» » Адамгершілік кісі көркі

Адамгершілік кісі көркі

qarmaqshy-tany.kz АДАМ БАЛАСЫ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН СОҢ ТАРАУ-ТАРАУ ЖОЛДАН ӨТЕРІ ХАҚ. СОЛ ЖОЛДАРДЫҢ ІШІНДЕ ЕҢ БАСТЫСЫ, АДАМ ӨМІРІНЕ КҮШ БЕРЕТІН, ОТБАСЫНА БЕРЕКЕ КІРГІЗЕТІН ОНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ.

Өмірдің мәні мен нәрі еңбек, биік өредегі адамгершілік, сыйластық пен жанашырлық, адалдық пен қамқорлық болатын болса, осы қасиеттерді бойына сіңірген, жалпы тіршілікте өзінің жұмысына берілген, оны өте жақсы меңгерген мамандарды көзбен көріп, санамызға түйіп жүреміз. Жақсы азамат, жақсы адам болу екінің қолынан келер, ал жақсы маман болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай жанның бірі, жігері мықты, өз ісін шексіз сүйген арда азамат, саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған майталман маман – Нұрділдә Нұржанов болатын.
Н.Әбілдәұлы 1964 жылы Қармақшы ауылының тұрғыны (Қызылтам ауылдық кеңесі) Әбілдә Нұржанов пен Әлия Ұзақбаеваның отбасында дүниеге келген. Ол жанұядағы 8 баланың төртіншісі болды. Ауылдағы мектептен орта білім алып, аудандағы училищеде жүргізушілік мамандығына оқыған жас жігіт Отан алдындағы борышын Бурятия елінде өтеп қайтады. 1985 жылдан бастап Абыла разьезінде жол жөндеуші, жол бригадирі, жол шебері болып өмірінің соңғы күніне дейін теміржол саласында талмай еңбек етті. Жұмыс істей жүріп арнаулы техникумда мамандығын жетілдірді.
Теміржол – зейнетінен бейнеті ауыр жұмыс екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Оны білетін саланың өз мамандары ғана. Үскірік қыста тоңып жүріп еңбек етсе, шыжыған жазда балқып тұрған шойын жолдың бойында күнге күйіп жұмыс істейді. Төзім мен шыдамдылықты талап ететін мамандық иесі – теміржолшы.
Кейіпкеріміз "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының Қызылорда магистралдық бөлімшесі филиалының Қызылорда жол дистансасына қарасты "ПЧ-57" мекемесінде 30 жылдан аса қызығынан гөрі қиындығы басым, жауапкершілігі жоғары қызметте жұмыс атқарды.
Нұрекең жұмыс істеген уақытта мекеме басшылары, директоры Дүйсембай Әбдиев, Досжан Тәжімұратовтардың алғысын алған азамат болды. "Осы мекемеде өзімен 12 жол шебері жұмыс істесе, солардың арасында жолды күтіп ұстауда, ай сайын өтетін жол өлшегіш вагонының ең үздік нәтижесін көрсеткен, анализ талдамаларынан жоғары орын алатын, күздік-көктемгі тексерісте де 1 орын иеленетін осы Нұрекең еді", – дейді Досжан Тәжімұратов. Ұжым арасында беделді, байсалды, білімді, ақжарқын, үлкенге іні, кішіге аға білді. Оның жақсы қасиеті, жұмысқа деген қабілеті өзінің қайынатасы Мырзахан Бадырақовтан дарыған десек, артық емес. Өйткені атасы дәл осы №1 айналымда 37 жыл жол шебері болып, қарамағындағы жұмысшыларды оқытып, тәрбиелеген азамат. Соның бірі – күйеу баласы. "Ұстаздан шәкірт озады" дегендей, Нұрекең ұжымда беделді қызметкер болды. Оның қарамағында еңбек етіп, өзімен бірге талай аптапты ыстықта, бет қаратпайтын аязда талмай-шаршамай бауырындай болып кеткен інілері Мұрат Абзалов, Серік Еленов, Жақсан Тынымбаевтар қазір өз ісіне мығым, Қазақстанның өркендеуіне үлесін қосып жүрген белді азаматтар.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын", – дегендей аптал азаматтың жасаған жақсылығын ауыл имамы Сәулетбай Өтебаев басынан өткен қиын кезде берген көмегін былайшы баяндайды.
– Жастау кезімізде туған жерден жырақта болып, ес жиып елге қайтуды ұйғардым. Дәл сол уақыт мен үшін өте қиын кез болатын. Жұмыс жоқ, жолдасым да жұмыссыз, шиеттей бала-шаға. Елге барғанда дайын тұрған үй және жоқ. Сонда да туған жерім ғой деп елге оралдым. Бірінші маңдай тіреп осы ағама келіп жағдайымды айттым. Үй салып, отбасымды көшіріп алсам деген ойымды жеткіздім. Ол да мені құптай кетіп, қолындағы бар құрылыс заттарын беріп, қол ұшын созды. Елдің осындай жанашыр азаматтарының арқасында баспаналы болып, отбасымды көшіріп әкелгенім бар, – дейді ол өткенді еске алып.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, өкінішке қарай тырбанып салған үйі пештен ақау шығып бір түнде өртеніп кетеді. "Тағы да сол маңдайымды тіреп Нұрділдәға бардым. Онда да ол қиын жағдайда қалған маған көмектесіп, ауылда бос тұрған үйге орналастыруға септігін тигізді. Енді қалай күн көремін деп Нұрекеңе тағы бардым. Жұмыс керек деп өтініш айттым. Ол кезде дайын тұрған жұмыс атымен жоқ еді. Жағдайымды басшылыққа жеткізіп, өзінің қарамағына жол жөндеуші етіп жұмысқа алды. Қазір Аллаға шүкір, ел қатарына қосылып, үйлі-жайлымын. Айтайын дегенім, ағамыздың адалдығын, адамгершілігін, адамға деген қамқорлығын еш ұмытқан емеспін. Артында қалған бала-шағасына амандық тілеймін. Бұл оның менің отбасыма ғана жасаған бір жақсылығы, – дейді ол ризалық танытып.
Ардақты азамат еңбек еткен уақытында адал қызметі үшін көптеген марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, Қазақстан теміржолының 100 жылдығына орай "Адал еңбегі үшін" төсбелгісімен және мекеме басшыларының құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.
Отбасының тірегі болған білікті маман 2018 жылы науқастанып, өмірден өтті. Артында 3 баласы мен аяулы жары қалды. Жұбайы Гүлнар әпкеміз ауылдық кітапханада кітапханашы болып қызмет етсе, үлкен ұлы Бақдәулет Ақтау қаласындағы әскери бөлімнің бақылау-техникалық пунктінің бастығы. Ал қызы Әйгерім Алматыда банкноттық фабрикада технолог. Шаңырақтың иесі Жаңабек "Нұра топтық су құбыры" РМК "Арал" СЖКБД филиалының операторы болып істейді. Күйеу баласы Данияр, келіндері Қаламқас пен Әсел өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Шаңырақтағы 9 немере — әжелерінің көз қуанышы.
Қазақ атамыз айтқандай, «жазмыштан озмыш жоқ». Жаны жайсаң, көңілі дарқан Нұрділдә Нұржанов ортада өзі болмаса да, оның артында өнеге етіп айта жүрер ісі қалды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
18 ақпан 2023 ж. 827 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 353

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 434

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930