» » Біздің сауда «сауда» ма?

Біздің сауда «сауда» ма?


– Оу, Гүлзира-ау қарызды қашан қайтарасың? – деді дүкенде тұрған келіншек күңкілдеп.
Телефонның арғы жағындағы жанның айтқаны көңілінен шықпады-ау, сірә.
– Әнеугүні үйіңе іздеп бардым жоқсың. Содан өзіңнен хабар болады деп әрі жүрмін, бері жүрмін. Пенсиядан берем деп ең. Әлі жоқ, – деді саудагер тағы кейіп.
Әсілі кішігірім жерде сауданың «қарызсыз» болмайтыны белгілі. Иә, сауданы жүргізу үшін бірсыпыра қарызға беріп, айлық пен зейнетақыдан жинап алатын әдет бар. Дегенмен қарызын қайтармай, саудагерді сабылтып қоятындарға не айтуға болады? Ұялы телефон нөмірін ауыстырып жіберіп, қарызынан қашып жүретіндер тағы бар.
Жоғарыдағы әңгіме көп саудагерлерге таныс жағдай. Қарызға бермесе саудасын жүргізе алмайды. Берсе қарызын қайтара алмай тірі әлекке қалады. Қысқасы, берсе де жазықты, бермесе жақсы ат жоқтың кебі.
Саудагерді бәзбіреулер «бай» көруі мүмкін. Әрине, бәрі бірдей емес. Дей тұра бала-шағы қамы деп азын-аулақ кәсіппен күн көріп жүрген қарапайым саудагер қаншама?! Ал оларды әлгіндей қарыз алып қайтармай кететіндері күйіндіреді емес пе?!
– Кейде затыңды қарызға жаздырып алып, тауарды бір киген не қолданған соң келесі күні «алмаймын» деп әкеп тастайтындар бар. Сондайда іштей қынжылып қаласың. Ақысын төлеуді қиынсынады ма, жоқ әлде ойынан тез айнып қала ма, ол жағын білмедім. Дегенмен мұндай жағдайда тауарды қайта өткізу бізге қиындау. Екінші жағынан шығын келтіреді дүние ғой, – дейді Меруерт есімді саудагер (аты өзгертілді).
Ал енді бірі қарызын қипақтап сұрай алмайды. Кісінің көңілін жықпайын деп қарызға береді. Бірақ сұрауға тағы бата алмайды. Сатып алушы да оның жуастығын пайдаланып созбақтай береді. Ал келесі бірі «енді қарыз алмаспын» деп ғайбат сөз айтып кетеді.
Қазір инстадүкендерде «қарызды қайтармағандар» деп атын атап, түсін түстеп, фотосуретіне дейін жүктеп қоятынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Әйтсе де оған арланып, қарыз қайтаратындар некен-саяқ.
Ал енді екінші тарапты да айта кеткен жөн болар. Рас, кейбір саудагерлер сатып алушының жағдайына қарамай «қарызға тықпалап» артынша оны жаналқымнан алып сұрайтынын қайтерсіз? Бәлки бұл кей адамның момындығын пайдалану шығар деген де ой келеді.
Қазірде кез келген дүкеннің сыртында «қарызға берілмейді» деген ескертпе қағаз іліп қояды. Қарызын қайтармай әбіргерге түскен жан осылай істемегенде қайтсін?! Десе де халық әлі қарызға сұраумен келеді.
Түйін
Әсілі, қарыз қайтарымының болғаны қайырлы болмақ. Қарыз алмаңыз, алсаңыз міндетті түрде қайтарыңыз. Өмір – бумеранг. Бүгін сіз қарызыңызды бермесеңіз, ертең сізге де өзгелер қарызын қайтармайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 наурыз 2021 ж. 547 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 346

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 428

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930