНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ МАУСЫМЫ ДА КЕЛЕДІ. ЯҒНИ ОСЫ КЕЗДЕ ТАБИҒАТТА КЕНЕЛЕР САНЫ ТЕЗ КӨБЕЙІП, ОЛАРДЫҢ ІШІНДЕГІ АУРУ ТАСЫМАЛДАУШЫ КЕНЕЛЕР АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАУІП ТУҒЫЗАДЫ, ОЛАР КЕМІРГІШТЕРДІҢ ІНДЕРІНЕН ЖЕР БЕТІНЕ ШЫҒЫП, ЖАНУАРЛАР МЕН АДАМДАРҒА ШАБУЫЛ ЖАСАЙДЫ.
Адамдарға бұл вирус кененің тікелей шағуы, малды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және осы дертпен ауырған адамды күту барысында жұғады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі – өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуы. Яғни вирус жұқтырған адамның 30-70 пайызы өкінішке орай өмірден өтіп жатады.
Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналымға түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр.
Біздің ауданымыздың халқы негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақтары бар елді-мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады.
– Аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына «қолайсыз» деп танылған 11 елді мекен анықталды. Олар Жосалы кенті, Қызылтам, Диірментөбе, Иіркөл, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақжар, Алдашбай ахун, Қуаңдария, Кекірелі, Шобанқазған елді мекендері. Бұл аймақтарда аурудың табиғи ошақтарына күзгі эпидмаусымда жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстары кестеге сай басталып кетті. Кенеге өңдеу жұмыстарының 1 кезеңі тамыз айының 31-інен жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарына Шымкент қаласынан ЖШС «SATTI TULIK» мердігер компаниясымен келісім жасалған. Олар кенеге өңдеуді «Креолин-Х 5%» дәрмегімен жүргізіп жатыр, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Мамандардың айтуынша, кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медициналық көмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаған абзал. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен (пинцетпен) немесе резина қолғап киіп, шүберекпен неғұрлым тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек (қажетті жағдайда кене зерттеледі) немесе Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында атқарылатын басты іс-шаралар мыналар болып табылады. Біріншіден, вирусты кенеден адамға жұқтырмау шарасы, оған кене шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану қажет. Яғни мейлінше ашық жер қалдырмай киіну. Жеңі ұзын жейде, шалбар кию. Кене тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді таңдау да сізге кенеден қорғануға үлкен мүмкіндік. Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру, оған жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану. Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұқтырмау шараларын қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау керек.
Кене шағып алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, табиғат аясында демалғанда, қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді.
Ал егер, жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өзін нашар сезініп, дененің қызуы көтеріліп, кем дегенде бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда немесе іш өткенде, яғни, аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет. Сақтансаң, сақтаймын деген. Сіз де кенеден сақ болыңыз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА