Ғаламтордың ғажабы мен азабы
qarmaqshy-tany.kz Әлемде ғаламторды қолданбайтын адам мыңның бiреуiнде ғана болуы мүмкiн. Дүниежүзi aдaмдaрының 90%-ға жуығы ғаламторды қолданады. Яғни, күн өткен сайын ғаламторсыз адам өмiрiн елестету қиын боп барады. Дегенмен де, интернеттiң берер пайдасымен бiрге, келеңсiз жақтары да барын естен шығармағанымыз жөн.
Интернетке қосылу үшiн бiзге компьютер, қалта телефоны керек. Ал күн сайын компьютер алдында отыру денсаулыққа зиян екенiн жақсы бiлесiздер. Ғаламтор жүйесiн күнделiктi шамадан тыс қолдану адам ағзасына қауiп төндiрумен қатар, сананы улаумен шектесетiнi белгiлi. Байқап қарасақ, ғаламтор бүгiнгi жастардың рухани тәрбиеден айрылуына әкеп соғып жатыр. Өйткенi жолда, жұмыста, тiптi ас iшiп отырса да, ұялы телефонға телмiрген жастарды жиi көретiн болдық. Бұрын бесiк жырын, әжесiнiң ертегiсiн тыңдайтын бала, қазiр компьютерлiк ойындарды, сараптамадан өтпеген, әркiмнiң жүктей салған ғаламтордағы терiс тәрбие беретiн мағлұматтарды тыңдайды. Сәби жасынан телефонға телмiрген бала көзi талып, жотасы сыздап, тәй-тәйлап қадам басқаннан-ақ көзiлдiрiктiң көмегiне жүгiнiп жатқаны тағы бар. Онымен қоса, ұялы телефонға енгiзiлген ойындар атыс-шабыс, қан төгу, дiни терiс ағымдар, тiптi өлiмге итермелейтiн қауiптi ойындар жетерлiк. Ата-ананың назарынан тыс қалған кездерде осы ойындарды ойнаған баланың кейiн психологиясы бұзылып, бейәдеп iстерге бару ықтималдығын көрiп отырмыз. Сөйте тұра көп ата-аналар балаларына қарызданып-қауғаланып ұялы телефон әперiп, тiптi ғаламторға да қосып қойып жатады. Балаларды шын қорғағыңыз келсе, алдымен ата-ана баласын жиi әңгiмеге тартып, ғаламторда немен айналысатынын, қандай әуендер тыңдайтынын, қандай сайттарға кiретiнiнен хабардар болып отыру керек және сол тақырыпта әңгiмелесе бiлген жөн.
Халқымыз «Ұяда ненi көрсең, ұшқанда соны iлерсiң» деп айтқандай, әрбiр ата-ана өз баласын тәрбиелi де саналы, мәдениеттi азамат болып жетiлуi үшiн тәрбиенi өзiнен бастаған жөн.
Сәуле АЛТЫНБЕКОВА,
No85 орта мектептің педагог-психологі: