» » Тектіліктің тамыры қайда?

Тектіліктің тамыры қайда?

qarmaqshy-tany.kz Бірде ватцаптағы "Бауырлар" чатынан хат келді. "Балалардың үй тапсырмасы еді, жеті атаны кім біледі?" деген өтінішпен жазып жатыр екен. Үйдегі үлкендер ескі дәптерлерді ақтарып, содан қарап әлгі чаттағыларға жібердік. Ағайын қызу талқыға салуда. Бірі – бұл аталардың есімін алғаш рет есітіп отырмыз десе, енді бірі – тіптен бейхабар болып шықты. Ал сіз ше? Шыққан тегіңіз бен жеті атаңызды білесіз бе?

Рас, бүгінгі буынның көбі жеті атасы тұрмақ, шыққан руынан әрі аса алмайды. Өкінішті, әрине. Аға буын үйретпесе, жиі насихат айтпаса кейінгі буынға несін өкпе артамыз? Бала ес біле бастаған шақта оның санасына құюды көбі ойламайды, тіпті елемейді де. 3-5 жастағы бүлдіршінге не айтсаңыз айтқаныңызды сол мезетте қағып алады. Келесі жолы өзіңізге айна қатесіз қайталап беретінін қайтерсіз?!
Әкем мені бала күнімде жеті атамның атын жазғызып, жаттатқызды. Міне, соның нәтижесі, бұл күндері мен де ағамның балаларына, бауырларыма үйретіп жүрмін. Әкеміз кішкентайымызда ағам екеумізді отырғызып алып сұрайтын:
– Сен кімнің ұлысың? – деп сұрақ қояды.
– Мен Ердүйсеннің ұлымын, – деп жауап береді ағам.
– Ердүйсен кімнің ұлы?
– Ердүйсен – Сағынтайдың ұлы.
Осылай жеті атамызға дейін жалғаса беретін...
Үйге келген кісілер де біздің не білетінімізді сұрау үшін атымыздан бастап, соңғы жеті атамызға дейін сұрайды. Міне, біздің алдыңғы буын ағаларымыз, шежіре білетін аталарымыз осылай үйретсе екен дейміз. Кейде өзгелерден «жеті атаңды білесің бе?» деген сауалға екі беті қызарып, кірерге тесік таппай кететіндерді де көріп жүрміз ғой. Жоғарыда телефонға келген хабарлама соның дәлелі. Өзі бала күнінде білмегені, балаларының үй тапсырмасы арқылы алдынан шығып отыр емес пе?!
Әр қазақ өзінің ұл-қызына жеті атасының есімдерін жаттатуды міндет санауы тиіс. Жеті атаны білу қазақ қоғамында бұлжымас заң болғанын ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Ал, біз бүгінде балаға өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы есімдерін үйретіп жүрміз бе?
Әлем елдері қазақ халқының қонақжайлығы мен қан тазалығына тәнті болады. Олай болатын жөні де жоқ емес. Ерте кезде ата-бабаларымыз «жеті ата» заңдылығын ұстап, бір ру ішінде қыз алыспаған. Бүгінгілер жеті атадан аспай қыз алудың маңызын біле ме? Қазіргі таңда қан тазалығын қалай сақтай аламыз?
Шежіре мен жеті атаны білу – жөн-жоралғының бұлжымас ережесі, қан мен тек тазалығының басты кепілі емес пе? Қазірде бұрынғыдай бір атаның балалары бір жерде шоғырланып өмір сүрмейді. Әрқайсысы елдің әр өңірінде, тіпті шетел асып сонда тұрып жатқандары қаншама? Арақашықтық алыстаған сайын қарым-қатынас та үзіледі ғой. Кейбірі тіпті қазір жақын туысын танымай жатады. Жоғарыдағы айтқан әңгіме де осыған дәлел. Сол себепті жаһандану заманында жеті аталық қағиданы ұстану қажет-ақ.
Тарихқа үңілсек, Испания корольдігінде Габсбург әулетінің жақын туыстарына үйленуінің кесірінен тұқымымен құрып кеткені белгілі. Ал АҚШ-та әлі күнге дейін туыс адамдардың некелесуіне тыйым салынбаған. Соның салдарынан белгісіз аурулар мен баланың шетінеуі көбейіп кеткен.
Қан мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Айталық, жақсы, ізгі істеген жанды «тегіне тартып туған» деп жатады. Сондай-ақ, халқымызда «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп айтатыны да бекер емес.
Бүгінде балалы болғысы келген нәзікжандылар ру сұрасып, жеті атасын түгендемек түгілі, тегі белгісіз, көрмеген, тіпті танымайтын ер адамның ұрығын сатып алып, жасанды жолмен бала көтере береді. Қазақстанда жасанды ұрықтандыратын 20-дан аса орталық бар. Жыл сайын тек қана бір клиникада 70 бала жасанды жолмен ұрықтанады.
Республикада бір донор аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады. Егер бәрі орынды болса 20 аталық жасушадан жиырма бала дүниеге келеді деген сөз. Ал сол жиырма бала әр шаңырақтың шаттығына айналады. Әрине, бұл қуаныш. Алайда астарына үңіліп көрдік пе?
Араға жылдар салып әлгі 20 аталық жасушадан шыққандар еліміздің әр өңірінде ер жетіп, бой жетер. Дей тұра олар өздерінің бір әкеден туған бауыр екенін тіпті білмейді. Уақыты келгенде кездейсоқ бір-бірімен жолығып, көңіл жарастырып жатса не болмақ? Бұл түптің түбінде тексіздікке алып келеді.
Ұрық донорлығы бізде әлі ретке келе қойған жоқ. Мұнан келетін басты қауіп – бір әкенің екі әйелден туған балаларының кездесуі. Кездесіп қана қоймай, шаңырақ көтеруі. Содан кейін ауру балалардың пайда болуы. Бізде ұрық донорын беруші жөніндегі мәлімет те жасырын түрде ұсталады.
Донор боламын, ұрық тапсырамын деген еркектің кескін-келбетіне, бойына – бәріне ерекше мән беріледі. Ол жөніндегі мәлімет сырт пішіні, кескін-келбеті, мамандығы мен жұмысымен ғана шектеледі. Ата-тегі бойынша анкетада тек руы ғана жазылады. Ал жеті ата туралы тіптен ойға алмайсыз. Біз әкені қашаннан бері сырт пішіні мен кескін-келбетіне қарап таңдаушы едік? Қазақта қанына, ата-тегіне, бойындағы ізгі қасиетіне қарап танушы еді-ау.
Бұрынғының жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?», «Руың қандай?», «Кімнің баласы болдың?» деп сұрайтыны тегін емес. Осы сұрақтарымен-ақ астарлы жайттың басын ашып бермей ме?! Ал сіз балаңызға тектілік пен қан тазалығы жайында айтып жүрсіз бе? Түйін Қазір біз тек өз атамызды ғана білеміз. Сол жеткілікті дегендей, арғы тегімізді сұрап та жатпайды екенбіз. Неге? Әсілі, әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады емес пе? Сол білместіктен арғы туыстарымыз да жатқа айналып бара жатыр ғой. Біз жеті атамызды жатқа білсек, ағайын арасы да берік болар еді-ау... «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» деген сөз бар қазақта. Ал сіз жеті атаңызды жіктеп бере аласыз ба?
Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 қаңтар 2023 ж. 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031