Балаға көз алартқандардан қалай құтыламыз?
qarmaqshy-tany.kz Бала күнімізде күннің аптап ыстығына қарамай үйдегі әкеміз еккен жеміс-жидек, көкөністерді шелекке толтырып алып өткен-кенткендерге сататынбыз. Кеш қайта саудамыз өтіп мәз боп үйге қайтатынбыз. Мұны неге сөз етіп отырмын? Бүгінде балалардың бұлай емін-еркін жүргенін көрмейміз. Иә, дамыған технология заманы дейміз. Алайда, кей ата-ана баласын ат шаптырым жердегі дүкенге нанға жұмсауға қорқады екен. Неге? Айтуға да, жазуға да қолың бармайды... Жазғалы отырған жайдың жалғасы нәпсінің құлақ кесті құлына айналған, адамшылдық қасиеттен айрылып, хайуаннан да төмен деңгейге түскен «педофиль» жайында болмақ.
Бойы бекіп, бұғанасы қатпаған қыз немесе ер баланы қорлап, бүкіл өміріне өшпес дақ түсіретін мұндай «жауыз» қайдан шығады? Педофилья – бұл ауру. Олар лайт және хард педофильдер болып екіге бөлінеді екен. Мамандар мұның біріншісінде қауіп жоқ екенін айтады. Десе де, олардың басым бөлігін жүйкесі бұзылған, өмірде көп қорлық көрген адамдар құрайды. Олар санасындағы қиялын ешқашан жүзеге асырмайды. Ең қауіптісі – хард педофильдер. Олар өздерінің нені қалайтындығын жақсы біледі, әрі бәрін алдын ала ойластырып, жоспарын жүзеге асыратын көрінеді. Хош. Алаш ұрпағының түсінігінде жоқ «педофил» деген дертке шалдыққан делқұлылардың кесірінен қанша баланың тағдыры тас-талқан болып жатыр. Бәлкім ауру шығар. Бірақ, оны дертінен айықтыра алмасақ, не тиісті қатаң жазасын тағайындамасақ нені көксеп әлекпіз? Бейкүнә сәбидің бүршік жармай солуы ел үшін үлкен трагедия, ата-ана үшін ауыр қасірет емес пе? Істеген ісін қымсынбай мойындайтын қылмыскерді түрмеге жапқанымызбен шаруа осымен тынды деп айтуға ерте. Біздікінде ауыр қылмыс жасағандарды да рақымшылыққа іліндіріп, басынан сипап қоя беретін жайттар жиі кездеседі. Ал, 20 жылға сотталған қылмыскер бәрібір бұл дерттен айыға алмайды. Ертең түрмеден шыға салысымен бұрынғы әдетін қайталамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды да. Түрмеге тоғытылса да көңіл бір тынышталар еді ғой. Бірақ осындай қылмысты жасаған педофилдердің қылмысы дәлелденсе де, бостандықта жүргеніне не дерсіз? Мұндай жағдай бір жылдары бізде де тіркелген болатын. Жауабы жоқ, арызданып жүрген тек ата-ана ғана.
Күнделікті ақпарат ағынын қарасаңыз мұндай қылмыстың талайын көресіз. Адам азды ма, қоғам тозды ма? Жаға ұстататын жайттардың жиілеп кеткеніне ата-аналар қатты алаңдаулы. Үрей құшағында өмір сүрген халықтың көңіліндегі қасіретті кім сейілтеді? Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің дәрменсіздігі мен еліміздегі психолог мамандардың да тапшылығы тығырыққа тірейтін сықылды. Бұған қоса қоғамдық қатынастарды реттейтін заң нормаларының осалдығы да себеп көрінеді.
Педофилдерді психологтардың көмегімен емдеуге болады деген пікір бар. Бірақ біздің елде психолог мамандардың тапшылығы қол байлау болса, бар психологтардың сапасы қандай екені белгісіз. Енді не істемек керек? Жастайынан болашағына балта шабылған балаларымыздың есебін алып отыра береміз бе? Бұл дерт басқа да мемлекеттерде жиі тіркеледі. Мұндай қылмыскерлерді жазалаудың тиімді тәсілін іске асырып жатқан елдер бар. Химиялық жолмен жазалау әдісі АҚШ, Канада, Швеция, Польша бірқатар сынды мемлекеттерде қолға алынған. Яғни «химиялық сүндеттеу» әдісі қолданылады. Бізге де парламент педофильдерді химиялық кастрациялауға заңнамалық түрде рұқсат ететін заң қабылдаған болатын. Бірақ бұл – уақытша шара, бір реттік инъекция. Яки, инъекция жасалғаннан кейін ол өмір бойы осындай болып қалмайды. Бұл сот және медициналық ұйым шешімі шыққаннан кейін жасалады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда педофилия мәселесі бұл заңнан кейін 60 пайызға азаятын көрінеді-мыс. Алайда, азаймақ түгілі күн санап өсіп жатқанын қайтерсіз?
P.S
Біздің қазаққа не керек? Осы сауал қойылғанда ең алдымен «көбеюдің» керектігі бірінші орында тұрады. Ал біз неге көбейе алмай жатырмыз? Себебі, қорқыныш пен қауіп басым. Бұрын бір отбасында он шақты бала қатар-қатар өсіп, күн-түн демей жалаң аяқ ауылдың тұс-тұсында ойнап өскен-ді. Ал қазір шектеулі екі-үш баланы жоспарлап дүниеге акеледі. Онда да ол дала көрмей үйінде қамалып отырады. Неге? Ұрпаққа көз алартып жүрген кейбір наданның қу тірлігі осы сауалға дәлел. Біздің қазақ баласы мен қариясын жылатпаған ел еді ғой...
Ая ӘЛИЕВА,
«Қармақшы таңы».