Бала жанына жара салмайық
qarmaqshy-tany.kz КҮЛӘШТІҢ БЕС БІРДЕЙ БАЛАСЫ БАР. ТАҢНЫҢ АТЫСЫ, КЕШТІҢ БАТЫСЫ «БАЛАЛАРЫМНЫҢ БОЛАШАҒЫ» ДЕП ТЫРАШТАНЫП ЕҢБЕК ЕТЕДІ. ӘЙТСЕ ДЕ ЖАНЫНА ЖАЛАУ БОЛАР ЕР АЗАМАТЫНАН МҮЛДЕ ҚОЛДАУ БОЛМАЙДЫ. ЖҰМЫС ІСТЕЙІН ДЕГЕН ОЙЫ ЖОҚ. ӘЙЕЛІНІҢ ТАПҚАНЫНА ЖАРМАСЫП ЖАН БАҒУДА. КҮЛӘШТІҢ КҮЙІНЕТІНІ ДЕ СОЛ.
Қарайып жанымда жүрсе болар деп өзін алдарқатпақ болса да, қыңыр мінезі мен қырсық сөзі шаңырақтың берекетін бұзғалы қашан. Балаларға сыр білдіртпейін деп бәйек болғанымен, баяғы жартас сол жартас. Шымшыма сөздері өңменінен өтіп кетеді. Әйел қырық жанды деп жатады. Шыдамдылық танытып-ақ жүр. Бірақ кейде бәріне қолды бір сілтеп кеткісі-ақ келеді. Дегенмен балалар жартылай жетім қалмасын деп бұрынғыша өмірін жалғастыра береді.
Күләштің Мейрамбекпен отасқанына отыз жылдан аса уақыт кетті. Сол жылдан бері жолдасын сүйреумен келеді. Тағдыр тауқыметіне шыдап, жадырап шығар жарқын күнге сеніп жүр.
Балалы үй базар дейді. Бірақ Мейрамбек балалардың у-шуын көтере алмайды. Қолына түскені мен қойып қалады, қағып түсіреді. Балалар әке мей ірімін емес, оның таяғын жеп өсіп келеді. Тіпті зекіп сөйлегеніне де іштей налып, әкесі қамқор өзге отбасына сүйсіне қарайды. «Менің әкем» деп қатарластары мақтана әңгімелегенде ылғи ұнжырғасы түсіп, салы суға кететін.
Таяққа балалардың еті үйренді. Әр күні әртүрлі қойылым. Бірақ бәрінің соңы «трагедиямен» аяқталады. Бұл жолғысы тіптен басқаша. «Сендей балалардың түкке керегі жоқ» деп қатты айтты. Әлгі сөзді естіген балалар да абдырап қалды. Бала болса да «керегі жоқ» деген сөзді көтере алмады. Бұны естігенше бір сыбап алғаны жақсы еді ғой деп үлкен ұл еңкілдеп қоя берді. Тәнге таяқтан түскен жара ертелі-кеш жазылар, ал жан жарасына салған солбір сөз мәңгі есте қалып қойды...
Уақыт зымырап, жылдар жылжып өте берді. Мейрамбек бақилық болды. Жаназасын шығарып, арулап жер қойнына тапсырды. Басына көктас қойды. Соны кезінде өзі «керексіз санаған» ұл-қыздары жасады. Бір кем дүние-ай десеңші. Балалар әкенің таяғын жеп өссе де, шешенің мейірімін бойына сіңірді.
Бала – шексіз бір әлем. Бала – байлық. Бірақ кейде сол қолда бар байлықтың қадірін жете түсіне бер мейміз. Оларды жақсы дү ниеге үйретіп, сабақ бергіміз келеді. Кейде оларға қарап өзіміз сабақ аламыз. Бабаларымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз құдіретіне ерекше мән берген. Сон дықтан баланы жақсы сөзбен тәрбиелеудің маңызы жоғары. Себебі әлемдегі ең қорғансыз жан ол – бала. Біз баламыз үшін барымызды, жанымызды беруге да йынбыз дейміз, бірақ кейде баланың жанына өзіміз жара салып аламыз. Жоғарыдағы мысал бұның тек бір парасы ғана. Сондықтан ата-аналар ашуды сабырға жеңдіріп, балаға ауыр сөздер айт- пауды әдетке айналдыру керек. Балаға қол жұмсау, шамадан тыс жазалау, өзге баламен салыстыру, үнемі оған көңіл толмаудың соңы жақсылыққа апармайды. Бұл баланың жанына жара салады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ