Заңға қайшы әрекетке жол берілмейді
qarmaqshy-tany.kz Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның ішінде Қазақстанда да әлеуметтік құбылыс ретінде етек алып келеді. Ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан ада таза қоғам қалыптастыру.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
Бұл дертті жаппай жою үшін жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікте болып, жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. «Аманат» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал» делінген. Бұл жерде жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды.
2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Осы стратегияда да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастырылуын оқу орындарынан бастағанымыз дұрыс. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек. Қазір сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру жүргізілуде. Өйткені олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалады. Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі туралы мақалалар жариялануда. Мемлекеттік органдардың қызметшілері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағылымдамалар өткізілуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бірге атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние – байлық неге керек, денсаулығың болмаса, төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықсыз өмір сүрген жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз.
С.РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері