Ұйымшыл ұжымның ұтары көп
qarmaqshy-tany.kz Қазірде бәрі онлайн. Сауда-саттық пен қызмет көрсету түрлерінің біразы дерлік онлайн жұмыс істейді. Әсіресе кеңес беретін дәрігер мамандар көп. Бұл бір жағынан алып қарағанда, оңай тәсіл болып көрінуі мүмкін. Дегенмен денсаулыққа бей-жай қарап, "онлайн қызметті" дұрыс деп санау әбестік болар. Әсілі медицина – денсаулықты сақтау. Осы жолда адам тәнін кеселден айықтыру үшін сала мамандарының еңбегі ерекше. Бүгінгі әңгімеміз аудандық аурухананың гинекология бөлімі жайлы болмақ.
Біз бөлімге түске қарай бардық. Орталық ауруханада бұл кезде тамақ қабылдау уақыты жүріп жатты. Сыртта толы көлік. Жақын-жуығына ас арқалаған жұртты көріп сүйсініп қалдық. Бөлімнен бізді аға мейіргер Гүлжайна Темірбаева жадырай қарсы алды. Жұмыстың жай-жапсарымен танысқан соң ұжымның ауызбіршілігіне тәнті болдық.
Мұндағы әрбір таң дәрігерлік тексерістен басталады. Сағат 8.00-де бөлім мамандары жұмысқа кіріседі. Ал 9.00-ден бастап акушер-гинеколог дәрігер мен медбикенің қатысуымен әрбір науқастың денсаулығын қарап, қадағалайды. Мұнан соң науқастардың ем-домы мен түскі асқа жалғасады. Сағат 16.00-де жұмыстың екінші ауысымы басталады.
Білім, біліктілік, мейірім, еңбек пен адалдық. Бұл дәрігер бойында болатын қасиеттер. Бірақ бұның бәрінен дәрігерге қажет қасиет – шыдамдылық. Күштеп дәрігер жасай алмайсыз. Медицинаға тек жүрек қалауымен келген адамдар ғана мамандыққа адал болып қалады. Осындай антына адал жанның бірі Ақтоты Тайбағарова бүгінде гинекология бөліміне басшылық етеді.
Сонымен қатар, акушер Жанат Дембаева, медбикелер Ләззат Жүсіпова, Гүлнұр Пірманова, Салтанат Үсенбаева, Әсем Наурызбаевалар қыз-келіншектердің саулығы жолында аянбай жұмыс істейді. Науқастарға мезгілімен ас тарату қызметін Асыл Сейілова атқарады. Ал шаруашылық ісіне Сәуле Алматова жауапты. Жұмысы көзге көріне бермейтін, әйтсе де тазалықты басты назарда ұстайтын аяжандардың еңбегі бір төбе. Мұнда Рахима Кенжалиева, Мира Әбиева, Жайсаң Нұрбекова, Сәуле Қарашолақова сынды аяжандар еңбек етеді.
Бөлімшеде заманауи үлгідегі кольпоскоп аппараты, монитор, көпфункционалды кресло жұмыс істеп тұр. Сонымен қоса бөлімшеде бөлім меңгерушінің кабинеті, дәрігерлер бөлмесі, аға мейіргер кабинеті, ем-шара, әйелдер көрінетін бөлме мен асхана, тазалық, науқастарға арналған 8 палата бар. Оның ішінде тәулік бойы жататын 10 орын болса, қалған 8 орын күндізгі стационарда жататын науқастарға арналған.
– Дәрігер болу үшін бейімділік, икем, қабілет қасиеттері аздық етеді. Сондай-ақ науқас адамның сеніміне кірбің келтірмей, рухани қайрат беру де маңызды. Сырқат жандарға ем-шара жүргізумен қатар жүрегіңді де жұмсай білуіңіз қажет. Дәрігерлік мамандықтың сыры – ең әуелі адамға деген сүйіспеншіліктен тұрса керек. Ұжымда ең бірінші кезекте бірлікті алдыға қоямыз. Ұжымдастар арасында ауызбіршілікке жік түсірмей, тізгінді қай уақытта да тең ұстауға тырысамыз.
Негізгі жұмысымыз – әйел-аналардың саулығын бақылауда ұстап, көмек көрсету. Осы орайда жүктілікті сақтау, жетілмей қалған өлі ұрық, ұрықтың үзілу қаупі, жыныс жүйесінің қабыну аурулары, түсік, токсикоз, медициналық аборт, босанғаннан кейінгі асқынулар диагнозымен ем жүргізіміз. Сонымен қоса жатырдан тыс жүктілік операциясы, аналық без кистасы операциялары жасалынады, – дейді бөлім меңгерушісі.
«Ақ халатты абзал жанның ем-домы алақаны мен жүрегінде» деп халқымыз айтқандай, күнделікті тірлікте осы мейірім иелерінің көзсіз ерліктері мен адамзат баласының денсаулығына қорған бола білуін елей бермейді екенбіз.
– Біздің бөлім әйелдерді емдейтін болған соң оларға қатысты қандай да бір аурулар болса, соның барлығына дерлік ем жүргіземіз. Ауыр жағдайда келген науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, қан тамырына сұйықтық құямыз. Ал қан кеткен жағдайда, оның себебін анықтауға дереу кірісеміз. Қан қысымын өлшеп, қадағалауда ұстап, ем жүргізумен қатар, аурудың алдын алуға тырысамыз. Ана құрсағына біткен шарананың түсіп қалмауы мен сақталуына жағдай жасаймыз. Әрбір ана мен бала денсаулығын қадағалап, түсік тастауына жол бермеуге қолдан келгенімізді жасаймыз. Аяғы ауыр келіншектер қан кету орын алғанда біздің бөлімге бар үмітін арқалап келеді. Сәбиімді аман алып қалса екен дейді. Мұндайда дәрігер мен медбике жылдам қимылдап ем-домын береді. Науқасты сабырлыққа шақырып, алаңсыз демалуын назарға аламыз. Жалпы жұмыс процесі күрделі. Өйткені анаға да, балаға да күтім жасап, олардың денсаулығына жауапкершілік аламыз. Болашақ ана денсаулығының жақсарып, ауруханадан жағдайы жақсарып шығуына ықпал етеміз, – дейді аға мейіргер Гүлжайна Темірбаева.
Жауапкершілігі мол қызметте жүрген медицина мамандарының еңбегі елеулі. Халыққа адал қызмет ете беріңіздер. Қажырлы жұмыс пен тынымсыз еңбектің арқасында ел игілігі үшін ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосып, жаңа шыңдарды бағындыратындарыңызға сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ