Қияға қанат қақтырған ұстаз
qarmaqshy-tany.kz ӨЛШЕУЛІ ҒҰМЫРДА БІРЕУ ЖАСЫНДАЙ ЖАНЫП ӨТЕДІ, БІРЕУ ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ, АЛ КЕЙБІР ЖАНДАР ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДА ШӘКІРТТЕРІНЕ ШАМШЫРАҚТАЙ ЖОЛ КӨРСЕТІП, ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҒАДЫ. ІЗГІ ӨМІР СҮРІП, ҰРПАҒЫНА ЖАҚСЫ АТЫН ҚАЛДЫРУ ҮШІН АДАМҒА КӨП НӘРСЕ КЕРЕК ЕМЕС ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГЕН ӘДІЛБЕК ҮРГЕНІШБАЙҰЛЫ ДА ТАЛАЙДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҚҚАН ЕРЕКШЕ ЖАН ЕДІ.
Бүгінде жадымызда жарқын бейнесі қалған ұстазымыздың арамыздан алыстағанына да екі жылдан асты. Өз ғұмырында спорт саласының майталманы атанып, шәкірт тәрбиелеп, олардың биік белеске шығуына ықпал еткен ағамыздың аудан және аймақтың спорт саласына сіңірген еңбегі ерен. Еңбек жолын 1986 жылдан аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы болып бастаған ол қаншама жастың қанатын қатайтып, мықты спортшы болуына, өмірде өз жолын табуына тәрбиелеп, баулыды. Самбо және қазақ күресіне талабы бар әрбір жеткіншекке баласындай қарап, бәріне бірдей әкелік қамқорлығын, ағалық ақылын аямай "Ұстаз" деген ұлы есімге лайықты ғұмыр кешті.
"Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы" дегендей, қазір шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқаруда. Шайырлар шыққан киелі өңірдің мәртебесін спорт шеберлерін шығару арқылы балуандар өлкесіне де айналдырды. Ол 30-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 100-ден аса спорт шебері мен бірнеше Әлем, Азия чемпиондарын дайындап шығарды.
"Өмірде жақсы спортшы болу аздық етеді, жақсы адам болу керек" деп үйреткен ағайымыздың жарқын бейнесі көз алдымызда. Айтқан ұлағат сөзі жадымызда жаңғырып тұр. Тынымсыз еңбектене жүріп, шәкіртіне талап қоя білетін ол көзі тірісінде-ақ «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атанып, "Ерен еңбегі үшін", "Құрметті спорт қызметкері" медаль-төсбелгісімен марапатталған-ды.
Тәлімін алып, көзін көрген шәкірттері қазіргі таңда ұстаздарын еске алуға арналған республикалық турнир өткізіп келеді. Ардақтымыз барынша бауырмал, қашан да көпшіл болатын. Адамгершілікті әркез ардақ тұтатын, жаны жомарт, жаңашыл, турашыл, ақпейіл еді. Осындай адами асыл қасиеттерінің арқасында айналасына абыройлы, жан-жағына жайлы, замандастарына сыйлы болды. Жұмысына жауапты, байыпты болмысымен бағалы да қарапайым қалпымен қадірлі жан болған-ды.
Ол кісімен бірге қаншама қуанышты, қызықты сәтті өткізіп, істеген істерінен үлкен сабақ алғанымызға сенімдіміз. Бізге әкедей қамқор болған азамат. Салмақ қуған уақытта ол да бізбен бірге тамақ ішпей, оқушыларға демеу болатын. Жол жүргенде пойызда бар оқушыға тамақ-шайды арнайы өзі дайындап беретін. Себебі, әр оқушының қалай тамақтанатынын ағай өзі бес саусағындай жақсы білетін.
Бірде жаз мезгілі болатын. Семейге жарысқа барсақ, уақыты өзгеріп 10 күн бұрын ерте барыппыз. Содан ағайымыз жаттығу істейтін зал іздеп, бір оқу орнының залын сұрап алды. Сол жерді тазалап жуып, жарысқа дейін 10 күн бойы жаттығу жасадық. Алдын ала жасаған жаттығудың арқасында Қазақстан Республикасы чемпионатынан жүлделі оралдық. Атап айтар болсақ, Сабихан Байшылықов, Марат Жұмабаев және өзім де сол қатарда жеңімпаз атанғанымыз бар.
Жарыста салмақ маңызды рөл атқарады. Ұстазымыз кейде салмағы асып кеткен оқушылармен бірдей тамақ ішпей, психологиялық көмек көрсетіп, қолдайтын. Оқушыларының ата-анасымен тығыз байланыста болып, сабағын да арнайы қадағалайтын. Мектептегі үлгеріміміз бен жаттығуымызға бірдей қарайтын, қадағалап тұратын. Оның тағы бір адамгершілік қасиеті – қаншама оқушысын өзі ертіп жүріп оқу орнына оқуға түсіретін. Марат Жұмабаев, Иран Тайбағаров, Марат Асылов, Мақсат Оспанов, Алтынжан Әбдірахманов, тағы басқа көптеген шәкірттері мамандық алып, білікті жаттықтырушы атануына тікелей себепші болды. Оның арқасында қазіргі уақытта бірқатар шәкірттері лауазымды қызметте спорт саласының дамуына үлес қосып жүргені марқаярлық дүние.
Мұндайды қалай айтпасқа? Жарысқа жол жүрер кезде ағай шәкірттерін үйіне жинайтын. Өйткені беймезгіл уақытта пойызға мінерде кей шәкірттері ұйықтап қалар деп осылай жасайтын. Барлық оқушысын үйіне жинап алып, тамақтандырып, әрқайсысымызбен жеке дара сөйлесіп, сұқбаттасатын. Біздерді ұйықтап қалмасын деп күлкілі әңгімелер айтып, ішек-сілемізді қатыратын. Сырласқан, арқа сүйеген қызықты сәттеріміз-ай, десеңізші. Жарысқа баратын қаражат немесе киетін форма тапшы болып жатады. Сондайда жеке кәсіпкерлерді аралап, өтініш жасап қаражат табатын. Бір жағынан жаттығу өткізіп жүрсе, бір жағынан жарысқа баратын балаларға қажетті қаражатты да іздестіріп жүретін кездері жиі кездесетін.
Тағы бір айтарлығы, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атамыздың атындағы самбо күресінен өтіп жатқан жарысты ең алғашқы болып өткізуге ұсыныс тастап, оны ұйымдастыруға атсалысқан да өзі. Осы жарыстан соң қазіргі таңда көптеген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен Қазақстан Республикасының спорт шебері түлеп шықты. Осы жарыстың арқасында Әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпиондары бірінен соң бірі бой түзеді. Шағын ғана ауданымыз шет мемлекеттерге танылды. Осының бәрі Әділбек Серікбаевтай ұлтжанды азаматтың, ұстазымыздың өлшеусіз еңбегінің жемісі деп білеміз. Қазіргі таңда Тәйімбет Көмекбаев атындағы жарыс мемориал дәрежесіне жетіп отыр. Әлбетте, бір мақалада осындай абзал азаматтың туған еліне жасаған еңбегі мен қамқорлығын айтып жеткізу мүмкін емес. Десе де, үлкен жүректі де парасатты ұстазымыздың есімін жаңғыртып отыру, адамгершілік қасиеттерін ұмытпау – шәкірттеріне ләзім.
Алмат ҚОДАРОВ,
шәкірті