» » Еңбегімен елеулі

Еңбегімен елеулі

«Медицина – саулықты сақтау, науқасты кеселден айықтыру үшін адам тәнін зерттейтін ғылым» деп сонау ықылым заманда анықтама  берген атақты пәлсапашы әрі ғалым Ибн Синаның осы бір даналығы  қанша ғасырды артқа тастаса да, әлі күнге күшін жоймай келеді. «Ақ халатты абзал жанның ем-домы алақаны мен жүрегінде» деп халқымыз айтқандай, күнделікті тірлікте осы мейірім иелерінің көзсіз ерліктері мен адамзат баласының денсаулығына деген қорған бола білуін елей бермейді екенбіз.
Әлемде денсаулық сақшысына айналған мейірімді жандардың мерекесі 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні кең көлемде аталып өтіледі. Дәрігермен қатар жүріп, өзіне бөлінген жұмысын адал атқара білетін бұл абзал мамандық иелерінің денсаулық саласында көтерер жүгі мен атқарар қызметі шаш-етектен. Осы мереке қарсаңында ауданның бірқатар медицина қызметкерлері арасынан аудандық орталық ауруханасы гинекология бөлімінің медбикесі, білікті маман Нағимаш Мұхамедиярованың есімінің ерекше аталғаны бар. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған сала қызметкері жақында  науқастарға медициналық көмек көрсетудегі іскерлігі мен кәсіби біліктілігі үшін Ұлттық Медициналық ассоциациясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталып, мерейі тасыды.
Н.Мұхамедиярова Жосалы кентінің тумасы. 1962 жылы өмірге келген ол кент орталығындағы салиқалы тарихы бар Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі. Орта білім ұясынан ұшып шыққан бойжеткен Қызылордадағы Сара Дәуітбаева басшылық етіп отырған  медицина училищесіне оқуға түсіп, осыннан «акушер» мамандығын алып шығады. 1982 жылы қолына біліктілік дипломын алған бойда сол кезеңде еншісін бөлек алып жатқан аудандық орталық аурухананың әйелдер емдеу бөліміне акушер болып жұмысқа қабылданады. Бұл тұста гинекология бөлімі 15 керуеттік болса, ауруханаға Қармақшы ауданының құрметті азаматы, іскер ұйымдастырушы Қалдыгүл Бәлібаева апамыз бас дәрігерлік ететін. Міне біздің кейіпкеріміз содан беріде өткен қырық жыл уақытта «Дарақ бір жерден көктеп, бір жерден тамыр жаяды» дегендей, аталған бөлімде абырой биігінде қызмет етіп келе жатыр екен.
Нағимаш апайдың еңбек жолы осы салада жүрген көптеген жас маманға үлгі десек артық айтқандық болмас. Медицина училищесін бітіріп жұмысқа түскеннен бастап осы кезге дейін қызметтес, жұмыстас  болған барша әріптестерімен тек қана сыйластықта, ауызбірлікте болып өзін жақсы жағынан ғана көрсете біліпті. Бұл да болса апамыздың ата-анадан алған жақсы тәрбиесі мен тәлімінің арқасы болса керек. Еңбек жолында өзінен үлкен аға буын дәрігерлерден алған, үйренген ізгі істері де септігін тигізгені айдан анық. Олардың қатарында Күнзира Анықова, Зәуре Мұстафаева, Сәуле Жексенбаева, Алтынкүл Төлепбергенова, Раяш Құрманбаева сияқты тәжірибелі дәрігерлердің есімдері Нағимаш Сәниқызы үшін үлкен өмір мектебі істетті.
«Осы кезге дейінгі еңбегімнің жемісі сол кісілердің берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесі деп түсінемін. Сол кісілердің көрсеткен бағытымен абыройлы еңбек етіп келемін. Олардан соң дәрігер Альбина Жұмабаевамен қызметтес болсам, қазір Ақтоты Тайбағарованың басшылығымен жұмыс жүргізудеміз» дейді сөзін  жандандырып.
Мамандығын жақсы көретін медбике жұмыс барысынан хабар беруді де есінен шығармады.
– Біздің бөлім әйелдерді емдейтін болған соң әйелге қатысты қандай да бір аурулар болса, соның бәріне дерлік ем жүргіземіз. Ауыр жағдайда келген науқастарға (кейде дәрігер келем дегенше) алғашқы көмек жасаймыз. Төсекке жатқызып, қан тамырына сұйықтық құямыз. Қан кеткен жағдайда, оның себебін анықтауға уақыт ұттырмай дереу кірісеміз. Қан қысымын өлшеп, талдау жасалынады. Біздер ем жүргізумен қатар аурудың алдын алуға да барымызды саламыз. Ана құрсағына біткен шарананың түсіп қалмауы мен сақталуына аянып қалмаймыз. Әрбір ана мен баланың денсаулығын қадағалап, түсік тастауына жол бермеуге қолдан келгенімізді жасаймыз. Себебі аяғы ауыр келіншектер қан кету орын алғанда біздің бөлімге бар үмітін арқалап келеді. Сәбиімді аман алып қалса екен дейді. Мұндайда дәрігер мен медбике жылдам қимылдап ем-домын береді. Науқасты тынышталдырып, алаңсыз демалуын назарға аламыз. Жалпы жұмыс процесі күрделі. Өйткені анаға да, балаға да күтіп жасап, олардың денсаулығына жауапкершілік аламыз. Ананың да, баланың да денсаулығының жақсарып, ауруханадан құлан-таза жазылып шығуларына мүдделіміз. Кейде аналарымыз босанған соң да науқастанып жатады. Онда да бөлім тарапынан ем шаралары жүргізіледі, – дейді марапат иесі.
Медбикенің жұмысы мұнымен шектелмейді. Аналардың жатырдан тыс жүктілікпен де бөлімге түсіп жататына аз болмайды. Ондайда тез қимылдап, науқасты отаға дайындайды. Жаңадан өмір есігін ашатын сәбидің өмірін сақтаумен қоса, сәбидің иісіне зар болып жүрген ананы да нәрестелі етуге де дайындап, ем жүргізеді. Жар сүйіп, тұрмыс құрған кей келіншектер бірнеше жыл бөпелі бола алмай қиналып жүреді. Міне, осындай сәттерде оларға рухани демеу болып, ақыл-кеңесін беру де ақ халаттылардың адамгершілік ісінен.
Әрбір бойжеткеннің арманы өмірден өз орнын тауып, отбасын құру болса Нағимаш Мұхамедиярованың бұл жағынан Алла тағала тілегін қабыл еткендей. Өмірлік серігі Жангелді Әбжалиевпен бірге өнегелі ұл-қыз өсіріп, олардан немерелер сүйіп отырған бақытты жандар. Бір қызығы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластықтары ерте оянып, мектеп қабырғасынан басталғанға ұқсайды. Ерте жастан бастау алған құрмет кейін келе отбасын құруға мұрындық болған. Бүгінде олардың Эльвира, Сабыр, Рүстем атты ұл-қызынан Сәндияр, Новелла және Айлин есімді тәтті немерелер өмірге келген. Немеренің тұңғышы – Сәндияр Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейін бітіргелі отыр. Оқу озаты алда келетін тестілеу сынағына дайындалу үстінде. Берекелі шаңырақтың үріп ауызға салған Айзада, Гүлсина атты келіндері де ене топырағынан жаратылған демекші, кішіпейіл де ибалы мінездерімен айналасына сыйлы.
«Аманшылық болса, отбасымыз жақында тағы бір перзентпен көбейеді деген жаңалықпен отырмыз» дейді Нағимаш апамыз қуанышын еселеп. Қуанбағанда ше, жұмыс істеген жеріңде еңбегің еленсе, отбасыңда дастарқан кеңінен жайылып, қонағыңның аяғы үзілмей жатса, ана үшін мұнан асқан бақыт бар дейсіз бе?!
Шаңырақтағы баланың бәрі де жоғары оқу орнын бітірген мамандар. Әрбірі өз саласын меңгеріп, еліміздің гүлденуіне үлес қосып жүрген отаншыл азаматтар.
 Нағимаш анамыз мамандығын сүюмен бірге қолы қалт еткенде жазу үстеліне отырып өлең жазатын өнері бар. Бұл шығармашылық иесі болуға әдебиетші немесе жазушы болу міндетті емес дегенді дәлелдей түссе керек. Шағын мақаламыздың соңын оның өзі шығарған өлең жолымен аяқтауды жөн көрдік.
«...Бұл мереке бақ, қуаныш әрдайым да той маған,
Медбикелер мерейлі жан адал іске бойлаған.
Таңнан кешке зыр жүгіріп, шаршамайтын шалдығып,
Ақ халатты абзал жандар елдің қамын ойлаған.
Айтар болсам, жеткізіп бір шартарапқа үнімді,
Бағалаймын жылдан артық өткен әрбір күнімді.
Баршаңызға игі тілек тілеп жырды ақтарам,
Төл мереке құтты болсын келіп қалған бүгінгі!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
12 мамыр 2022 ж. 623 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 376

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 456

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930