» » Прогресс һәм жастар

Прогресс һәм жастар

«Жасыңды көрсет, болашағыңды бажай­лайын» депті батыстың ғұламасы. Келсін, көр­сін қазақтың жастарын. Жанып тұр. Тас­қындап тұр. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Талайын көріп жүрмін мінберден. Талайын көріп жүрмін атқа қонған. Жасындай жарқылдап жүр. «Арыс­тандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» - дейді Мағжан. Мен де сенемін. Сіз ше?
Қазір жастарды кінәлай жөнелетін жандар көп. Ынжық. Жалқау. Енжар. Талай атқамінген аға буынның берер бағасы осы. Сенімсіздік. Үрей. Үмітсіздік. Олардың бойындағы жастарға деген сезімнің болмысы. Көп кісіден естігенім де, бойынан һәм ойынан көргенім де осы.
Сенімсіздік қайдан туды? Жастар сенімнен шықпастай не етті? Шынтуайтына келгенде, бұл прогресс пен регресстің, регресс деу­ге келмес консерватизмнің арасында болатын тұрақты процесс пе деп қоямын. Бес мың жыл бұрын Мысыр перғауыны қабіріне «Жастар бұзылды. Жастар қоғамды бұзды» деп жаздырыпты. Өз көзқарасы мен бір сарыннан айнымас тіршілігін шығыршығынан шығарар жаңашылдықтан қорыққан перғауынның тірлігі деп түйсіндім. Өйткені жастар – прогресс. Жаңаша ойлаудың, өмірге жарқын түспен қараудың, тіршіліктің шығыршықтан шығуының бәрі жастардың меншігінде. Сенбесеңіз, тарихқа қараңыз. Әфсананың талайы жастардың қолымен жазылған. Ғылым да солай, ілім де солай.
«Ақыр соңында, шешімді бәрібір ересектер қабылдайды, жастар емес. Алайда сол жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі шешімдерге назар аударады. Міне сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс», - дейді сингапурлық әйгілі саясаткер Ли Куан Ю. Шын және дәл айтқан.
Қазіргі аға буынның басты қателігі – жастарды өз ырғағына салып алуында. Қаралап, күйе жақпақ ой жоқ. Бірақ әңгіменің төркіні сол. Жаңа толқын келеді, оны ескі толқынға қосудың қажеті жоқ. Бір толқын жай келеді, бір толқын цунамидей арқырап келеді. Бір толқын келесі толқынға қосылғаннан ұтарымыз жоқ. Әр толқын өз лебімен келсін. Әйтпесе, «жетектеген тазы түлкі алмас» деген.
Жастардың мінберге шыққанынан, тұғырға мініп, атқа қонғанынан қорқудың қажеті жоқ. Тірлікке жас келсе, үдеріс келеді. Жаңаша көзқарас келеді. Жастарды кінәлағаннан гөрі, оларға жағдай істеу керек. Шынын айтыңызшы, жастарға қандай жағдай істедіңіз? Қарапайым мысал, үйдегі балаңыз тапсырған шаруаны күндегі сарыннан арылтып, жаңаша істей бастаса, жұлып жеу­ге даяр тұрамыз. Сосын аға буынның жиі айтары: «Жұмыртқа тауықты үйретпейді» («Яйца курицу не учит»). Ескішілдіктен арылмай, дүмпусіз тірлік ету ересектерге тән болар. Ал жас дегенің – бір дүмпу.
Бұл ойдың бәрі қайдан шықты дейсіз ғой, ауданның сөз тізгінін ұстап жүрген «ақсақалдың» өңірдің саяси тірлігіне қатысты айтқан ойы түрткі болды. «Тәжірибе жоқ, жап-жас, азуын айға білейді» деген соң, азын-аулақ жастардың да сөзін сөйлеу керек болды. Біз жастардың тізгінін өз шығыршығымызға салып, бір қазықты айналған сарынды тірлігімізге бейімдесек, өрістеу жоқ, өркендеу жоқ. Қажеттісі сенім. Қазақ баласын он үшінде шаңырақ көтертіп, ел сөзін сөйлеткен. Ал сол үрдістен танып, жасымызды жасық етсек, мүсіркесек, даму жоқ, жарқын болашақ жоқ. Сөз соңы, бізге керегі прогресс, демек жастарды сын-садаққа кезегенше, мүмкіндік берейік, шама-шарқынша шапсын.
08 қаңтар 2023 ж. 259 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 374

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 454

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930