Тереңнен сыр тартқан Тынышбек аға
qarmaqshy-tany.kz Қазақ тарихы мен қазақ әдебиетінің тамыры тым тереңде жатыр. Көкейінде күй күмбірлеп, келелі ой мен аталы сөздің иесі атанған кешегі дала данышпандарының ой оралымдары мен кестелі сөз өрнектері атадан балаға ауызша жетіп, асыл сөз өз тамырын тереңге жіберді. Сонау бір тасқа қашалған әдеби-тарихи деректер де ғасырлар бедерінен сыр тартып, арада қанша дәуір өтсе де, өткенімізді танытып, өсіп-өркендеуімізге септігін тигізіп тұр емес пе?!
Тағылымы мол тарих күнделігінің парақтарына үңіліп, шаң басқан мұрағаттардағы деректерді сөйлетіп, оларды бір-бірімен салыстырып, өзара үйлесімділігі мен ақиқатына көз жеткізіп, ақпаратты нақты әрі шынайы жеткізу жолында талмай еңбек етіп, сол табылған тың деректерді сынған айнаны қайта құрастырғандай, көздің майын тамыза отырып байланыстырып, мақала етіп жазу, оны баспасөз бетінде бастыру, тіпті біршамасын кітап етіп шығару – үлкен еңбек. Саналы ғұмырын елге белгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы жайлы тың мәліметтер жинақтауға, ел ағасы ретінде танылған айтулы адамдардың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге, Сыр өңіріндегі ақын-жыраулардың толғау-термелері мен шешендік сөз үлгілерін топтастырып, көпшілік қауымға дайын кітап түрінде ұсына білген қаламгер, журналист, зерттеуші-этнограф Тынышбек Майлыбайұлы Дайрабай бүгінде сексен жастың белесіне сергек қалпында жетіп отыр.
Қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашып, көкірегі қазыналы әкесі мен үлкен кісілердің сөзін көкейіне құйып, санасына сіңіріп өскен Тынышбек Майлыбайұлы еңбек жолын ауыл клубында кино-механик болып бастап, кейіннен өзі армандаған журналистика мамандығы бойынша қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, баспасөзде, әлеуметтік, шаруашылық салаларында жұмыс атқарды. «Еңбек туы», «Түркістан» газеттерінде қызмет жасай жүріп, Сыр өңіріне танымал ақын-жыраулардың, ахун, ишандардың, би-шешендердің бай мұрасын халық арасында насихаттап, жарыққа шығару жолында талмай еңбек етті.
«Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» атанған Тынышбек ағамыздың «Тоғанас батыр» (1991), «Қаңлы Жүсіп» (1994), «Кете-Шөмекей шежіресі» (1995), «Тереңөзек» (телеавтор) (1996), «Тұғыры биік тұлға» (1998), «Қорқыт ата» энциклопедиясы (1999), «Төребай» (2001), «Кете Жүсіп» (2003), «Дүр Оңғар» (2004), «Мұзарап ақын» (2004), «Сырдың сырлы сыры», «Түркістан альбомы» (2005), «Ақын Қуаныш Баймағамбетов» (2007), «Сырдария ауданы шежіресі» (2009), «Сыр перзенттері» (2010), «Билер сөзі – киелі» (2012), «Жеті тараудағы – жеті анық» (2012), «Сыр елінің ескерткіштері» (2014) атты кітаптары ел арасына таралып, өзіндік оң бағасын алып та үлгерді. Тіпті, кей еңбектері ғылыми-зерттеу жұмыстарының жазылуына мұрындық болып, ізденуші жастар үшін көмек құралына айналды. Соның бірі – мына мен.
Университеттің 3-курсында оқып жүргенімде марқұм ұстазым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Сақаұлы Тебегеновті жетекші етіп тағайындап, дипломдық жұмысымның тақырыбын анықтадық. Ұстазыммен ақылдаса келе, Сыр еліне атағы кеңінен жайылған Дүр Оңғардың шығармашылығы жайлы қорғайтын болып шештім. Ол кезде ғаламтор желісінде ақпарат тым аз. Оның үстіне, Оңғар Дырқайұлы туралы мәлімет көп кездесе бермейді. Бала кезден Тынышбек ағаның есімін білетінмін. Үйдегі шежіренің мұқабасынан да есімін көргенім бар. Оңғар жыраудың толғаулары мен бірқақпайларын, ел аузында «Деген екен...» айдарымен танылған аңызға бергісіз әңгімелерді жинастырып, кітап етіп бастырғанынан да хабарым бар еді. Темірхан ағайдан телефон нөмірін алып, қоңырау шалдым. Бұл 2008 жыл еді. Тынышбек аға «Түркістан» газетінің редакциясына келуімді сұрады. Келіскен уақытта бардым, «Дүр Оңғар» кітабын дайындап қойыпты. Автограф жазып берді. Шежірені сөйлеткен, Сыр сүлейлерінің шығармашылығын көпті көрген көнекөз қариялардан, ел ішіндегі көкірегі алтын сандық, құймақұлақ жандардан жазып алып, әдеби тіл айшықтарымен өңдеп шығарған жанның қолынан кітап алғаныма мәз болып, төбем көкке бір елі ғана жетпеді. Сол кітап менің жеке кітапханамда ерекше сақтаулы. Магистратура оқығанда да осы тақырыбымды одан әрі кеңейтіп, жалғастырдым. Сөйтіп «Оңғар Дырқайұлының мұрасы және әдеби орта дәстүрі» атты диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі атандым. Жаныма жақын тақырып болғандықтан, ерекше бір ынтамен жаздым. Тынышбек Майлыбайұлының кітабы ғылыми ізденісіме серпін берген аса құнды материал болды.
Тынышбек аға жоғарыда аталған мазмұны бай кітаптарды шығарумен қатар көптеген қоғамдық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне айтарлықтай үлес қосты. 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасаса, Қорқыт ата кітабының (1999) 1300 жылдығы мен Жалаңтөс, Жанқожа батырларға арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230 жылдық, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойлары мен Қазақ хандығының 500 жылдығына арналған халықаралық, республикалық, облыстық конференциялардың лайықты өтуіне де белсене атсалысты. «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың қатарынан табылды. «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығарысуға да бір кісідей үлес қосты. 2017 жылдан бастап қазірге дейінгі уақытта 20 адамның атына көше алып берді. Осының бәрін сараласақ, бір адам үшін бұл – үлкен іс.
Тынышбек Майлыбайұлының шежіре жазудағы өзіндік қолтаңбасы – өз алдына бөлек әңгіме, үлкен еңбек. Уақытты өз көшінен бірнеше ғасырға кейін жылжытып, үнсіз қалған жылдардан суыртпақтан сыр тартып, күрмеуге келмейтін қысқа жіпті ұзартқандай, шиыршықталған сан тарау жіпті тарқатқандай етіп, ұрпақтар жалғастығының сөзбен қаланған ескерткішін құрастырды. Кіші жүздегі Кете, Шөмекей руларының әрбірінің тереңіне үңіліп, жас ұрпақты ата-бабасымен қайта табыстырғандай болды. Өзім бала кезден Тынышбек аға құрастырған шежірені қарап, жаттап өстім. Мұқабасы жұқа, жасыл кітап әлі күнге көз алдымда. Ерекше ыждағатталықты, мұқият сараптауды, көп уақыт пен күш-қуатты қажет ететін жұмысты атқарып шығуынан-ақ сабырлы, төзімді, өз ісіне айрықша сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қараған жанның бейнесі менмұндалап тұр емес пе?!
Тынышбек ағамен 2020 жылдан бастап жақын таныса бастадым. Марқұм ақын, журналист ағамыз Ибрагим Бекмаханұлымен бірлесе жұмыс жасап, кітап шығару ісіне араласып жүрген сәтім еді. Екеуі бірігіп, Қаратамыр руынан шыққан Мәмбет аталық пен Тәтімбет би және сол рудың елге белгілі адамдары туралы «Елім деп өткен ерлер» жинағын құрастырды. Мен ағаларға көмекші болдым. Содан бері Тынышбек ағамен байланысым еш үзілген емес. Кейде ортақ таныс адамдарға арналған мерекелік шаралар мен аста да ұшырасып қаламыз. Кітап шығару барысында ағаның жылдар бойы жазған еңбектерімен жете таныстым. Жазбаларынан даланың дарқандығын, кешегі қонақжай, аузы баталы ел ақсақалдарының мағыналы әңгімелерін аңсайтындығы аңғарылады. Мақалаларында «Ел іші – алтын бесік», «Ел іші – өнер кеніші», «Ағаның үйі ақжайлау», «Аңқылдаған ақжарқын аға», тағы басқа мақал-мәтелдер мен сөз тіркестері жиі ұшырасады. Кең далада еркін өскен ел перзентінің туған жерге махаббаты да осы бір сөздер арқылы өріліп тұрғандай сезіледі маған.
Тынышбек Майлыбайұлы 80 жасқа толуы қарсаңында осы уақытқа дейін жарық көрген тарихи-танымдық мақалалары мен мұрағаттан тапқан деректерін топтастырып, еңбектерінің библиографиялық көрсеткішін жасап, сонымен бірге өзі жайлы жазылған мақалаларды жинақтап, «Дерек пен дәйек» атты жаңа еңбегін жарыққа шығарды. 380-беттен тұратын кітап «Орхон» баспа үйінен жарық көрді.
Өмірлік серігі Айдархан апай екеуі төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардың қызық-қуанышына бөленіп отырған Тынышбек Майлыбайұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық тілеймін. Жазарыңыз сарқылмасын. Тарихты зерделеп, сөз қадірін түсінетін әрбір жанға сіздің еңбектеріңіз – дайын көмекші. Уақыт көші алға озған сайын өскелең ұрпақ өткенін зерделеп, сол жолда сіздің еңбектеріңізді өзіне бағдар етіп алатынына сенімдімін. Осы жасқа кемелденген болмысыңызбен жетіп, даналық ойдан дән іздеп, сол дәнді кейінгі буынға дайын өнім етіп ұсынған еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз.
Лаура БАҚТЫБАЙ,
педагогика ғылымдарының магистрі.