Абай мұрасы – мәңгілік қазына
qarmaqshy-tany.kz ХАКІМ АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫ БҮГІНДЕ ХАЛҚЫМЫЗ ҮШІН, ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ- ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗГІ, ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ АДАСПАЙ, БІЛІМДІ ҺӘМ БІЛІКТІ, ТӘРБИЕЛІ ДЕ ТӘЛІМДІ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ АЛТЫН ТЕМІРҚАЗЫҒЫ РӨЛІН АТҚАРУДА ДЕСЕК АРТЫҚ АЙТҚАНЫМЫЗ ЕМЕС. ОСЫ СӨЗІМІЗДІҢ АЙҚЫН ДӘЛЕЛІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «АБАЙ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ МАҚАЛАСЫНДА «АБАЙ АРМАНЫ – ХАЛЫҚ АРМАНЫ. ХАЛЫҚ АРМАНЫ МЕН АМАНАТЫН ОРЫНДАУ ЖОЛЫНДА АЯНБАҒАНЫМЫЗ АБЗАЛ. АБАЙДЫҢ ӨСИЕТ-ӨНЕГЕСІ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ОСЫНДАЙ БИІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ» ДЕП ЕРЕКШЕ АТАП ӨТКЕН БОЛАТЫН.
Оның әдеби мұрасы өзінің көркемдік құндылығы мен заманауи ұлттық өнердің қайнар бұлағына айналып, ел тарихында өшпес із қалдырды. Ұлы ағартушының асыл туындылары қанша уақыт өтсе де өз маңызы мен құндылығын жойған емес. Керісінше, Абай мұрасы – күннен-күнге нәр алып, өз ұрпағының рухани қазынасына айналып отыр. Абай шығармаларында ұлы далада өмір сүрген қазақ халқының бар болмыс-тіршілігі, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жан-дүниесі суреттелген. Абайдың туындыларына зер салсақ, елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі – білім мен ғылымда жатыр.
Кемеңгер Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше биіктердің бағына қоймайтынын баса айтты. Ағартушы ақынның сол замандағы тұжырымдары қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты – биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көштен қалмай, алдыңғы қатардан орын алу. Ақын білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да терең мағыналы. Ендеше осы тереңдікті жастарымызға ұғындыру біздерден талай дүниені талап етеді.
Өткен бейсенбіде академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде «Абайтану – рухани құндылықтар орталығының» ашылу салтанаты өтті.
Орталықтың ашылуының басты мақсаты – екі мемлекет жұмыс жасап жатқан жер кіндігі – Байқоңыр қаласындағы өскелең ұрпаққа хакім Абайдың қазақтың даналығын бойына сіңіре отырып, жазған шығармашылығын, жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі түрде енгізу, барынша қазақиландыру әрі ақын мұрасын оқырманға насихаттау.
Ашылу салтанатының шымылдығы Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясына қарасты No1 музыка мектебінің «Назқоңыр» ансамблінің орындауындағы Абай әндерімен түрілді.
Іс-шарада орталықтың лента қию рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов және Ақай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлына берілді.
Сонымен қатар, «Абай және халық қасіреті» атты көрініс қойылып, ақын шығармаларын студенттер екі тілде оқыса, колледж оқытушысы Гүлжазира Бәйтерекова «Абайтану рухани құндылықтар орталығымен» таныстырды.
– Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептері мен кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқитын жастарымыздың осы орталыққа келіп, ғұлама ақынның шығармаларымен танысуға мүмкіндіктері бар. Абай атамыз айтқандай, жастарымыздың «жүрегі жылы, қайраты ыстық, ақылы нұрлы» азамат болып өсуіне сеніміміз мол, – деді колледж директоры Әнуар Дәуленбаев.
Содан соң Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, Жанқожа батыр атындағы No269 орта мектебінің директоры Фарида Аманова Абай әлемі туралы әдемі ой-толғаныстарын жария етсе, жиынға қатысушылар арасынан өз пікірін білдіргендер де болды.
Орталықтың ашылуына Қызылорда облысындағы техникалық және кәсіптік оқу орындарының білімгерлері арасында Абай шығармашылығына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!...» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Мақсаты Абай мұрасын кеңінен насихаттау, дарынды жас ғалымдарды анықтау. Абайды заман талабына сай жаңа қырынан танытуға, ақын шығармашылығының ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуына ықпал ету, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Жастардың ақын шығармашылығын тереңінен танып зерттеуіне, ғылыми-әдістемелік қызығушылықтарының артуына ықпал ету, жастардың сөз өнерін зерделеу, ғылыми талдау құзыреттіліктерін қалыптастыру.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша І орынды Ақнұр Бектұрарова (Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі), ІІ орынды Ринат Темірхан, (Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі), ІІI орынды Индира Жанықұлова (Қармақшы аграрлы- техникалық колледжі) иеленді. Ал қалған қатысушыларға сертификат табысталды.
Аталған іс-шара қорытындысында колледждің бірқатар оқытушысы ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың алғыс хатымен марапатталды.
Ұлы Абайдай ақынның өмiрi, артында қалған мұрасы – ақындықтың, ойшылдықтың, данышпандықтың мектебi ғана емес, ұлтын сүюдiң, халқына жанашыр болудың өмiрлiк өнегесі болып қала бермек.
Жанат ЖАНҰЗАҚОВА,
академик С.Жиенқұлов атындағы
Байқоңыр жоғары колледжінің оқытушысы