Қара сөзден қадір кетті ме?
qarmaqshy-tany.kz ТҮСТЕН КЕЙІНГІ УАҚЫТ. ДҮКЕНГЕ БАРСАМ, САТУШЫ АПАЙ ӘЛГІ ЕКІ ЖАСТЫ ТАНЫСТЫРЫП, ТАБЫСТЫРАТЫН ЖОБАЛАРДЫҢ БІРІН КӨРІП ОТЫР. БҰЛ БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС ЕДІ. ОСЫҒАН ДЕЙІН ДЕ ӨЗГЕ ДҮКЕНДЕРГЕ БАС СҰҚҚАНЫМДА КӨРІП ЖҮРГЕНІМ ӘЛГІНДЕЙ ЖАҒДАЙ. ИӘ, ТҰТЫНУШЫ БОЛМАҒАН КЕЗДЕ ТЕЛЕФОННАН ТҮРЛІ ДҮНИЕНІ ТАУЫП ӨЗІН АЛДАРҚАТАТЫН ДА БОЛАР. БАҚЫЛАП БАҚСАМ, БҰЛ КӨП АДАМНЫҢ ЕРМЕГІ ІСПЕТТЕС. БӘЛКИ БОС УАҚЫТЫН ОСЫЛАЙ ӨЛТІРІП АЛЫП ТА ЖАТҚАН ШЫҒАР. БІРАҚ ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІ МЕН ОЛАРДЫҢ ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ БОЛҒАН ҰРЫС-КЕРІСТЕРІН ТЫҢДАП, ОНЫ ӘҢГІМЕГЕ АРҚАУ ЕТІП ТАЛҚЫЛАУ КІМГЕ ПАЙДА ӘКЕЛЕР ДЕЙСІЗ?!
Қазақта «Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді» деген тәмсіл бар. Тауып айтылған сөз. Бүгінде әңгіме сөз көп. Кінәнің кімнен, я неден бастау алғаны беймәлім. Тек тіл мен жақтың байыз табар уақыты жоқ. Жұмыр басқа біткен құлақта да маза жоқ. Тіпті ауыз-ауызға жұқпайтын ұрыскерісті күнде естіп, көріп етіміз де үйреніп қалды. Бұның бір ұшы әлеуметтік желіге алып келеді. Оның қай-қайсысына кіріп қарар болсақ, мұнда да көретініміз жанжал, ырду-дырду төбелес. Қазір осы көпшілігінің ұятты ысырып қойып, кертартпа сөздерден беті бүлк етпей, айызы қанып, жаны жай табатындай көңілі жайланып, миы тынығатындай күйге жеткен. Соның көбі әлгіндей көгілдір экраннан беретін «реалити-шоуда» көрініс табады. Мазалайтын бір ғана сұрақ. Бұл бізді қайда апарады, қандай күйге түсіреді? Әлбетте ізгілікке, жақсылыққа жетелемейтіні белгілі.
Біз қандай ел едік? Сөзге тоқтаған халықпыз. Ертеректе ұрыс-керіс болған үйдің тыңын тыңдаған біреуді көргенде оған өнегелі сөз айтып, тойтарып, тоқтау салар еді. «Тәйт» деп тиып, оның қате екенін айтып, бұл істің жақсылыққа апармайтынын ұғындырар еді. Тұтанғалы тұрған жанжалды бірауыз сөзбен шешкен ел едік қой. Сөз қадірін жақсы білген ата-бабаларымыз отыз екі тіс арасынан шығар әр сөзге аса мұқият болған. Қынжылтатыны сол, осы қасиеттен ажырап барамыз. «Басқа бәле тілден» деп екі елі ауызға төрт елі қақпақты қоя білген. Қалай болса солай сөйлей салу бүгінгінің айықпас ауруы болып тұр. Мұның салдары ренішке, бір-біріне деген өшпенділікке ұласып кетіп жататыны да бар.
Өзімізден емес, өзгеден үлгі алатын тұсымыз және бар. Осы тұста әлем елдерінен мысал келтіре кетейікші. Ғалымдардың зерттеу қортындысы бойынша кедей халықтардың 78%-і түрлі реалити-шоу көреді екен. Ал сондай реалити-шоуды көретін байлар 6%-ті ғана құрайды. Халыққа танымал миллиардерлердің 86%-і кітап оқығанды жақсы көреді екен. Сайып келгенде рухани байлыққа, кітапқа келіп тірелеміз. Түптеп келгенде рухани азықтанбаған, жан дүниесіне жақсылықтың дәнегін сеппеген адам олқылықтарға жолығатыны анық қой.
Қош. Тиексіз тілден келетін кесепаттан, жанжалға толы, ұрыс-керіс көріп, санасы уланған ұрпақтан не шығары Жаратқанға аян.
Түйін Өтірікті суша сапыратын, жөн сөзге құлақ аспайтын «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендер кейде өрмекшінің торына түсіп қалып жатады. Бұл – өмір. Алдыңда нендей тағдыр күтіп тұрғанын болжай алмайсыз. Сондықтан сөзіңіз өміріңізді басқармасын десеңіз, жақсы сөз айтыңыз. Себебі жақсылық қайта айналып иесін табады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ